Қасиетті айдың қадірін білейік
Қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, ораза ұстаушылар өте көп жақсылықтар мен сауаптарға ие болады. Рамазан айы басталар сәтте аспаннан Жебірейіл періште түсіп, ораза ұстаушылардың күнәлары кешірілгенін айтып, бірақ төмендегі төрт санатқа жататындардың күнәсі кешірілмейтінін ескертеді екен.
Оның біріншісі, ішімдікке қатысты. Ащы суды сатқан, тасымалдаған, сатып алған, ішкен, ішуіне себепкер болған, ішкендердің қасында отырған кісілердің жазасы жеңілдемейді екен. Екінші, ата-анасына мейірімсіздік көрсеткендер. Ата-анасына салқын қабақ танытқандарды Жаратушы да жазалайды дейді. Үшіншісі, болмашы нәрсеге бола туған бауырмен үш күннен артық қарым-қатынасты үзгендер. Төртіншісі, кешірімшіл болмағандарға Жаратушының жазасы жеңілдемейді екен.
Бір жолы екі сахаба өкпелесіп қалады. Содан түн ішінде өкпелескеннің үлкені кіші сахабаның есігін қағып, кешірім сұрапты. Кіші сахаба жасы үлкен кісінің бұл даналығына риза болып, екеуі сол жерде татуласыпты. Кешірім деген – үлкен қасиет.
Сонымен, егер ықыласпен ораза ұстасақ, Алла бүкіл күнәмізді кешіріп, жанымызды тазартады. Оған ықпал ететін нәрселер – қолымыздан келетін қадамдар екен. Біріншісі, ішімдіктен мүлдем аулақ болып, оған алып баратын жолдардан қашық жүру. Алланың ықыласы түсу үшін мұндай қадамнан қашуға бола ма? Әрине, болады. Екіншісі, ата-анаға жылы сөйлеу. Егер ата-анамыз бар болса, ол кісілерге жылы сөйлеп, мейірім төгіп, қабағына қарау қолымыздан келе ме? Әрине, келеді. Өзіміздің көңіліміз қаласа ол ауыр жұмыс емес. Туған бауырмен тату болу ше? Бір ананың құрсағына сыйғандардың мынау кең дүниеде тату- тәтті ғұмыр кешуі қиын ба? Бұл да қолымыздан келеді-ау! Төртіншісі, кешірімді болу. Өмір болған соң бір кісілермен ренжісіп қаламыз. Сол кісілерден кешірім сұрау да қиын емес. Осындай жақсы әдеттерді серік етсек, Алла біздің барлық жазамызды жеңілдетіп, кешірім жасаймын деп Жебірейіл періште арқылы уәде берген.
Ендеше, қасиетті Рамазан айында бір-бірімізді қолдап, жылы сөз айтып, жақсы сөз сөйлеу – сауапты іс. Жоғарыда айтқан төрт мәселеге лайықты болуда өзекті. Сондықтан, ораза кезінде осынау ізгі істер туралы да ойлана жүрген мақұл. Мүмкін, әдетіңіз бен әдебіңізге айналып, өміріңіз жақсы жағына өзгерер. Сол өзгеріс сізге де, айналаңыздағы барша адамдарға да пайдалы болар.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ, aqjolgazet.kz