Қасиетті қара қазан

Немерелерімді жетектеп көшені жағалап келе жатыр едім, қалтаға салынған нанның қалдықтары шашылып жатыр екен. Немерелерім көріп: «Әже, нанды бұлай тастауға болмайды ғой, обал болады», — деп, жерден теріп алды. Жоғары қоятын жер таппай, қоқыс салатын жәшіктердің қасына келіп, табан астында тапталмасын деп, биіктеу жерге іліп қойдық. Адамдардың мұндай астамшылығына төрт жасар немерем қатты ренжіді. Ал Сирия секілді елдерде соғыс болып жатқандықтан, қарапайым халық бір түйір нан таппай, аштықтан қырылып жатыр.

Ойға шомып, қасиетті қара нанымыздың аяқ астында тапталып жатқанына ренжіп келе жатсақ, Момышұлы мен Ұлықбек көшесінің қиылысында екі үлкен кісі бір топ көгершінге нан шашып жүр екен. «Қолда барда алтынның қадірі болмайтынын-ай!» — дедім өзегімді өкініш кернеп.

Тағы бірде отбасымызбен араласып кеткен бір құрбымның айтқан мына әңгімесі есімнен кетпейді. «Ата-әжем, әкем-шешем, жеті бала — барлығымыз екі бөлмелі бір үйде тұрдық. Жазда кеңшілік, далада ойнаймыз, аулада ұйықтаймыз, ал қыста қиын, аядай екі бөлмеде сонша жан тұрамыз. Шағындау бір қазанымыз бар. Таңертең анамыз сиыр сауып, сол қазанға сүт пісіреді. Артынша оны тазалап жуып, шай қайнатады. Түсте сол қазанға тамақ әзірлейді. Оны жуып-тазалап, су қайнатып, кір жуамыз. Сол қазанға тосап жасап, қаймақ қайнатамыз, нанды да сол қазанға ашытамыз. Кешкі асты да сол қазанға жасаймыз. Тамақты ортаға бір ыдысқа екі бөліп қоямыз, жан-жағына қасық беріп, бір ыдыстан тамақ ішеміз. Сабақ оқитын жер де жоқ. Етбетімізден жатып, сығырайған май шамның жарығымен сабақ оқимыз. Қыздар да, ұлдар да бір-біріміздің киімдерімізді киіп өстік. Білім алдық, ер балалар үйленіп, қыздар тұрмыс құрдық. Қазіргі тіршілігіміз орташа. Біреуден ілгері, біреуден кейін. Өзімнің екі қыз, бір ұлым бар. Әрқайсысынан екі-үштен немерем бар. Барлығына шүкір. Бес уақыт намаз оқимын. «Анау керек, мынау керек демеңдер, қанша адам бір қазанмен ас пісіріп өстік. Барлығы рет-ретімен болады» деймін. Жақсы үй, көлік, жиһаз, техника — барлығы да балаларымда бар. Бірақ маған сол баяғы жалғыз қазанмен өмір сүрген кезім ұнайды. Бізге ауызбіршілікті, отбасының тәрбиесін, қиыншылықты жеңуді, үлкендерді сыйлауды, сол «бір қазан» үйреткен сияқты». Осылай деген құрбым бүгінгі күні аста-төк ысырап болып жатқан дүниеге жаны ашитынын айтып, мұңайып қалды.

Иә, біз қазір қасиетті асымызды қоқысқа шашып тастайтын болдық. Бала шағымызда нанның бір түйірінің де жерге түспеуін қатты қадағалайтын едік. Қазір бір тістеген нанды екінші рет жемей тастаймыз. Бұл не? Астамшылдық па, әлде тойынғандық па? Соғыс кезінде бір уыс бидайға зар болған халқымызды немесе атабабаларымыз бастан кешкен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарындағы қасіретті жылдарды, 1931-32 жылғы халық басына төнген нәубетті жұт жылын неге ұрпағымызға айтып отырмаймыз? Теледидардан адам қорқатын мультфильмдерді көрсеткенше, тәрбиесі бар, отбасымен көретін фильмдерді неге көрсетпейміз? Нансыз өмір жоқ. Шетелдерге барғанда нан сұрасақ, жұп-жұқа нан әкеліп береді. Олар нанның қадірін біледі, сондықтан оның киесінен қорқады. Ал елімізде екі жыл бұрын солтүстік облыстарда қардың астында қаншама астық орылмай қалып, ысырап болды. Оның обалы кімге? «Арпа бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деп, дана халқымыз нанды айрықша құрметтеп, бағалай білген. Ас атасы — нанның қадірін білейік, ағайын. Балаларымызға, немерелерімізге нанның қасиеті туралы айтудан жалықпайық.

Африза Айтбаева