Кәсіпкердің мәрттігі

Шу ауданы, Балуаншолақ ауылының тұрғындары өзгелер үлгі тұтарлықтай бекем бірлікке ие. Олай дейтініміз «Нұр Отан» париясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаев осыдан бірнеше ай бұрын аталған ауылдың әкімі болып тұрғанда баспанасы жоқ ауылдың бір жас отбасына үй салып бермекші болып, көпті сауапты іске тартып жүргенін сырттай құлағымыз шалған еді. Бүгінде сол үй әлгі азаматтың игілігіне ұсынылды,- деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Десе де Н.Сұлтанбаев пәтер кілтін табыс ету жиынында жұртшылықты асарлатып әуреге түсірмей-ақ, дайын үйді өз қаражатына сатып алып, кілтін жоғарыда айтқан көпбалалы әке Қасымбек Дәрменбековке тарту еткен «Қалқа» шаруа қожалығының қожайыны Сағадат Мадалиевтің бұл ісі мырзалық екенін тілге тиек етті.

– Балуаншолақтықтар бір-біріне қол ұшын беруде еш шет қалған емес. Мәселен, аулдық мешітте көптің қол көмегімен асарлатып салынған етін. Осыдан бірер уақыт бұрын ауыл зиялылары, ақсақалдар, кәсіпкерлер мен қолы ашық азаматтар, жастар жиналып, «биылғы Жастар жылында қандай келелі іс тындырамыз?» деген сауал төңірегінде әңгімелескен едік. Сол кезде ауылда үйсіз-күйсіз, әр жерге бір көшіп-қонып жүрген, жеті баласы бар бір жас жігіттің сынып жетекшісі сол жігітке асарлатып үй салып беру мәселесін көтерді. Жиналған жұрт бір ауыздан келісіп, үй салынатын жер учаскесін таңдап, құрылыс материалдарын кәсіпкерлер көтеретін болып мәмілелескенімізде «Қалқа» шаруа қожалығының төрағасы С.Мадалиев ол жігітке ауылдан бір баспананы өз қаржысына сатып алып беретінін айтып мәрттік танытқан. Енді, міне, кәсіпкер сол уәдесінде тұрып,көпбалалы отбасын қуантты, – деді Найман Кенжеханұлы салтанатты шарада.

Жас отбасының қуанышымен бөліскен көпшіліктің ішінде кәсіпкердің анасы ақжаулықты әже Шымшық Мадалиева да бар еді. Жалпы, игі іс осы кісінің айтуымен жүзеге асқан көрінеді. Әжейдің айтуынша ойда жоқта баспаналы болып, бақыттан басы айналған азаматтың ата-анасымен кезінде сыйлас болған екен. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзі өлмесін» деген осы.

«Ауылдың жеті қазынасы» аталып кеткен Нұржамал, Үміт, Тұрсынкүл, Орынкүл, Күлән, Дәмегүл сынды аналар және ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Сағындықов бастаған көнекөздер жаңа қоныс берекелі болсын деген мақсатта ауылдастар мен ағайын-туысқа дәм таттырды. Бұдан бөлек жомарт жүректі кәсіпкерлер жаңа қоныстой иелеріне тоңазытқыш сыйға тартып, өзге ауылдастары жас отбасының алты бірдей баласын киіндірді

«Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» десек те, тойынып тамақ ішіп, жарытып киім кигенге не жетсін. Ал мұндайға мүмкіндігі жоқтарға қол ұшын созу жанашырлықтан бөлек, жомарттықтың белгісі. Қайырымдылық имандылықтың нышаны екенін шулықтар осылай дәлелдеуде. Лайым ел ішіндегі атымтай жомарттардың қатары сиремесін.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы