Кәсіпкерлер тәжірибемен бөлісті
Оңтүстік Қазақстан облысында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен тәжірибе алмасу сабағы өтті. Бұл шараға белгілі кәсіпкерлер тартылды. Олар шеберлік сабағында жастарға өз кеңестерін айтты. Шараны облыстық «Қоғамдық келісім» орталығы ұйымдастырды. Шеберлік сабағына аймақтағы іскер азамат Нұрлан Құралов, «Алтын Адам» тігін фабрикасының директоры Балжан Қалмұратова, «Bella Mebel» жиһаз фабрикасының бренд менеджері Үміт Назарова келді.
Іскер жандар жастарға кәсіпкердің еркін болатынын, жаңа істі қалай бастау керектігін, қаншалықты ерік-жігер қажеттігін айтты. Сонымен бірге, Оңтүстік Қазақстан облысында не өндіруге болатынын, әрі кәсіпкер мақсатына жету үшін өте көркем мінезді болу керектігін де еске салуды ұмытпады. Қала берді, кәсіпкерлік саласында шығынға ұшырайтын сәттер кездесіп тұрады екен. Адам сондай кездерге де дайын болу керек. Ешқашан көңіл-күйді түсірудің қажеті жоқ.
Міне осындай кеңестерді айтқан кәсіпкерлердің сөздері жастардың көкейіне қонды. Әсіресе, Нұрлан Құраловтың: «Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең тиімді кәсіпкерлік – ауыл шаруашылығы. Оның болашағы жарқын» деген сөздері тыңдармандарды ойлантып тастады.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.