Кәсіпкер реанимобиль сыйлады

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сарыкемер ауылында жаңа салынған еңселі емхананың тұсауын кесіп берген еді. Сол жиында Президент денсаулық сақтау мекемесіне қажетті қолдау көрсетілетіндігін жеткізген болатын. Бүгінгі таңда емдеу орталығы әлемдегі озық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуда.
250 келушіге арналған емханаға кәсіпкерлер тарапынан да демеушілік көрсетілуде. Сол демеушіліктің бірі емхана құрылысын жүргізген «ТАРАЗСТРОЙ-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жасалды. Серіктестік басшылығы аудандық емхана дәрігерлеріне жаңа озық неміс және итальяндық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған реанимобиль автокөлігін сыйға тартты.
Бұл медициналық көліктің ерекшелігі – жылдамдығы мен сырқатқа жан-жақты мамандандырылған көмек көрсететін құрал-жабдықпен жабдықталғандығында. Сондай-ақ, автокөліктің ішінде тыныс алу параметрлерін бақылайтын портативті респиратор, дефибриллятор, қандағы оттегінің деңгейін тез өлшеуге арналған портативті құрал, электрокардиограф, глюкоза анализаторы, импульстік оксиметр сынды құрылғылар орналастырылған.
Жаңа реанимобиль автокөліктің кілтін серіктестік директоры Мейірбек Жүнісов емхананың бас дәрігері Жандос Рысқұловқа тапсырды. Осы бір қуанышты сәттің куәсі болған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова және Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков кәсіпкерге алғысын білдірді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
журналист.
Байзақ ауданы