ҚАСИЕТТI ҮШ АЙ ТУРАЛЫ НЕ БIЛЕМIЗ?

Мұсылман күнтізбесі бойынша биылғы 2017 жылы:

29-наурыз, сәрсенбі- қасиетті 3 айдың басталуы, Ережеп айы

23-24-наурыз,жексенбі- Миғраж түні

27- сәуір, бейсенбі- Шағбан айы басталады

10-11 –мамыр, сәрсенбі-Бараат түні

27 мамыр, сенбі -Рамазан айы басталады

21-22 маусым,сәрсенбі-Қадір түні

25-27 маусым аралығында-Ораза Айт мерекесі

17425964_1868361703420654_5621391989629400164_n

Мінеки, дінімізде мүбəрак саналған үш айға да келіп жеттік. «Ережеп», «Шағбан», «Рамазан» барша мұсылман əлемінде қасиетті айларға жатады. Олардың діни ерекшеліктері жайында көп деректер бар

Үш айдың қасиетті болуы Рағайып пен Миғраж түнінің ережеп айына, Бəраат түнінің шағбан айына, Қадір түнінің рамазан айына дөп келуіне тікелей байланысты. Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Айдың алғашқы жұмасы  Рағайып түніне, ал жиырма жетінші түні Миғраж түніне сай келеді. Рағайыптың сөздік мағынасы «рағибə» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал рағибə «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарға келеді. Осыған байланысты «Лəйлə Рағайып» тіркесін «жақсылық пен игілікке толы жəне аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз.

Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған. Шағбан айының маңыздылығы туралы: Əнас (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алла елшісінен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?» деп сұралғанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айы», «Қай садақа абзал?» дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берді».

Мүбəрак шағбан айының 15- түні – Бəрағат кеші. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бұл түннің маңыздылығын былайша түсіндіреді: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді». Тағы бір хадисте: «Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні (Бəрағат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқасының бəрін кешіреді» (Сүнəни Ибн Мажə, Иқамəтус Салат, 191). Бұл түнді ислам ғұламалары «Мүбəрак», «Кешірім», «Сақ» (кешірім, пəрмен, рахмет) секілді атаулармен атайды. Берекелі, рухани, шуақты, құтты түн болғандықтан «Мүбəрак», күнəлардан тазаруға ерекше мəн берілсе, рахымы мол Ұлы Жаратушының кешіруі мүмкін екендігі тарту етілгендіктен «Барағат», мағынасына сай амал- дар жасаса, Жаратушы сүйікті құлдарын ерекшелейтіндіктен «Сақ» (кешірімді), есіркеуші, жарылқаушы Ұлы Жаратушыға мойынсұнар шақ болғандықтан «Рақым» атаулары берілген. Қай жағынан алып қарасақ та, құттылық пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Барағат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.

Пайғамбармыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір сахабалардың Шағбан айының ортасында ораза тұтпағанына орай, сол күндердің қазасына Рамазан айынан соң екі күн ораза тұтуларын абзал көрген. Бұл мүбəрак айларда өзі келіп тұрған сауаптарды мүмкіндігінше жіберіп алмаған абзал. Мəңгілік өмірде бақытты болуымызды осы пəни дүние белгілейді. Егер де Алла тағаланың əмірлері мен тыйымдарына құлақ асып, пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жолымен жүрер болсақ, нəтижесі жұмақ болмақ. Ұлы Раббымыз режеп пен шағбан айларын мүбəрак етіп, рамазанға амандықпен жетуімізді нəсіп етсін.