Кәсібіңді дамытқың келсе, «Дамуға» бар

Бүгінде несие алмайтын адам кемде-кем. Алайда банкке немесе өзге де қаржы институтына бармас бұрын, алдымен оның қайсысының пайызы төмен, қандай жеңілдіктер қарастырылған, шарттары қалай, егжей-тегжейлі біліп алып барған жөн. Осы орайда, облыс тұрғындарына өзінің тиімді шарттарын таныстыру мақсатында жуырда «Бәйтерек» «ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Ашық есік» күнін өткізді.

Құрылғанына биыл 25 жыл толып отырған бұл қаржы ұйымының негізгі мақсаты – «Ұлттық қордан», мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден тартылған қаражат есебінен кәсіпкерлерге барынша ыңғайлы және ашық қаржылай қолдау көрсету.

– 25 жыл ішінде облыс бойынша қордың аймақтық филиалы жалпы сомасы 88,5 миллиард теңге мөлшерінде 14,2 мыңнан астам жобаны қолдады. Қазіргі уақытта біз елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудамыз. Атап айтсақ, оның біріншісі 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба болса, келесісі «Қарапайым заттар экономикасы», үшіншісі «Береке» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы. Негізінен осы үш бағдарламаның алғашқы екеуі бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Айта кетерлігі, бұл бағдарламалар арқылы берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі небәрі 6 пайыз. Ауылдық жерлерге субсидиялау арқылы тіпті 5 пайыз.

Біз кәсіпкердің бизнесін қаржыландыруымыз үшін банктен мақұлдау болса жеткілікті. Сұралатын құжаттар саны да әлдеқайда азайып, талаптар жеңілдетілген. Шаруа бастаймын немесе кәсібімді кеңейтемін деген кез келген жанға жөн сілтеп, тиімді шарттармен ісін дөңгелетуге септігімізді тигізуге дайынбыз, – дейді аймақтық филиал директоры Бақытжан Исаков.

Келесі кезекте «Ашық есік» күніне келген кәсіпкерлер мен журналистерге «ЦентрКредит» банкі облыстағы филиалының корпоративтік менеджері Динара Естаева несие алудың тиімді жолдарын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, банктің ең басты талабы – несие тарихы. «Ел арасында несие тарихы бұзылса, ол бірнеше жылдан соң базадан өшіп кетеді» деген сыңайдағы әңгімелер айтылады екен. Бұл – бос сөз. Егер несие тарихы бұзылған болса, оны жөндеудің жолы – кішігірім, заттай несиелер алып, оны уақтылы төлеп, қайта жақсартуға болады», – дейді менеджер.

Мұнан соң филиал директоры Бақытжан Оразқұлұлы журналистерді кеңес беру, қаржылық қолдау, мониторингтік бөлімнің жұмыстарымен жеке-жеке таныстырып, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА