«Кастамону — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы басталды

Түркістан қаласында өткен ТҮРКСОЙ тұрақты кеңесінің  XXXV отырысындағы шешімімен 2018 жыл — «Кастамону-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы ретінде жарияланғаны белгілі. Осы айтулы шараның жабылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Ж.Түймебаев өз құттықтауын жеткізіп, эстафетаны тапсырған болатын.

Биыл Ұлыстың ұлы күнінде Түркия Республикасының Кастамону қаласында айтулы шараның ашылу салтанаты өтті. Күллі түркі халықтары Наурыз мерекесін тойлады. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен мерекеге Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр, Татарстан, Македония сынды 19 мемлекеттен 400-ден аса делегат қатысты. Түркітілдес елдерге ортақ мерекеге Қазақстанның атынан оңтүстікқазақстандық өнер ұжымдары, оның ішінде «Алтын Қаракөз» және «Қазына» би ансамблі, «Семсер» тобы, сондай-ақ Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетті.

Әз-Наурыз мерекесіндегі шараға Түркия Республикасының премьер министрінің орынбасары Реджеп Актаг пен Мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмуш, Кастамону қаласының губернаторы Яшар Карадениз, ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және отандық БАҚ өкілдері қатысты.   

Ұлыстың ұлы күнімен күллі түркі жұртын құттықтаған Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Құрабайұлы тарихи ескерткіштер мен киелі орындарға бай Кастамону қаласының түркітілдес елдерге ортақ орындары мол екендігін жеткізді.

«Жыл сайын түбі бір түркі жұрты бас қосатын Наурыз мейрамы мен айтулы шараның тұспа-тұс келуінің маңызы зор. Мәдениеті егіз түркі ұрпақтары Ұлыстың ұлы күнінде бас қосып, төс қағыстырып, бауырластығын білдіруі дәстүрге айналған. Биылғы жылы Кастамону қаласында түркі елдері  50-ден аса көлемді іс-шараларда бас қосатын болады » — деді Дүйсен Қасейінов. 

Түркиядағы өнер сапары Кастамонудан соң Анкара, Болу, Ыстамбұл қалаларында жалғасын тапты. Сондай-ақ, 24 наурыз — 6 сәуір аралығында Болгария, Македония, Босния, Албания, Черногория мемлекеттерінде Наурыз мерекесіне арналған концерттерде отандық өнерпаздар өнер көрсетеді.

 фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімнің баспасөз қызметі