«Кәсібіңізді өркендеткіңіз келсе, бізге келіңіз», — дейді Қазалыдағы Кәсіпкерлер палатасы

Мемлекет қолдауы әртүрлі ауыл-аймақ тұрғындарына, шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне қолжетімді болды. Бүгінде кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын ұлттық Кәсіпкерлер палатасының филиалдары өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуда айтарлықтай үлес қосып отыр. Оған Қазалы ауданында кәсіпкерлікке бет бұрған жандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, тұрғындардың өз кәсіптерінің жемісін де көріп үлгергендіктері айғақ бола алады. Осы орайда облыстық Кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданы филиалының директоры Ермек Аймаханов мырзамен өңірдің экономи-калық тыныс-тіршілігі туралы сұхбаттасқан едік.

— Ермек Жұмажанұлы, өзіңіз басқаратын Қазалыдағы Кәсіпкерлер палатасының жұмысы туралы аз-кем баяндап өтсеңіз. Палата жұмысын қашан бастап еді?
— Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы өз жұмысын 2014 жылдың мамыр айынан бастады. Аудандық филиалдың негізгі міндеті — кәсіпкерлердің мүдделерін қолдап, құқықтарын қорғау, кәсіби бағдар беру, сервистік қолдау көрсету, кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына, сонымен қатар құжаттар жинақтауда сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуге көмектесу. Біздің қызметіміздің барлығы дерлік тегін көрсетіледі.

— Ауданда шағын және орта бизнестің жағдайы қалай? Негізінен қандай өнімдер өндіріледі?
— Ауданымызда қазіргі таңда кәсіпкер болуға ниетті азаматтар күн санап артып келеді. Әсіресе жастар белсенділігі жоғары. Шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты да келелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданымызда бүгінгі күнге 4 118 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жұмыс жасайды, оның ішінде жеке кәсіпкерлер саны — 3 622. Онда жұмыспен қамтылғандар саны — 8680 адам. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, яғни мал өсіру мен дақыл егуге бет бұруда. Ауданымызда сүт, шұжық, нан өнімдері мен құрылыс бұйымдарын шығаратын цехтар жоғары тапсырыспен жұмыс жасауда. Өткен мамыр айында «Жас кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер» атты Қазалы ауданы жас кәсіпкерлерінің форумы болып өтті. Форум аясында жас кәсіпкер Еркін Алданазаровтың жалпы құны 20,0 млн. теңге құрайтын «Тамшы су» өндіру цехының ашылу салтанаты өтті. Су өндіру цехы Әйтеке би кентіндегі Өндірістік аймаққа орналасқан. Жобаның іске асырылуына филиал тарапынан бизнес жоспар әзірленіп, тиісті құжаттар жинақталып, кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде «Қызылорда» Өңірлік инвенстициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС-нен қажетті қосымша 8,0 млн. теңге қаржы алынды. Цехта жаңадан тұрақты 5 жұмыс орны ашылды.

— Осы уақытқа дейін аудандық Кәсіпкерлер палатасының қолдауы-мен қанша инвестициялық жоба қаржыландырылды? Сіздердің қол-дауларыңызбен өз кәсібін гүлденді-ріп, «аяққа тұрғандар» қаншалықты көп? Жалпы ауданда кәсіпкерлік субъектілерінің даму үрдісі қандай?
— Ауданымызда инвестициялық жобалардың беталысы жаман емес. Мәселен, 2015 жыл көлемінде 1 503 адамға мемлекеттік бағдарламалар бойынша 5337 әртүрлі кеңестер берілді. 221 сервистік қызмет көрсетілді. Кеңес беру нәтижесінде 27 жоба 225,9 млн. теңге көлемінде несие беріледі.
«Қызылорда» Өңірлік Инвестиция-лық Орталығы» МҚҰ» ЖШС-нен жалпы көлемі 75,9 млн. теңгені құрайтын 13 жоба кеңес отырысының оң шешімін алған. Оның ішінде: 10 жоба 57,4 млн. теңге көлемінде алса, екінші дәрежелі банктер арқылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында барлығы 5 жоба 110,1 млн.теңге көлемінде несие алынды. Алынған несиелердің жылдық үстеме пайызына «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы жалпы құны 110,1 млн. теңгені құрайтын 5 жоба субсидияланды. Филиал тарапынан кеңес беріліп, бизнес жоспар әзірленген еді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 18 жоба 37,0 млн. теңге көлемінде несие қаражатымен қаржыландырылған. Оның ішінде филиалдың сүйемелдеуімен 8 жоба 18,0 млн. теңге көлемінде несиемен, «Эко-Даму» бағдарламасы бойынша 13 жоба 35,4 млн. теңге қаржыландырылды. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант бойынша ЖК «Асылмұра» жеке кәсіпкер Каниев Мейрімжанның 2,0 млн. теңге көлеміндегі «Сыйлықтарға гравировка жасау» жобасы бойынша грант жеңіп алды. Оған да филиал тарапынан кеңес беріліп, бизнес жоспар әзірленіп берілді.

IMG-20140722-WA0004-1024x768

— Кәсіпкерлер палатасы жұмысының тағы бір жауапкершілігі — кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау. Осы үдеден қаншалықты шығып жатырсыздар?
— Аудандық прокуратурамен бірлес-кен өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл туралы іс-шаралар жоспары негізінде Меморандум жасалған болатын. Сонымен қатар «Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарын дайындауда бірлескен тәжірибелік жобаны іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, кәсіпкерлерді құқықтық қолдау мақсатында жұмыстар ұдайы жүргізіледі. Тұрақты түрде кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіледі.
Сонымен қатар, филиал директоры ретінде, ауданда жергілікті атқарушы органдармен құрылған 10 комиссиясының мүшесі ретінде бекітілген нормативтік-құқықтық актілер арқылы жұмыс жасаудамыз. Әрбір өткізілген комиссия отырысында кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделері қорғалады.

— Ермек Жұмажанұлы, кәсіп-керлердің несие алуы көп жағдайда проблема туғызатыны жасырын емес. Бұл мәселе аудан көлемінде қалай шешілуде?
— Ауданымызда «Халық Банкі», «КазКом» банктері жұмыс жасайды. Алайда екінші дәрежелі банктердің шағын және орта бизнес бойынша бөлімі жоқ. Кәсіпкерлер несие алу үшін облыс орталығына жүгінулеріне тура келеді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында екінші дәрежелі банктерден несие алу жолы күрделілеу. Себебі бастамашыл /Старт ап/ кәсіпкерлерге қойылатын орынсыз талаптар көп. Талап бойынша елді мекендердегі кепілге қойылатын үйлер кірпіштен салынған болу керек. Алайда үйлердің барлығы дерлік карказдан, яғни қамыстан салынған. Осыған орай несие алуда қиындық туғызатыны бар.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Нұргүл Жамбылқызы