Қасиет құрсақта қонады
Қолына «сотка» түскен кішкентай баланың саусақтары жып-жып етіп, әріп танымай жатып-ақ қажетті пернелерді дөп басатынын көргенде «іштен біліп туғанын» айтарыңыз анық. Жалпы, баланың заманауи электронды техникаларды тез «түсінуіне» немесе ерекше бір қабілетіне қатысты таңдана отырып, «іштен» біліп туатынымен байланыстырушылар көп. Бұл сөздің жаны бар. Олай дейтініміз, баланы ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ескерсе, қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы әлемнің немесе дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеген.
Оңтүстік өңірінде «Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме», деген сөз бар. Әр ауданның адами қасиеттерімен байланыстырылатын өзіндік бір ерекшелігі болады. Созақта шертпе күйдің негізін салған Сүгір Әліұлы бастаған әйгілі күйшілер Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Жаппас Қаламбаев сынды таланттар шоғырланса, тау бөктеріндегі Төлеби ауданынан 17 КСРО суретшілер одағының (кейінірек танылған дарындылар есебінен бұл санның ұлғайғаны анық) мүшесі шыққан. Ана құрсағындағы балаға сыртқы әлемнің әсері барын өңірлердегі осындай ерекшеліктерден де аңғаруға болады. Бәлкім, таланттар шоғырланған өңірде болашақ ана сұлу табиғат көріністерін тамашалап, әсем ән-күй тыңдап, алған әсерін жан-күй тебіренісі арқылы іштегі нәрестеге жеткізе білген болар. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шаранаға тылсым табиғатты, жел толқыта тербеп тұрған көк шөптің сыбдырын сездіре, бесік жырының нәзік әуенімен балқыта алған болар.
Талантты суретшілер көптеп дүниеге келген Төлеби ауданының тумасы, қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ресей, Қырғызстан, Чехия Көркемсурет академиясының академигі, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Ерболат Төлепбай өз туындыларында жақсы адамдар үміт ететін үндестік пен таңданыс тудыратын қайшылықтың көрінісі бейнеленетінін айтып еді.
«Мені қарапайым адамдардың образы қызықтырады. Олардың қоңыртөбел өмірінде әжім түскен бейнет бар. Адалдық иісі аңқып тұрады. Қалыпты мінезі өзгеріссіз көрінеді. Мені дүниені жалпағынан басып жүрген жанның, мейлі ол қайраткер болсын, образы, ішкі жан-дүниесі түк қызықтырмайды. Екіншіден, бұл өмірден түңілген, өз тағдырына өзі кесел келтірген, қаңғыбастар тобына қосылған адамдардың болмысына үңілгім де келмейді. Ақ шаңырағында бала-шағасын өсіріп, мәпелеп тәрбиелеп отырған пәк пенделердің образы жүрегіме жылы.
Әрине, идеологияның қыспағына төзу, шыдас беру қиын соғатынын жақсы білемін. Оны мен өз басымнан өткергенмін. Бірақ сіз менің бір шығармамнан да социалистік реализмге қызмет еткен реңк таба алмайсыз. Ондай бірде-бір картина жоқ. Мен сол заманда-ақ томаға тұйықтық пен догматизмге қарсы ойымды білдірген туындыларымды шығардым. Тұспалдап жеткіздім. Адамдық асқақ қасиетті боямасыз биікке көтеруге тырыстым. Біреу опат болса, ол жеке адамның шаруасы деген идеяға қарсы болдым. Адамдық тепе-теңдікті сақтау, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажырату мәнісіне жаратылыстың заңдылығымен түйсініп үңілдім», – деген еді Орта Азия мен Қазақстан суретшілері арасында алғаш болып Мәскеудегі мемлекеттік Третьяков галереясында жеке көрмесін ұйымдастырған, Сальвадор Дали атындағы халықаралық жүлденің иегері Е.Төлепбай ілгеріде бір сұхбаттасқанымызда.
Бүгінде өнердің қолдау тауып, дамығанын қалайтын қылқалам шеберінің жоғарыда айтқан әңгімесінен-ақ өсіп-өнген ортасын аңғаруға болады. Орта демекші, есімі елге танымал суретші Тоқболат Тоғысбаев Ерболатпен туған ағалы-інілі болып келсе, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ гобеленінің негізін салған Құрасбек Тыныбеков, таэквондодан 6-дан иегері, дарынды суретші Бексейіт Түлкиев Тоқболаттың соңынан ерген іні-шәкірттері. Төлеби ауданында осы үш талантты өнер иелерінің атында мектеп бар және аудан орталығында галерея ашылған.
Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастама көтеріп отырғанын айта кетелік. Суретшілерді қолдау, өнерін насихаттау, пікір алмасу, сондай-ақ, осы бағытты дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылау мақсатында облыстық бейнелеу өнері музейінде болған облыс басшысы көркемсурет галереясын салу туралы тапсырма бергенін мәлім еткен-ді. Өңірде руханият саласының өрістеуіне, өнер мен әдебиет әлемінің дамуына мүдделілік танытқан облыс әкімі көркемсурет галереясына бір айда екі рет барып, Суретшілер одағының мүшелерімен өзекті мәселелерді талқылады. Шығармашылық өкілдерінің жұмысын тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде көрме ұйымдастыру арқылы өткізу керектігін айтты. Сондай-ақ, Жансейiт Қансейiтұлы бейнелеу өнерi музейiне елге танымал суретші Тоқболат Тоғысбаевтың есiмiн беру жөнiнде ұсынысты қолдайтынын жеткiздi.
Біз жоғарыда айтып өткен талантты суретші Ерболат Төлепбайдың, бейнелеу өнері музейіне есімі берілгелі отырған қылқалам шебері Тоқболат Тоғысбаевтың да, шертпе күйдің негізін салған Сүгір Әліұлының да ана құрсағындағы тәрбиесі ерекше болғаны даусыз. Аталарымыз бала ана құрсағында жатқанда анасы нені көп үйренсе, кейін сол нәрсені тез игеріп алатынын білген. Әлгі зиянды жақтары жиі айтылып жүрген «соткаңызды» баланың тез «түсінетіні» де сондықтан. Демек, баланы ана құрсағынан бастап тәрбиелеу, зиянды нәрседен аулақ болып, жақсылыққа ұмтылуы маңызды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы