Қасиетті жерімізге өзгелер қазық қаға алмайды
Негізінде жұртшылықтың жер мәселесінде күмәнді ойға берілуінің себебі бар…
Қазіргі таңда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енгелі отырған «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң төңірегінде қоғамымызда қызу талқылаулар болып жатыр. Осы орайда біз Парламент Сенатының депутаты Қуаныш АЙТАХАНОВҚА бірқатар сұрақтар қойған едік.
– Қуаныш Айтаханұлы, дәл қазіргі уақытта халық тарапынан ауылшаруашылық жерлерін жалға беру және сату мәселесіне қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Әсіресе, «Қасиетті жеріміз «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпей ме?»дегендей мазмұндағы сауалды алға тартқан ағайынның үні жиі естілуде. Сіз осы мәселеге қатысты не айтасыз?
– Өзіңіз білесіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIV сессиясында «Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», деп атап өткен болатын. Сондықтан да, халықтың жер мәселесіне сергек қарауын, бұл тұрғыдағы жағдаяттарға қатысты өзіндік ой-пікірлерін ашық білдіруін орынсыз деп айта алмаймыз. Өйткені, жер халықтың мұрасы, басты байлығы болғандықтан, оған алаңдауы – заңдылық. Дегенмен, жерімізді ел игілігіне, мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану бағытында жасалған тиісті шараларға халық түсіністікпен қарауы қажет.
Жалпы, біздің Ата Заңымыздың 6-бабының 3-тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ, заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жекеменшiкте де болуы мүмкiн», деп жазылған. Ал ауылшаруашылық жерлерін жекеменшік құқығымен беру мүмкіндіктері 2003 жылдың 20 маусымында қабылданған Жер кодексінде қарастырылған. Бұл кодекс бойынша, ауылшаруашылық жерлерін жекеменшік құқығымен беру тек еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларға ғана тиесілі деп, атап көрсетілген. Ал ел ішіндегі «жер шетелдіктерге сатылмақшы» деген сыңайдағы пікір мүлде қисынсыз. Шетелдіктерге жер ешуақытта сатылмайды. Ол Жер кодексінде анық жазылған. Тек, шетелдіктер, Қазақстанның азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ, шетелдіктердің, азаматтығы жоқтардың, шетелдік заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жерді пайдалану құқығына ие бола алады.
– Жалпы, жердің шетелдіктерге сатылмайтыны басы ашық жайт. Ал сырттың азаматтарына жерді жалға беру ісі қалай жүргізіледі.
– Бұл мәселе заңмен реттелген. Нақтылай айтқанда, шетелдіктерге жерді жалға беру ісі аудан, қала әкімдіктерінің құзыретіне жатпайды, бұл мәселені тек облыстық атқарушы билік жер саласы бойынша орталық уәкілетті органның келісімі негізінде ғана жүзеге асырады. Яғни, бұл шетелдіктерге белгілі көлемдегі жерді жалға беру барысында да, одан кейін де қатаң қадағалау болады деген сөз. Тағы бір айта кететін жайт, кодекске байланысты шетелдік азаматтарға ауылшаруашылық жерін жалға берудің өзі шекара маңынан мүлде рұқсат етілмейді.
– Түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ел тұрғындарының сатылған немесе жалға берілген жерлердің одан әрі күтіп— ұсталуына күмән келтірген пікірлері жариялануда…
– Негізінде жұртшылықтың мұндай күмәнді ойға берілуінің себебі бар. Бұған дейін жалға берілген жерлердің біршама бөлігі игерілмей, қараусыз, күтімсіз жатқанын көпшілік біледі. Әрине, бұл халықты түрлі ойларға жетелемей қоймайды. Сондықтан, мемлекет ауылшаруашылығы саласындағы жерлерге жанашырлықпен қарай отырып, жерді күтіп, баптап, құнарлылығын арттырып, оны тиімді пайдалана алатын азаматтардың иеленгенін қалайды. Осыдан келіп, ауылшаруашылық жерлерін сату және жалға беру ісі жолға қойылып отыр.
Егер бір адам жер сатып алса, оған көзінің қарашығындай қарап, тиісті баптау жұмыстарын жүргізетіні анық. Өйткені, ол – өзінің жекеменшігі. Оны еріккеннен сатып алған жоқ.
– Ал жалға алушылар жердің барлық нәрін «сорып» алып, мерзімі біткенде құнарсыз топырақты шаңғытып тайып тұрмай ма?
– Жерді жалға алушыларға жүктелер жауапкершілік, талап етілер міндеттер бар. Олар мемлекеттік органдар тарапынан қадағаланып отырады. Жалпы, жерді жалға алған адам мол өнім алу үшін, оның құнарлығын арттырып, тиімді пайдаланып отыруы шарт. Олай болмаса, мемлекет ол жерді сот арқылы мәжбүрлеп қайтарып алады.
– Ауылшаруашылық жерін сатып алған адам оны өз меншігі болғандықтан шетел азаматтарына пұлдай ала ма?
– Жоқ. Бұған заң жүзінде мүлде рұқсат етілмейді. Қайталап айтамын, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің меншік иелері шетелдіктерге сата алмайды. Олар меншікті жерін тек Қазақстан азаматтарына ғана сата алады.
– Қуаныш Айтаханұлы, 1 шілдеден бастап «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енгеннен кейін бұған дейін ауылшаруашылық жерлерін ұзақ мерзімге, яғни 49 жылға жалға алған азаматтар өздерінің иеліктерінен айырылып қалмай ма?
– Жерді жалға алған азаматтарға қойылар талап біреу-ақ. Ол Жер-ананың құнарлылығын арттырып, өнімділігін көтеріп, ауылшаруашылық өнімдерінің молшылығын жасау. Осы арада сатылатын және жалға берілетін жерлердің көлемі шектеулі екенін айтып өтейін. Ол Үкіметтің 2003 жылғы 23 қазандағы №1071 қаулысымен әрбір облыс, аудан бойынша және жердің категориялары бойынша (тәлімі, суармалы жерлер, шабындық, жайылым) нақты белгіленген. Мұның бұған дейін ұзақ мерзімге жалға берілген жерлерге қатысы жоқ. Ауылшаруашылық өндірісіндегі субъектілерінің басым бөлігінің уақытша жалдау құқығы 2050 жылы аяқталады. Сондықтан, қазіргі уақытша пайдаланушылар жерлерінен айырылып қалады деген уайым, қауіп-пайымдаулар негізсіз. Осы жалға берген мерзім ішінде шаруалар өз жерлерін сатып аламын десе, ол жердің кадастрлық бағасын 50 пайызға арзандатып, 10 жыл көлемінде қаржысын бөліп-бөліп төлеп сатып ала алады.
– Қозғалып отырған тақырыпқа қатысты өзіңізді нендей мәселелер алаңдатады?
– Жер кодексіне енгізілген нормалардың басты мақсаты – меншік құқығы арқылы жер пайдаланушылардың жердің құнарлылығын арттырудағы жауапкершілігін көтеру, жерді тиімді пайдалану және өркениетті жер нарығын қалыптастыру. Мұны халық түсінеді деп ойлаймын…
Жалпы, заңның орындалуы барысында, дәлірегі, жерді сату және жалға беру үдерісінде сауатсыздыққа, сыбайластық, жемқорлық әрекеттерге жол берілмеуі қажет. Заңның бірінші кезекте қарапайым халықтың мүддесіне жұмыс істеуі қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, бұл тұрғыдағы ақпараттар халыққа қолжетімді болғаны абзал.
Ел ауыл шаруашылығы саласындағы жерлердің іскер, өзіне де, халыққа да пайдалы қызмет көрсете алатын жанашыр азаматтардың пайдалануын қалайды. Халықтың арман-тілегі де осы.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»