ҚАСҚЫР ДЕП ҚОРЫҚПА

10 сыныпты аяқтадым. Жоғары оқу орнына қабылдау емтиханы тамыз айында басталады. Әкеме емтихан басталғанша қой бағып ақша табайын деп едім (ол кісі кеңшардың кадрлар бөлімін басқаратын) «сынаққа дайын болсаң жолыңа ақша тап» деп рұқсатын бергенде, қуанып кеттім. Сонымен жолдасым Айдарбек екеуміз кеңшардың қойын бағуға кірістік. Мініске берген атқа көңілім толды. Бұл кезде аттың күні өтіп, машиналардың бәсі жүрген кез. Астымдағы ат талай жарыстарға қатысып жүлделі орын алып жүрген сәйгүлік болса да, ол тек қойшының аты ғана болды. Аты Жұлдыз еді. Қолға үйренген көнбіс мал. Күн жылына бізді жайлауға көшірді. Жайлау ауылдан жеті шақырым жерде. Маусым айы, алдымызда 700 бас қой. Ауылыма Тәңірім әсем табиғаты бере салған ғой. Біздің өңір орманды — далалы алқап. Шөбі шүйгін, әсіресе орман маңы малдар үшін шүйгін от. Айдарбек екеуміз таңсәріден қойды айдап жайлауға түс ауа жетіп, оларды отқа жайып жібердік те, түнде жататын қосты құрып, қойларды кешке қамайтын шарбақ істедік. Екеуміз қойды кезекпен бағуға келістік, ол екі тәулік мен екі тәулік бағамын. Жеребе тартып едік бірінші қой бағу кезегі маған тиді. Мен қоста жалғыз қалдым. Мосыға шәугімді іліп астына ағаштың қу шырпыларын тұтатып едім, шәугім лезде қайнады. Далада жеген тағам қандай жұғымды. Ауқаттанған соң қойды кешке дейін жайып шарбаққа қамадым. Ертеңіне күн шықпай тамақты ысытып жүрек жалғап, қойларды таңғы салқынмен жайылымға шығардым. Өзім атымды тұсап, ағаштың көлеңкесіне барып жатқанмын көзім ілегіп кетіпті. Шырт ұйқыда жатқан мені күшіктің қыңсылаған дауысы оятып жіберді. Қарасам күн тас төбеде, жайылған қойлар да, тұсаған атымда көрінбейді. Жүрегім зырқ ете түсті. Қыңсылаған дыбыс шыққан жаққа қарасам, тайыншадай арлан ит жатыр, оның аржағында 3 — 4 күшікті ойнатып ит жүр. Осы кезде қасқырдың апанына көзім түскенде зәрем кетті. Аяғым жерге қадалып қалған сияқты не әрі, не бері қозғалар емес. Айғайлайын десем даусым шықпайды. Сонымен ит дегенім қасқыр болып шықты. Өмірімде бірінші рет қасқырмен бетпе-бет келдім. Оның көздері от боп жанған қып-қызыл. Сол кезде өмірімнің шегі жеткен жері осы шығар деп әке-шешемді, бауырларымды ойлап кеттім. Ал, қасқыр моп-момақан қозғалыссыз жатыр, ал мен болсам не болса да, олармен айқасып өлейін деп оған айбат шеге қадала қараған едім, ол маған неге тесіле қарайсың дегендей теріс бұрылып алып бөлтіріктеріне қарап жатты. Қасқырым мүлдем қозғалар емес қайта маған жүгірген бөрілерінің желкесінен ұстап кері лақтырып жібереді. Сөйтсем ол бөлтіріктерді маған жолатпай жанымда күзетші болып жатыр екен. Оның маған жасаған қамқорлығын көріп, есімді жиып, қорқа-қорқа қосқа жеттім. Қасқырға қарасам ол менің қорыққанымды қызықтағандай қарап жатыр екен. Ал, қойларым қасқырдан үркіп қос маңында үйріліп тұр. Жұлдызымның жүгені бұтаққа ілегіп, тырп етпей тұр. Қостың ішіне кіріп енді не істейін деп ойландым. Досымның келуіне әлі бір күн бар. Бірақ қасқырдан өшпенділік көрмеген соң сабырға келдім. Қасқырлар күшіктеген кезде жанындағыларға тиіспейді дегенді естуім барда. Кешке дейін қойларды қасқырдың апанынан аулақ бағайын десем, қасқырдың апанымен қоңсы қоныппыз. Дегенмен нартәуекел деп қойды өргізіп алып кеттім. Қасқырлар көзге көрінбеді. Тегі күн ыстық болған соң апандарында жатқан шығар деп шүкіршілік еттім. Күн еңкейген кезде қойды шарбаққа қамап ас-су қамына кірістім. Көзіммен анда –санда қасқырлардың апанын бақылап қоямын. Бөлтіріктері ойнап жүр. Сол түні елегізіп ұйықтай алмадым. Таң ата қойларды жайылымға алып шықтым, қасқырлар көрінбейді. Қасқырларға бойым үйренді, қойларда үйренді ме, тіптен апанның жанында жайылды. Қасқырлар көрінбейді апанында жатқан болар дедім. Түс кезінде қойларды шарбаққа қамадым. Ауқаттанып алып қостың жанында ұйықтап кетіппін. Бір кезде қойдың маңыраған даусынан оянып кетсем, қойлар шарбақтан шығып кетіпті. Жан жағымды шолсам, малдарды апанының жанында иіріп ұстап қасқырлар тұр. Жалма — жан қойларға жүгіріп келдім. Қойларым түгел сияқты, ал қасқырлар менің келгенімді көріп апанына қайта кіріп кетті. Осылай қасқырлармен татулығым басталды. Тіптен қасқырдың еркегін Арлан деп, ұрғашысын Қабылан деп атай бастадым. Алғашқы кезде Арлан, Қабылан десем үнсіз жататын бара-бара аттарына үйренді ме, құлақтарын қайшылап, құйрығын бұлғаңдатып қоятын болды. Мен күндіз қой бағамын, олар кешке апанынан шығып тірліктерін бастайды. Досымның әкесі Мағзұм әтәй келгенде мен оларға қасқыр туралы баяндап едім, ол кісі: Жылда ауылдан 7 шақырым жерде жайлауға шығып қос тігіп қой бағамын. Қоймен жарысқандай жылда бір қасқыр нақ сол апанға келіп күшіктейді. Мен де, итім де, малым да көрші қасқырмен үйренісіп кеттік. Бірде қызық болды бір қозы арам өліп қалды. Жемтікті жесін деп жас жігіттер қасқыр інінің қасына апарып тастайды. Неше күн өтеді бірақ қасқыр, не оның бөлтіріктері қозыны жемейді. Таңертең тұрсам, қойдың ішінде бөтен қозы жүр. Сонда қасқыр өлген қозыны менен көреді деп, қай жақтан екені белгісіз, қозыны әкеліп қойға қосыпты. Осындай да оқиға болған. Айта берсе, қасқырдың ақылдылығын паш ететін дәлелдер өте көп. Мен сендерді қасқырдың апанына әдейі әкелттім, өйткені мен осы жерде бәлен жыл қой бағамын тіптен қасқарлармен татуласып кеткенбіз. Қасқыр маңындағыларға тиіспейді. Сондықтан күзетшің мықты. Қасқыр еркіндікті жақсы көретін аң. Оны қолға үйрету қиынның қиыны. Қасқыр қақтығыстан қайтпайды. Не жеңеді, не өледі. Әйтеуір аяғына дейін жеткізеді. Ол тек қана балғын, жаңа етпен қоректенеді. Өлексені татып алмайды. Сонымен қатар, ол өзінің маңдай терімен ұстаған олжасын ғана жейді. Қасқырлардың тағы бір ерекшелігі ұрғашы қасқыр мен еркек қасқыр жұптарын жазбай өмір сүреді. Бір — бірін ешқашан алмастырмайды. Оларды тек қана өлім ғана ажырата алады. Бала тәрбиесіне екі жақ та атсалысады. Бір-біріне деген адалдығын қасқырлардың басты ерекшелігі ретінде атауға болады. Ұрғашы қасқыр ұйықтап жатқанда, еркек қасқыр күзетіп тұрады. Қасқырлар араларындағы жұп қасқырларға (яғни, еркек пен ұрғашы) құрмет көрсетеді. Олжалы бола қалса бірінші соларға бөліп береді, жататын жерлерін де жайлы, оңашалау жерден таңдап қояды. Күшті қасқырлар әлсіздерге қамқор болады. Ал, егер де өзара заңдылықты бұзатын болса, онда олармен басқаша сөйлесуі бек мүмкін. Ауа-райы жайлы болса, қасқырлар орман ішінде 9 км жердегі дыбысты ести алады. Ал ашық далада 16 км қашықтықтағы дыбысты құлағы сезеді. Сен қасқыр деп қорықпа, ол зұлымдықты да, жақсылықты да сезетін аң, — деді Мағзұм аға ауылға кетіп бара жатып. Қой бағып қала бердім. Таңа ата тұрсам бір тоқтым ауырған ба, өліп қалыпты. Малды жайылымға шығаруға әлі ерте болған соң кеңшардың ветврачына барып қойдың өлгенін айтайын, тексерсін, сосын қойдың өліміне акт салдырып мойнымнан шығартайын деп атыма жайдақ міне салып күн шықпай ауылға тартып кеттім. Шауып келемін енді келесі ағаш қойнауынан кейін ауыл көрінуі тиіс деп топшылап келемін. Бір кезде шауып келе жатқан атым кілт тоқтағанда, аттан сыпырылып құлап қала жаздадым. Бірақ аттың жалында ойнап өскен қазақ баласы емеспін бе, аттың бауырына жабысып жүгеннен айрылмадым. Бір кезде атым көкке шапшығанда тақымымды қысып құламай қалдым. Ат неден қорықты деп алдыңғы жаққа қарасам 100 метрдей жерде үш қара түсті қасқыр ағаш қойнауында мен жаққа қарап шоқиып отыр екен. Қасқырлардың түстеріне қарай басқа жақтан ауып келе жатқан қасқырлар екенін ұқтым. Өйткені Арлан мен Қабыланның түстері ақшулан болатын. Сонда да атымның басын жібермей алға жүруге талпынып едім, атым тағы көкке секіргенде жалға жабысып жүгеннен айрылмадым. Енді амалсыз аттың басын қосқа қарай бұрып едім, ат соны күткендей кері шаба жөнелді. Аттың бауырына жабысып, тақымды қысып шауып келе жатып, арт жағыма көз салсам, қасқырлар мені қуып келе жатыр екен. Жаным ышқынып атымды қамшымен сипай өтіп едім, сәйгүлік емес пе, ат одан сайын ытты. Сонда да қасқырлар мен арамыз қысқарып келе жатты. Егер қосқа жетсем құрған «қосым» қасқырдан пана бола ала ма, ал шабыстан аттым зорықса не істеймін деген ой мені әлем-тапырақ қылды. Қызып алған ат тоқтар емес, мен атқа жабысып алдым. Міне қоста алыстан мұнартып көрінді, аттың шабысынан шарбақтың ішінде жатқан қойлардың да үріккенін көрдім. Бір кезде о тоба алдымнан екі қасқыр атып шықты, олардың Арлан мен Қабылан екенін таныдым. Құрыған жерім осы шығар деп көзімнен жас шығып кетті. Бірақ үйренген атым айылын жиар емес қасқырларға қарсы шауып келеді. Осы кезде жанымнан Арлан мен Қабылан зу етіп өте шықты. Содан кейін жүрегім орнына түсті. Атың бауырына жармасып қасқырлар жаққа көз салып едім, Арлан алда келе жатқан қасқырды кеудесімен соққанда, ол әудем жерге ұшып түсті. Қабылан екінші қасқырды кеудесімен соққанда ол да домалап кетті. Үшінші қасқыр тоқтамап еді, Арлан оны қуып жетіп желкесіне қапсыра тістеп сілкіп — сілкіп кейін лақтырып жіберді. Содан Арлан мен Қабылан олардың алдарын кес кестеп тұрып алды. Келімсек қасқырлардың жүндері жығылып, өз жөндерімен кете барды. Мен де аттың басын тежедім. Содан кейін ғана Арлан мен Қабылан кері бұрылып менің жанымнан өтіп бара жатқанда қуанғаннан көз жасыма ие бола алмай жылап жібердім. Ол кезде он алты жасар бозбаламын. Осылай Арлан мен Қабылан мені бір ажалдан аман алып қалған болатын. Мен қасқырлармен үйлесімін тауып тұрып жатыр едім. Бір күні таңата айғай-шудан ояндым, Аслан деген азамат қостың алдында тұр. Атына қасқырдың өлген аналығын өңгеріп алыпты, арбасында қасқырдың өлген бөлтіріктері жатыр. «Сапарым өте сәтті болды, – деп бастады сөзін Аслан – таң сәріден қасқырдың апанын оңай тауып алдым. Апан аузында бөлтірігін ойнатып қасқыр жүр екен. Көп ойланбастан қасқырды атып салдым. Ал бөлтіріктерін итім жайратып тастады. Арланы қашып кетті, — деді. Жаным түршігіп «Қасқырларды неге атқансың олармен ебін тауып тұрып жатыр едім, енді олар қойға да, жанға тыныштық бермейді ғой» деп ренжідім. Бір кезде алыстан Арланның ұлыған дауысы естілді.Қойды өргізіп алып кеттім. Апанның ауызы үңірейіп тұр. Кешегі ойнап жүрген бөрілер мен қасқырлардың жоқ болуы мені әжептәуір қобалжытты. Арлан басқа жаққа ауып кеткен шығар деп атты тұсап қойларды бақылап жатып ұйықтап кетіппін. Елегізіп оянып кетсем дәл жанымда Арлан тұр. Зәрем қалмады. Не істерімді білмей қатты састым. Ол маған қадала қарап тұр. Кешегі атып тастаған қасқырлардың арланы. Енді тіпті қорықтым, тіпті үнім шықпай қалды. Үрейім ұшып барады, көзімнен жас шығып кетті. Бар күшімді жиып: «Арлан кешір мені, мен саған көмектесе алмай қалдым!» – дедім. Үнім сыбырлағандай болып әзер шықты. Арланның көзінен жас парлап тұр екен, мұндайды көрмеген мен тұрып қалдым, ол мені таныды. Қасқыр ұмтыла ма деп едім, жоқ, ол маған біртүрлі кінәлағандай қарады да, жалт бұрылып, жөнімен кете барды. Қысқасы, түз тағысының мейірі адамзат баласынан жоғары болғаны ғой, ол маған да, қойыма да еш зиянын тигізбей жөнімен кетті. Денемнің дірілін біразға дейін баса алмадым… Тамыз аяғында қабылдау емтиханын ойдағыдай тапсырып жоғары оқу орнына түстім… Оқуымды ойдағыдай аяқтап ауылға келісімен, өзімнің алғаш еңбек жолын бастаған жайлауды бетке алдым. Күз айы болса да, күн шайдай ашық. Ағаштың жапырағы түсіп орман іші мүлгіген тыныштық. Жолда жортқан түлкі, қояндарды көзім шалды. Аспанда қиқулап құстар жылы мекендеріне бой түзеген. Бір кезде қасқырлардың апаны тұрған жаққа көз тігіп едім, бірдеңе қарайып жатқан сияқты болды. Тастап кеткен апанды қасқырлар мекендемеуші еді ғой деп машинамды от алдырып апанға жақындап бардым. Сақтық үшін жан жағымды зерттеп алдым. Қасқырлар көрінбейді көзіме елестеген ғой деп машинамнан түсіп апанға таяп бардым. Апанның алдына қурай өсіп кетіпті ал аузына қарай қасқырдың қаңқасы көсіле жатыпты. Сүйегі ірі көрінді. Оның Арлан екенін білдім. Бөрінің жансыз денесінің өзі қандай сұсты. Неге ол бұл жерге келді екен, әлде аңшылардың оғынан жараланып, немесе өзінің сыңарын жоқтап келді ме екен, енді ол белгісіз? Өйткені қасқырлар сыңарынан айрылса ешқашан жұп құрмайды дегенді естуім бар. Күздің сарғайған жапырақтарын қолыммен көсіп – көсіп алып арланның сүйегін жаптым. Қанша дегенмен қазақтың бөрі мінезді баласымын ғой.

Ерсін Ерғалиев