Кәсіп түбі-нәсіп
Бүгінде ел игілігіне арналған бағдарламалар көп. Тек бағдарлама тиімділігін пайдалана білуге сауаттылық, ізденіс қажет. Кәсіп жасағысы келгенге, еңбек етемін дегенге игі бағдарламаларға арқа сүйеген әлдеқайда тиімдірек десек артық айтқандық емес.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өз бизнесін құруға мемлекеттік гранттар беру конкурсында ауданымыз дың азаматтары грантты жеңіп алған болатын. Олардың ішінде жаңатастық жас кәсіпкерлер Мадияр Болатұлы Кәрібаев пен Ахан Садықұлы Әжмағанбетовтің мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған құрал-жабдықтар жасау жобасы да бар.
Шаруасын жаңадан қолға алған кәсіпкерлердің жасап жатқан құрал-жабдықтарын өз көзімізбен көріп, сөзге тартқан болатынбыз. Шебер Ахан Әжмағанбетов өз сөзінде былай дейді:
-Бүгінде еңбек етемін деген адамға жұмыс көп. Бастысы ниет болса болғаны. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрал-жабдықтар вертикализатор мен ходунок жасау көптен көкейімізде жүрген дүние болатын. Тәуекел деп қолдағы бар материалдармен жасап көрдік. Нәтижесі жаман болмады. Көңілімізден шықты. Бірнешеуін қолжетімді бағада сатылымға шығардық. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы №1 балалар ауруханасына да қайырымдылық есебінде аз қамтылған балалар үшін сыйға тарттық.
Бұл құрал-жабдықтар аяғын дұрыс баса алмайтын және сіңірі созылған балалар үшін өте қолайлы әрі пайдалы. Күніне бірнеше рет жаттығу жасауға болады.
Бизнес бастағаннан кейін түрлі қиыншылықтар да кездесіп жатады. Алғашқы уақытта біраз қиындықтар туындады. Бірақ, талпынысымызды одан әрі күшейтіп, жұмысымызды жолға қойдық. Қазір кәсіптің, еңбектің заманы емес пе? Біз де уақыт ағымына ілесіп, кәсіп көзін ашуды мақсат еттік. Тиісті құжаттарымызды өткіздік. Соның нәтижесінде, бағдарлама жеңімпаздарының бірі болып танылып, қайтарымсыз грантына ие болдық.
Алда жоспарларымыз көп. Жұмысымызды сапалы әрі жүйелі жүргізуде жеңіп алған қаражатқа осы кәсіпті жалғастыру үшін ғимарат сатып алып, қала азаматтарын жұмысқа қабылдасақ деп ойлаймыз. Қазіргі таңда 4 адам жұмыс істейді. Айлық жалақысы келісімді,- дейді.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.