Кәсіпке қолдау көрсетілуде
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарламасының басталғанына екі жыл болды. Содан бері көп адам мемлекеттен көмек алып, бизнеске бет бұрса кәсібін кеңейтіп жатқандар да бар. Солардың бірі – Ақсу қаласының тұрғыны Алина Омарова. Ол осы бағдарлама аясында 252000 теңне көлемінде қайтарымсыз грант алып, жарнама агенттігін ашқан.
«Еңбек» бағдарламасы қазір 2017-2021 жылдарға арналған жоспар бойынша жүргізілуде. Бағдарлама төрт бағыт бойынша іске асырылады. Бірінші бағыты жұмыссыз азаматтарды қажет мамандықтарға оқыту, екінші бағыты кәсіпкерлікке баулу, үшінші бағыты тұрғындарды жұмыспен қамту, төртінші бағыты жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету.
«Реклама-сити Ақсу» жарнамалық агенттігінің иесі Алина Омарова өз жеке кәсіпкерлігін 2018 жылдың қазан айында ашқан. Қазір той және жарнамалық баннерлерін, маңдайша жазуларын, жол белгілерін, мектептер мен балабақшаларға арналған қабырғаларды жасап, оны орнатумен айналысуда. Сонымен қатар, екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
— Бұл бағдарлама жеке кәсіпке бет бұрғысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік беруде. Мен бұған дейін жарнамалық агенттіктерде жұмыс істедім. Осы сала бойынша азды-көпті тәжірибем болды. Бірақ, жеке бизнес ашып, оның жұмысын үйлестіру мен үшін оңай болған жоқ. Сондай кезде Ақсу қалалық «Жұмыспен қамту орталығының» мамандары көмек көрсетіп, мемлекеттік қолдау түрлерін ұсынды. Соның «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант иеленіп, оған қажетті құрылғылардың барлығын сатып алдым. Мысалы, ағаш кесуге арналған электрондық ара, дәнекерлеу станогы, перфаратор, болгарка сынды құрал-саймандарын сатып алынды, — дейді жеке кәсіпкер. Келесі жылы үлкен баннер басып шығаратын арнайы станок алып, жұмыс ауқымын үлкейтуді жоспарлап отыр.
Ақсу қалалық «Жұмыспен қамту» орталығының бас маманы Еркежан Қайсақызының сөзінше, «Еңбек» бағдарламасының «Бизнес бастау» жобасы аясында биыл 300-ге жақын адамды оқыту жоспарланған. Жыл басынан бері 193 адам оқып, сертификат алса, қалғандары желтоқсан айына дейін шақырылады. Ал, «Жас кәсіпкер» бағыты бойынша 87 адам арнайы кәсіпкерлік курсына қатысты. Жас кәсіпкерлердің бизнес жоспарларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік тарапынан 65,7 млн. теңге бөлініп, қайтарымсыз грант ретінде 170 адамға үлестірілді. Оның 53 миллионы республикалық бюджеттен қарастырылса, 12,7 миллион теңге ұлттық қордан бөлінді. Бұдан бөлек, 40 жобаның ауқымын кеңейту мақсатында жалпы сомасы 154,9 млн. теңге көлемінде несие берілді. Оның басым бөлігі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» несие алып, аймағымыздағы мал шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосуда.
Тілеуберді САХАБА