КӘСІПКЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Елді мекендегі кәсіпкерлердің санын арттырып, жергілікті тұрғындарды кәсіп ашуға ынталандыру мақсатында Жаңа жол ауылдық округінде арнайы кездесу өткіздік. Ауыл әкімдері мен тұрғындар қатысқан басқосуда жаңажолдық кәсіпкерлердің тәжірибесі таныстырылып, жан-жақты түсіндірілді.

Мәселен, аталған ауылдағы жеке кәсіпкер Мирмахмуд Алиакперов өткен жылы ғана “Ауыл шаруашылығын қолдау” қоры арқылы 6 пайызбен 5 миллион теңге несие алып, “МИР” наубайханасын ашқан. Ол қазіргі кезде күніне 500 дана нан, 450 дана тандыр нан пісіріп, өз ауылдастарының қажеттілігін өтеуде. Сондай-ақ, екі бірдей жерлесін тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ал, осы ауылдағы Жақсылық Несіпбаев ағымдағы жылы ғана “Ауыл аманаты” жобасының аясында 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алып, түрлі-түсті кірпіш шығару цехын ашқан. Жалпы жобалық құны 10 миллион теңгені құрайтын цехта бүгінде 6 адам жұмыс істеуде. Олар күніне 1200-1300 дана кірпіш шығарып, аудан тұрғындарына саудалауда.

Айта кету керек, ауыл әкімдері мен жергілікті тұрғындарға аталған кәсіпкерлердің жұмысы кеңінен таныстырылып, жеңілдетілген несие алудың жолдары түсіндірілді. Сонымен бірге, бірқатар сауалдарына жауап алды. Дәл осындай басқосулар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі