«Kassanov» компаниясы ОҚО-да демалыс және жылыжай кешендеріне қаржы салмақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жергiлiктi және Түркия Республикасының бір топ кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Атап айтқанда,  «Kassanov» компаниялар тобының қазақстандық еншілес кәсіпорындары «KA Global Construction» ЖШС, «Тур-Хан» ЖШС және «Казсисофт» ЖШС-нің жетекшілік құрамымен әңгімедүкен құрған өңір басшысы аймақты дамытудың түрлі жобалары мен жоспарларын талқылады. Инвесторларды «Kassanov» компаниясының құрылтайшысы Зиятдин Касанов бастап келді.

Қос тарапты кездесу барысында, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы сөз қозғалып, Жансейіт Қансейітұлы аймақтың жетістіктерімен қатар, мүмкіндіктерін де тізбектеп өтті.

«Оңтүстікте ауыл шаруашылығы, туризм, коммуналды шаруашылық, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, автомобиль жолдарының құрылысы сынды салаларда бірлескен жұмыс істеп, қаржы салуға ниеттіміз. Еншілес компанияларымыз күнгейде бірнеше бағытта жұмыс істеп, өңірдің өркендеуіне атсалысқысы келеді», — деді З.Касанов.   

1daa6fa0-f701-4c66-a37e-3263c96ee5f8

Мәселен, жиында «Тур-Хан» және «KA Global Construction» ЖШС-ларының жетекшісі Окан Ешильгез Сарыағаш, Шардара аудандары мен Түркістан қаласында қонақ үй құрылысын жүргізуге құлықты екенін айтып, Сарыағашта емдік-сауықтыру кешенін салуды көздеп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан сервистік қызмет көрсету нысандарын, ауыл шаруашылығы үшін органикалық тыңайтқыштар өндіру зауытын, жылыжай кешенін салуға дайын екенін мәлімдеді. Компанияның бүгінгі күнге дейін Алматы мен Астана қалаларында бірқатар жобалар бойынша жемісті жұмыс істеп келе жатқанын айтқан кәсіпкер су көздерін ашу және оны тазалау қызметін ұсынып, сол арқылы су тапшылығын азайту жобасы мен Шымкентте қоғамдық көліктерге арналған аялдамаларды салу ұсынысын паш етті. 

Ал «Казсисофт» ЖШС-нің бас директоры Батырбек Әбділдин әкімге денсаулық сақтау саласындағы тың жобаларын жеткізді. Дәрігердің науқастың жағдайын қашықтықтан бақылап отыруға мүмкіндік беретін қосымша жаңа қызметін емдеу-профилактикалық шараларына енгізуге болатынын жеткізген бизнесмен аталған жобаның Астана қаласындағы қалалық клиникаларда сәтті жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Түрік кәсіпкерлерінің осынау тың жобаларын оңды қабылдаған Жансейіт Қансейітұлы барлық ұсыныстар бойынша инфрақұрылымдық жерлердің беріліп, әкімдік тарапынан тиісті қолдаулардың ұйымтастырылатынын хабарлады.

«Жобалардың барлығы көңілге қонымды. Енді, тек іске кірісу ғана қалды. Ол үшін әкімдік жағынан жер бөлу, инфрақұрылымын реттеу, салықтан босату сынды жағдайлар қарастырылатын болады. Мысалы, жылыжай кешенін дамыту бойынша, әзірге, 100 гектар жерді жалға алуға болады. Жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатса, оның көлемін ұлғайту жағын қарастырамыз», — облыс әкімі Ж.Түймебаев.

Инвесторлар ұсынысқа қызығушылық танытып, қаржы салуға ынта танытып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі