Кәсіпкердің қалтасына қол салмайық!

Трамптыкі де, Зеленскийдікі де далбаса. Мемлекет басшыларының кездесулері бұлай өтпеу керек. Не протокол жоқ, не келіссөздер форматы жоқ, жабылып сөйлеп, жарысып сөйлесіп. Нағыз базар. Біреуін батыр, біреуін тағы бірдеңе деп жатыр. Өз басым дипломатияның тағы да жеңілген күні дер едім. Әлемнің тағдырын шешіп, дүниені бөлісіп, жауласып жатқан Рузвельт, Черчилль, Сталиндер дәл бұлай дауласпаған. Мейлі, оларды қойшы, білген боғын жеп, бірі өліп, бірі қалсын.

 

Одан гөрі «Салық реформасы ең алдымен бизнесті өсіруге бағытталуы керек, өшіруге емес» деп отырған өзіміздің депутат Еділ Жаңбыршин ағамыздың айтып отырғанына құлақ асайық.
Едекең сөз арасында «Жапония да солай істеген» деп қалды.
Рас. Мысалы, жапондар біздегі сол НДС-тің орнына жүретін «тұтыну салығы» (потребительский налог) дегенді әлемнің екінші экономикасы бола тұра тек 1989 жылы 3% деңгейінде енгізсе, одан соң 8 жылдан кейін 1997 жылы 5%-ға, одан соң 17 (!) жылдан кейін 2014 жылы 8%-ға, одан соң 5 жылдан кейін 2019 жылы 10%-ға көтерді (онда да барлық тауарлар түріне емес).
Яғни, қараңыз, жапондар салық деңгейін 3%-дан 10%-ға көтеру үшін 30 жыл ойланды. Оның өзі оңай болған жоқ. Соны істеймін деп, соны істей алмай талай үкімет басшысы ауысты. Бірақ жиырма бес жыл болды, жапон елін оқып-біліп жүргеніме, халықтан шыққан саясаткер сол халықтың жағдайына қарап, жұрттың қас-қабағына қарап сөйлеуге мәжбүр.
«Халық байып кетті, асып кетті, тасып кетті, бәріне салық салыңдар, бәрінен айыппұл алыңдар» деп елдің ашуына тимеді. Бизнеске дікеңдемеді, кәсіпкерге зіркілдемеді. Бизнеспен бұлай сөйлесетін болсақ, онда шетелден инвестор келмейді. Салықты бір жыл, жарты жылда бірнеше пайызға емес, бірден бірнеше есе өсіре салатын елге «бір шоқып, екі қарайтын, әр тиынға тісін сындыратын» бизнес қалай қаржы құя қойсын?!
Ал кіші және орта бизнестің, әсіресе мына жеке кәсіпкерлердің «қаржысына» көз салып, солардан бірдеңе дәмету дәл қазір сәл ұяттау тірлік боп тұр. Халыққа тұрақты жұмыс тауып беріп, сол жұмысшының айлық жалақысынан салық алып отыруға жағдай жасауымыз керек алдымен. Мен демей, сен демей, біз боп, сіз боп ең алдымен соны ойлауымыз керек. Тұрақты жұмыс болмаған соң, өйтіп-бүйтіп әзер күн көріп жүрген «кәсіпкердің» қалтасына қол салмайық. Оның салық салар табыс деңгейін бірден бірнеше есеге көтере салсақ, сол табысқа жету үшін сол кәсіпкердің банктен алып отырған қарызын төлеу пайызын төмендету мен қайтару мезгілін ұзарту жайлы неге айтпайды деп ашуланып жүргендер аз емес. Сондықтан Едекең айтып отырған қосымша құн салығының шегін 40 млн теңге емес, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлерге дәл қазір тіпті тиіспеу керек деп ойлаймын. Алдымен алыптардың мәселесін шешіп алып, табысы ішкен-жегенінен аспай отырғандарға қатысты асықпай, аптықпай, сараптап шешім қабылдаған жөн дер едім. Қоғамда билікке қарсы қатаң пікір тудыратын келеңсіз шешімдерден аулақ болған абзал. Бәрібір мемлекет одан бірден байи қалмайды. Тыныштық керек.
Трамп сияқты жеке кәсіпкердің, Зеленский сияқты әртістің мемлекет басшысы боп кетуі де бір қызық болса, кәсіпкерлікпен айналысып, өмірінде өзі бір тірлікті дөңгелетіп көрмеген шенеуніктердің шешімдері де қызық болады. Бір сөзі ашуыңа тисе, екінші сөзі күлкіңді келтіреді. Шенеуніктік «тәжірибе» болғанмен, өмірлік тәжірибе жетпей тұр. Бір кем дүние, әйтеуір…

Батырхан Құрмансеит

ҚР СІМ-нің Жапониядағы Ерекше тапсырмалар
жөніндегі елшісі ФБ парақшасынан алынды