Кәсіпкерлерді банкрот болуға өзіміз итермелейміз

 Үкімет отырысында кәсіпкерлердің банкрот болмауы үшін Үкіметпен қабылданған шешімдер норматив бойынша тұрақты болуы тиіс екенін айтқан ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев: «Елбасының әлеуметтік бес бастамасы бойынша жатақхана соғу мәселесін мемелекеттік-жекешелік әріптестік бойынша шешу керек. Осыған баса назар аударуларыңыз қажет. Ал, бізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі баяу жүріп жатыр. Аталған мәселеде ШҚО, Қарағанды, Ақтөбе облыстары тиісінше  168, 106, 127 жобамен алдыңғы қатарда келе жатса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі СҚО, БҚО, Жамбыл облыстарында баяу жүруде, бірақ бұл өңір басшылары жұмыстың не себептен бұлай жүріп жатқанын айтпады. Басқа өңірлерге қарағанда мүмкін кедергілер бар шығар, ол жөнінде айтылмады. Яғни, не ынта жоқ, не жұмыстың бәрі бюджеттен қаржыны алып, соны игеруге байланысты болып отыр»,— дей келіп, жұмысы баяу жүріп отырған облыстардағы әріптестеріне осы саладағы жұмыстарын қайта қарауды тапсырды.

Әрі қарай Бас уәзір: «Қажетті шешімнің бәрі қабылданып, қажетті заңға өзгерістер енгізу мәселесі шешіліп жатыр. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін Парламенттің қабылдауымен бәрі заң түрінде шығатын болады. Алдағы уақытта да көп нәрсені шешуге мүмкіндігіміз бар. Кеше де, бүгін де Бердібек Сапарабаев айтып өткендей, кәсіпкерлерді шақырып алып, оларды жұмысқа тартамыз да, артынан тарифтердің бәрін өзгертіп жатамыз.

Яғни, бұл — оларды бір жыл жұмысын бастамай жатып әрі қарай банкротқа итермелеу деген сөз. Оны басқа емес, біздің өзіміз істейміз. Әріптестер, көріп отырғанымыздай жұмыстың 52 пайызы әлеуметтік салада болып отыр. Бюджет тарапынан берілетін қаржының қомақты көлемін азайту үлкен көмек. Біздің шешімдеріміз әркез кәсіпкерлермен, өңірлермен ақылдаса отырып қабылдануын, тұрақты жағдайда болғанын қадағалуды сұраймын», — деп, әкім-қараларға нақты тапсырма берді.

Авторы—Ермек Сахариев