Қасиетті Қарқарадағы ұлы той

Сонау бір ғасыр  бұрын ақ патша әскерінің   қазаққа жасаған озбырлығы, бірінші дүниежүзілік соғысқа қылшылдаған жас жігіттерді қара жұмысқа жегу үшін шығарылған әйгілі «Июнь жарлығына» наразылық танытқан  халықтың жанайқайы, қарулы солдаттарға қарсы «жан беріп, жан алысқан»  көтерілісі қираған шаңырақ, сынған бесік, шытынаған қазан, бей-берекет құлаған мәйіт түрінде берілген. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық ұмытылмас  ерлікті дәріптейтін, намысты қамшылайтын тарихи оқиғаға арналған «Қарқара-Ереуіл» қоғамдық қорының демеушілігімен орнатылған  ескерткіш осы өңірдің  талантты ұлдарының бірі,  КСРО Архитекторлар, ҚР Сәулетшілер одағының  мүшесі Жамбыл Кекіловтың туындысы. 

Тарихи кешеннің ашылу салтанатына КСРО Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Халық әртісі, профессор Есмұқан Обаев, халық әртісі Алтынбек Қоразбаев және тағы басқа қоғам және мемлекет қайраткерлері  қатысты.  Алғашқы сөзді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев  алып, өңірде бой көтерген ескерткіштердің тарихына  тоқталып  өтті.

— Жер жаннаты Жетісу өлкесінде жалпы саны 2 мың 338 ескерткіш бар. Оның төртеуі бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енсе, сегізінің республикалық маңызы бар. Қалғаны жергілікті тарихтан сыр шертетін нысандар. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғарғы мәдени байланыстың, өзара ынтымақтастықтың жарқын үлгісі ретінде маусым айында Анкара қаласында Сүйінбай Аронұлының бюстін ресми түрде аштық, — деді лауазым иесі.

— Бүгінгі ашылған  «Тарихқа тағзым» мемориалды кешенінің маңызы өте зор. Елдік, отансүйгіштік сезімдер ең алдымен туған жеріңді сүюден, туған топырағыңа тағзым етуден, құрметтеуден, өскелең ұрпаққа рухани қолдау көрсетуден бастау алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әрбір отбасы, әрбір ауыл, әрбір еңбеккер елінің өскенін, өнгенін, оның әлеуметтік жағынан қорғалуын сезінуі керек» деген еді. Осы ретте «Туған жерге тағзым» атты акцияның шеңберінде жетісулық нағыз патриот жандардың демеушілігімен аймағымызда көптеген әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілді, тұрмысы төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді. Сол игі істердің жалғасы болған «Қарқара — Ереуіл» қорының бастамасымен салынған бұл тарихи ескерткіш тәуелсіздікті аңсаған бабаларымыздың рухына құрмет деп білемін. Жанболат Әкебайұлы бастаған азаматтар Жетісудың ғана емес, бүкіл қазақтың қамқоршылары. Сіздердің бұл бастамаларыңыз жастарға үлгі-өнеге. Осыдан 100 жыл бұрын болған Ереуілтөбедегі оқиғаны ұмытпай, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын паш ететін бұл ескерткіш баршамыз тәу ететін киелі орынға айналады деп сенемін.

7841

Осы салтанатты тойдың құрметті қонағы Асанәлі Әшімов те кешеннің ашылу маңызына кеңінен тоқталып, тың ойларын ортаға салды. Театр өнерінің тарланы, сол аймақтың төл перзенті Есмұқан Обаев та тас тұғырдың сәндік үшін тұрғызылмағанын айта келіп, тарихымызды түгендеп, бабаларымызға құрмет көрсететін мәні зор орын екенін де жеткізді. «Қарқара — Ереуіл» қорының басшысы Жанболат Жөргембаев та атқарылған жұмыс жайлы кеңінен тоқталды. Сонымен бірге жиналған дүйім жұртқа ауданның Құрметті азаматы Совет Оразаев ақсақал бата беріп, еңбек ардагеріне лайықты құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды. Бұдан соң алыс-жақыннан жиналған көпшілік Қарқара жайлауын бетке алып, Ереуілтөбеге Құран бағыштауға аттанды.

Ерлік пен елдіктің үлгісі болған Ереуілтөбе

Бүгінде кең-байтақ Қарқара жайлауының қақ ортасынан мен мұндалап көрінетін киелі мекен көпшіліктің тәу ететін орнына айналған. Себебі жан-жақтан ағылған көпшілікті патша әскерінің Фон Берг, Иванов есімді жазалаушы жендеттері кездескен жерінде сұраусыз атып отырған. Бір шеті Қырғызстанмен шектесетін Қарқара жазығында 1110 қазақты атып, асып, шауып, өртеп өлтіргендерін сол кезде мақтанышпен жазған екен.

Бүгінде той дүбірі естіліп жатқан бұл жасыл өңір осыдан 100 жыл бұрын қан кешкені ақиқат. Қанды қырғыннан бой тасалап, жанымен әуре болған дәрменсіз халық далада қаншама мәйіттің көмусіз қалғанын санап та үлгермеді. Жазалаушы отрядтар үш күннің ішінде кеудесінде жаны бар қазақтың барлығын қанын судай шашып, аяусыз өлтіріп, аяғы ауыр әйелдердің ішін жарған. Еркек кіндіктіні сөзге келтірмей атқан жауыздар еңбектеген сәбилерді мылтығының ұшына шаншыды, әйел атаулыны зорлап, бүлдіршін қыздарды ат артына салды. Сай-сала, ойпат-жырасы қанға толған жайлаудың қара топырағы ғана шейіт болғандардың сүйегін жасырды. Содан бері талай су ақты, талай заманның жүзі ауысты. Алайда бұл қанды қырғын оқиғасы ауыздан-ауызға көшіп, халықтың жадында жазылып қалды. Содан бері жазықсыз ажал құшқан марқұмдарға Құран бағыштау, дұға арнау дәстүрге айналды.

Бүгінде Ереуілтөбенің басына орнатылған балбалтастың жанында Райымбек ауданының имамы қасиетті Құран Кәрімнің «Хашр» сүресінің соңғы 3 аятын оқыды. Одан кейін сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы Ереуілтөбенің тарихына тоқталып өтті. Ақындар Ерлан Жүніс, Жұматай Әміреев, Думан Бәзілжанұлы жазықсыз жапа шеккен қандастарымызға арнау өлеңдерін оқып, көпшіліктің көңілін жалынды жырмен серпілтті.

«Мың өліп, мың тірілген» қазағым

Бүгінгі Қарқара жайлауындағы өткізіліп жатқан тойға деген халықтың ықыласының шегі жоқ екенін бірден байқадық. Жергілікті полиция қызметінің деректеріне қарағанда, келген автотранспорт саны сегіз мыңнан асып жығылыпты. Дүбірлі тойға келген қырық мыңнан астам халық Қарқара төсін қайыстырғандай әсер етті. Ұзын-ырғасы жүзге жетіп жығылатын ақ шаңқан киіз үйлер орналасқан маңға бет алған халықтың шат-шадыман көңілдерінің куәсі болдық. Дәл ортадағы сахнаны қоршай орналасқан көпшілік Алтынбек Қоразбаев секілді өнер қайраткерінің, Бауыржан Бабажанұлы сынды ақынның, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжанның, «Қарқара — Ереуіл» қорының басшысы Жанболат Жөргембаев сияқты ел азаматының жүрекжарды тілектерін тыңдады. Дүбірлі тойға жиналған үлкенкішіге облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін тағы бір мәрте жеткізген орынбасары Бақтияр Өнербаев:

— Біздің қол жеткізген табысымыздың бәрі Тәуелсіздігіміздің және мемлекеттің жаңа саяси бағытының арқасы. Биыл ғасырлар бойғы арман болған ел тәуелсіздігіне 25 жыл! — деп, Жетісу өңірінде атқарылып жатқан мәдени шараларға тоқталып өтті. — Тәуелсіздік — бабалар қанымен суарылып, асыл арманмен қанаттанған ең қасиетті ұғым. Тәуелсіздігіміздің қайнар көзі — қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Тәуелсіздіктің мерейлі тойымен бірге биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы да аталып өтілуде. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіз ел болу мәртебесін көру — бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. «Бақ бағалағанның басында тұрады» дейді дана халқымыз. Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету — біздің ортақ парызымыз.

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар Қарасаз ауылында өткен облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауымен басталғанын, одан соң Талдықорғанда қылқалам шеберлерінің байқау-көрмесі, республикалық жыршылар байқауы өткенін атап өтті. Ал алдағы қыркүйек айында Алматы қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференция Қарқара көтерілісін ғылыми тұрғыдан пайымдауға мүмкіндік береді.

Дүбірлі тойға жиналған қалың жұртты Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжанның сөйлеген сөзі дүр сілкіндірді. Ұлы Даланы мекендеген Абылай хан, Үйсін Райымбек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Ер Қарасай сынды батыр бабаларымыздың Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың, Сыр мен Шудың арасында азаттық үшін арпалыс өткізгеніне тоқталған қарымды қаламгер осыдан 100 жыл бұрынғы оқиғаларға тоқталды. Жанарбек ақын бұдан соң бабалар ерлігінің 100 жылдығына орай көптеген шаралардың атқарылуына ықпал жасаған облыс әкімі Амандық Баталовқа ақынжазушылардың атынан алғыс білдіріп, өңір жетекшісінің қолдауымен «Ан-Арыс» баспасынан Қарқара көтерілісіне арналған 7 томдық кітаптың шыққандығын құлаққағыс етті. Онда Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі, ел ағасы Сейдәлім Тәнекеевтің «1916. Қарқара-Албан көтерілісі» атты зерттеу еңбегі, көрнекті қаламгер Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» атты жаңа романы, тарихи құжаттар топтамасы, сол замандағы ақындардың жыр-дастандары енгізілген. Ауқымды сахнаның аумағына жиналған көпшілік бұдан соң облыстық Сүйінбай атындағы филармония әртістерінің және арнайы барған көптеген өнер иелерінің концертін тамашалап, мерекелік көңіл күймен қауышты.

Көкпар мен бәйге — той сәні

Одан кейін Қарқара өзенінің аңғарындағы кең жазыққа жиналған көпшіліктің назары осы салтанатты шараға орай ұйымдастырылған көкпар мен бәйгеге ауды. Құнан бәйгеде бірінші орынды талассыз алған Алакөл ауданы, Үшарал қаласының жүйрігіне мінген шабандоз Диас Жұмаш «Лада гранта» автокөлігін иеленсе, Көксу ауданы, Балпық би кентінен келген Құрманбек Болатханұлы екінші орынның 200 мың теңгесін, Райымбек ауданы, Саты ауылының шабандозы Ермек Үркімбаев үшінші орынның 150 мың теңгесін еншіледі. Одан бөлек, төртінші орынға тігілген 100 мың теңгені Жамбыл ауданы, Көкбастау ауылынан келген Ильшат Баймұқанов, бесінші орынға тігілген 50 мың теңгені Ескелді ауданының Жалғызағаш ауылынан келген Нұржан Аманжолов иеленді.

Қазақ жылқының ішінде жорғаны ерекше құрметтеген. Қарқара жайлауына жиналған көпшілік жорға жарысын тапжылмай отырып тамашалап, шын жүйріктің жүрісін жақсылыққа балады. Төрт аяғын тең басқан жүрісті жылқылардың арасында 5 жүйрікке жүлде тағайындағандар бірінші орынға тігілген «Лада гранта» автокөлігін көршілес қырғыз елінен келген Таңатбек Мейрамқұлұлының қанжығасына байлады. Одан кейін екінші орынды Астана қаласының жорғасы еншілеп, Перевпиев есімді шабандозы 200 мың теңгенің жүлдесін еншіледі. Үшінші орынға тігілген 150 мың теңгені Р а й ы м б е к ауданы, Қарқара ауылының тұрғыны Мейрамбек Ниязов, төртінші орынның 100 мың теңгесі мен бесінші орынның 50 мың теңгесін Райымбек ауданы, Бөлексаз ауылының қос жорғасына мінген Мирас Бектұрсын мен Нұрхан Бектұрсын иеленді.

Таулы жердің табиғаты ерекше. Жарқырап тұрған күн аяқастынан нілдей бұзылып, бұршақты жауын құя салды. Дәл 16 шақырымдық «Топ бәйге» басталғанда көпшілікті әбігерге салған дауылды боран бәйге өтіп жатқан жерге ентелеп жетіп қалған еді. Сөйтіп, 1-орынды Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген Ақжол Жұматай жеңіл автокөлік иеленсе, екінші орынға тігілген 200 мың теңгені Жамбыл ауданы, Беріктас ауылынан Ержігіт Төлегенов, үшінші орынға тігілген 150 мың теңгені Жамбыл ауданы, Беріктас ауылынан Асхат Омаров, төртінші орынға тігілген 100 мың теңгені Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылынан келген Елдар Айтбаев еншіледі.

Ұзақтығы 25 шақырымдық кіші аламаннан бірінші келіп, көпшіліктің мерейін асырған Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны Ақпар Өсербаев «Уаз Патриот» көлігін еншілесе, сонау Маңғыстау облысы, Ақтау қаласынан келген Бағдәулет Меңдібаев екінші орынға тігілген 300 мың теңгені, Алакөл ауданы, Үшарал қаласынан келген Диас Жұмаш үшінші орынға тігілген 150 мың теңгені, Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылынан келген Дәурен Абылай төртінші орынға тігілген 100 мың теңгені, Райымбек ауданы, Қарқара ауылының тұрғыны Бауыржан Ашықов бесінші орынға тігілген 50 мың теңгені иеленді.

Бұдан соң көпшілік 43 шақырымдық ұлы аламанды демін ішіне тарта отырып тамашалады. «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек…» деген халық даналығы мың мәрте рас екендігін Алакөл ауданы, Үшарал қаласынан келген жүйрік дәлелдеді. Ә дегеннен өзгелерден оқ бойы озып шыққан ерен жүйрік 15 айналымда шабысынан танбай, мәреге дейін тынбай шапты. Тіпті, оза шапсам деген дәмелі жылқыларды жарты шақырым артқа тастаған шабандоз Диас Жұмаш жол талғамайтын «Уаз Патриот» автокөлігін талассыз иеленді. Одан кейінгі екінші орынға табан тіреген Жамбыл ауданы, Аққайнар ауылының шабандозы Азат Мұқажанов 300 мың теңгені еншілесе, үшінші орын Райымбек ауданы, Қарасаз ауылына бұйырды. Үшінші орынға тігілген 250 мың теңгені Айдос Сүлейменов иеленсе, төртінші орынның 200 мың теңгесін Райымбек ауданы, Қарқара ауылының тұрғыны Тұрар Әмірғазы еншіледі. Бесінші орынға тігілген 150 мың теңгені Ақсу ауданынан келген Данияр Абдуллаев, алтыншы орынға тігілген 100 мың теңгені Жамбыл ауданы, Амангелді ауылынан келген Олжас Әбдіхамит, жетінші орынға тігілген 50 мың теңгені Саят Әбдіманап иеленді.

Шілде айының соңында Қарқара жайлауын дүбірлеткен ұлан-асыр той осылайша аяқталды. Тойға арнайы тігілген әрбір шаңырақта қасиетті Құран оқылып, қарулы солдаттарға қарсы шығып бақилық болған жандардың рухына дұға бағышталды. Бұдан жүз жыл бұрын азаттық жолында құрбан болған бабалар мен боздақтарды жоқтап, еске алу бүгінгі ұрпақ үшін тағлымды тәлім-тәрбие болатынына сенімдіміз.

Мәди Алжанбай, Нұрила Бектемірова

Сурет Айтжан Мұрзановтыкі