Қатал шындық
Мына әлемге адамнан не керек деген сауалға жауап іздеген бұл мақалаға 300 000 ұнату басылған. 8 мыңнан аса пікір жазылыпты. Бірақ мақала авторы Дэвид Вонг аса жағымды нәрсе жазбаған. Оның айтқан нәрселері адам санасын сарсаңға түсіреді. Қарсылық, наразылық тудырады. Бірақ айтқаны өмірден алынған соң адамды шынымен өзгертетінін мойындатады. Оның айтқандары адам баласын өзгертіп, өсіруге лайықталған.
Сіздің өміріңіз несімен бағалы?
Егер жұмыста жетістікке жетіп, өз өміріңіз өзіңізге ұнаса, сүйіктіңізбен бақытты болсаңыз, ары қарай оқымай-ақ қойсаңыз да болады. Онда сізге тек сәттілік тілейміз! Күніңіз жақсы өтсін!
Ал, қалғандарға сұрақ қоямыз: өзіңізді нақты көрсететін айқын дүниелердің бесеуін атаңызшы! Соларды қағазға түсіріп алыңыз. Немесе бөлмеде отырсаңыз айқайлап айтыңыз. Егер айта алмасаңыз, онда бұл мақала сіз үшін!
№ 6. Бұл әлем сізден не алады?
Өзіңіз өліп-өшіп сүйетін адамыңызды атып кетті деп ойлап көрейікші. Көшенің ортасында қансырап, қыңсылап жатыр делік. Бір жігіт келеді де сізге «ары тұр» дейді. Ол жарасын қарап, бәкісін алады да – көшеде ота жасамаққа ниеттенеді. Сіз одан «Дәрігерсіз бе?» деп сұрайсыз. Ол «Жоқ» дейді. «Не істеп жатқаныңды білесің бе өзі?» дейсіз. Осы сәтте жігіт ашуланады. Ол өзінің жақсы адам екенін, әрдайым керекті жерде уақтылы жүретінін айтады. Ол сізге өнегелі ұрпақ екенін, өмірінде әуестенетін дүниелері көп екенінін жеткізеді. Сонысына мақтанатынына, сосын ешқашан бейпіл сөйлемейтінін де ескертеді. Сіз қысыласыз. «Мұның барлығын неменеге езіп отырсың? Менің сүйіктім өлейін деп жатқан жерде? Мына жарақаттан оқты алып тастайтын адам керек! Сен соны жасай аласың ба, жоқ па?» дерсіз. Енді жігіт үгіттейді сізді. Неге осыншалық жеңілтек, өзімшілсің деп. Менің айтқандарымның ешбірі ұнамады ма? Менің жүретін қызымның туған күніне дейін есімде болатынына неге мән бермейсің? Осынша маңызды нәрселерді текке тізіп шықтым ба, оның жанында ота деген не?
Осы мезетте сіз орныңыздан атып тұрасызда, қан-қан қолыңызбен оны жағадан ала түсесіз. «Мұның барлығының маған еш қажеті жоқ. Маған осы сәтте қанды тоқтатып, оқты суырып алатын адам керек, ей нақұрыс!»
Сыртқы әлем туралы ең қорқынышты шындық осы: әр адам осындай үміті үзілмелі сәтті күнде басынан кешеді. Сіз бәкісін жалаңдатқан жігіттің орнындасыз. Ал, қоғам – қансырап жатқан атыс құрбаны.
Неге қоғам сізден тыс айналады, яки сыйламайды? Өйткені, қоғамда мұратын іздеген адам көп. Оларда баспана , тамақ, ойын-сауық, нәпсісін тояттату сұранысы ғана бар. Ал, сіз төтенше жағдай болған жерге бәкіңізді жалаңдатып жетіп келдіңіз. Сіз туған кезде, дүние есігін ашқан сәтте тоқтаусыз жүйенің бөлшегіне айналасыз. Бұл жүйе тек адамның сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.
Болмаса, сіз «адамдардың қалауын табу» сияқты талапқа ден қоясыз. Сол арқылы бірқатар ерекше әдеттерді меңгересіз. Әйтпесе, бұл әлем көтеніңізден бір теуіп жүйеден шығарады. Сіздің қаншалықты мейірімді, жомарт, әдепті екендігіңізге қарамайды. Сіз кедей, әрі жалғызсыз. Аязды күні далада қаласыз. Бұл ащы, дүбәрә, бақай есеп көрінуі ықтимал. Махаббат пен мейірім ше – олардың маңызы жоқ па? Әрине, бар. Бірақ бұл сезімдерді сізден өзгеден іздемейтініне сенгенде ғана көрсете аласыз. Басқадан алатынын көрсеңіз, сіздің сезімдер түгесіледі.
№ 5. Хиппилер қателесіпті
Әлемдік кино тарихындағы ұлы сәт: Алек Болдуиннің «Америкалықтар» деген фильміндегі айтатын сөзі. Болдуиннің кейіпкері – біз оны қаскүнем деп қабылдаймыз – бөлме толы жігіттерге қарап, сату көрсеткішін көтермесе, жұмыстан шығаратынын айтады.
«Жақсы жігіт деген кім? Шатағым жоқ. Жақсы әке ше? Кет, жоғал! Үйіңе бар да бала-шағамен ойна. Егер осында табыс тапқың келе ме, онда сатудың жоспарын орында».
Өте дөрекі, қатал, әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді. Ал, екінші жағынан бұдан асқан ақиқат жоқ. Әлем сенен не күтетінін бұдан артық тура әрі шын айту мүмкін емес шығар. Айырмашылығы өмірде сенімен ешкім бұлай сөйлеспеуі керек деген көзқараста болар. Осы өтірікпен өмірін өткізетіндер қанша…
Осы кинодағы сәт менің өмірімді өзгертті. Алек Бодуин Оскарға номинантталды. Бірақ кино барысында оның айтатыны осы бір-екі ауыз сөз ғана. Ақылды адамдардың байқауынша, бұл сөздің ғажаптығы көрерменнің тең жартысы «бастығың ит мінезді болғаны қандай жаман» дегенді ойлауы. Ал, екінші жартысы «Дұрыс! Дәп солай! Барыңдар да жұмыс істеңдер!» деп ойлайтынында.
Егер сол бөлмеде сіз болғаныңызда, онда бұл ұрысты тек жұмыстағы бір қисынсыздық деп бағалар едіңіз. Бірақ ойыңызда тек жұмысты дұрыс атқару ғана болады. Ал, бәз біреулер мына жігіт оңбаған екен дер еді. Менімен бұлай сөйлесуге қандай қақысы бар деп ашуланады. Немесе әдеттегі қулыққа басады. Бастықтың өрекпіген көңілін басу үшін ол туралы жаманат ақпарды қайдан тапсам екен дейді.
Екі түрлі көзқарастың айырмашылығы реніштің орнына алға жылжу туралы ойы. Осы нәрсе адамның қандай жетістікке жететінін байқатады. Көп адам Тайлер Дерденнің «Сен – ол сенің жұмысың емес» деген сөзіне еліктейді.
Бірақ сіз ол сіздің жұмысыңыз болып шығады шынтуайтында. Иә, сіздің жұмысыңыз және сол еңбек жолына салатын бар қасиетіңіз екі бөлек болуы ықтимал. Дегенмен, нәтижесі тек сіздің жинақтар әдет-тәжірибеңіз болмақ. Мысалы, ана болу — ол да жұмыс. Оған арнаулы біліктілік керек. Қоғамның өзге мүшелеріне пайдасын тигізу үшін жасалар еңбек. Сіздің «жұмысыңыз» — қоғамға тигізер бірден-бір пайда, менің барым осы ғана деп ойлап қателеспеңіз.
Осы себепті хирургтерді әжуә жазатын жазушылардан артық көреді. Механиктерді жұмыссыз хипстерден зор бағалайды. Сіздің жұмысыңыз этикеткаңызға айналады. Мәселен мынау сияқты: Ұлттық құрамадағы қорғаушы өзін өзі өлтіріпті. Тайлер: «Сен — «сенің жұмысың» емессің» деп айтты. Соған қарамастан ол сабын өндіру бойынша алдыңғы қатарлы компанияны құрды. Сол арқылы халықаралық әлеуметтік және саяси қозғалыстың басына келді. Ол өз жұмысымен біртұтас болды.
Немесе тағы бір мысал. Chick-fil-A компаниясы көгілдірлердің үйленуіне қарсы шықты. Қарсылыққа қарамастан компания миллиондаған сендвичтерін күнбе күн сатып жатты. Бұл АҚШ-пен келіскендігінен емес, тек олар дәмді сендвич жасағандықтан. Маңыздысы осы нәрсе ғой.
Не нәрсенің барлығы сізге ұнай беруі шарт емес. Менің туған күнімде жаңбыр жауғаны ұнамайды. Бірақ үнемі жаңбыр жауады. Адамның сұранысы бар. Сол сұранысының өн бойымен өмір жолында кездескен өзге адамдарды бағалайды. Ғаламның қарапайым тетіктері. Олар біздің тілектерге сай емес.
Егер мен ұсақ капиталист немесе материалист емеспін деп наразылық танытатын болсаңыз, ақша деген бәрін шешетініне келіспесеңіз – онда сізге бір сауал қоялық: Ақша туралы бір ауыз сөз айтылды ма? Одан да маңыздыны жіберіп алдыңыз.
№ 4. Сіз не істесеңізде ақша емес, адамға пайдасын тигізуі керек
Ақша емес, басқа мысал келтірейік. Мысалмен таласыңыз тумас. Бір жылда қолы түкке жетпеген көптеген адамдардың хикаясын оқимын. Олардың айтуынша, тәп-тәуір жігіт болса да, әйелдер қарамайды екен. Мұндай ойдың астарында не жататынын айтып берейін. Бірақ Алек Болдуин оны менен жақсы жеткізер. Бұл жағдайда Алек Болдуин сүйкімді әйелдің рөлін ойнайды. Әрине, бетке тік әрі дөрекі айтпайды. Қоғам өзгелермен шынайы болмауға үйретеді. Бірақ негізгісі ол емес. «Жақсы жігіт деген кім? Шатағым жоқ. Жақсы әке ше? Кет, жоғал! Үйіңе бар да бала-шағамен ойна. Егер осында табыс тапқың келе ме, онда сатудың жоспарын орында».
«Сонда менде дені дұрыс жалақы мен қалтам толы ақша болмайынша тәуір қыз қарамайды дегің келе ме?»
Бұл сіздің мидағы ауытқу. Сізге осындай түйін тиімді. Келіспейтіндердің барлығы өзімшіл әрі жеңілтек болып шығады. Не ұсына аласыз? Ақылдысыз ба? Көңілді? Қызықты? Дарынды? Менменсіз бе? Заманауи? Мейлі. Осы қасиеттің бәрін әлемге жария ету үшін не істедіңіз? Жақсымын деп айту жеткіліксіз. Әдемі қыздардың бәрінің жанында аптасына 36 рет сен ғажапсың дейтін жігіті бар. Көшеде адам қансырап жатыр. Сен оған ота жасай аласың ба? Жоқ па?
«Мен нәпсіқұмар, сараң, қатал, нәсілге бөлгіш емеспін! Басқа оңбағандар сияқты емеспін!» деуіңіз әбден мүмкін.
Бірақ, кешіріп қойыңыз, егер қолыңыздан ештеңе келмесе, мұндай ақылды тыңдау қиындау. Ендеше қансыраған адамнан ары тұр. Анау ақылына көркі сай бойшаң жігіттің келешегінен үміт зор, сол ота жасауға дайын.
Жүрегің қан жылай ма? Енді не болмақ? Хирург болғың келе ме? Бәрі өзіңнің қолыңда, тек жылай берме. Қыздарға тек ақшалы сұмырайлар ғана керек деп. Қыздар ол сұмырайларға олардың не ұсына алатынына қарай таңдау жасайды. «Мен тыңдай білем». Солай ма? Жақсы қыздың жанынан табылудың орнына бір бұрышта тыныш отырғаныңа малдансаң, еркің өзіңде. Ал, енді ол қыздың өмірінде басқа жігіт бар деп ойла. Ол да тыңдай алады, оған қоса гитарада ән салады.
Мен жақсымын деу – үздік тағам ұсынудың орнына тек уландырмайтын тамақ сататын мейрамхана сияқты болу. «Ағылшынша кино» немесе «Әртістер жақсы көрінеді» деген атаумен ұсынылған кино секілдісің. Осы себепті ғана сен «жақсы жігітсің». Өзіңді ойлағанда бойыңды қорқыныш билейді. Ал, шын мәнінде…
№ 3. Ештеңе істемегенің үшін өзіңді жек көресің
«Сонда қызды қалай табу керек деген кітап оқы демексің бе?»
Иә. Бірақ ол кітаптың бірінші сөйлемі «Қыздар қасыңнан табылатын жігіт болғың келсе» деп басталуы керек.
Бұл қадамға ешкім мән бермейді. «Жұмысты қалай табам?» дейді, «Жұмыс беруші армандайтын адам болғым келеді» демейді. «Сұлу қызға ұнау үшін не істеуім керек?» дейді. Бірақ «Қыздарға ұнайтын жігіт болу үшін не істеу қажет?» демейді. Екінші түрдегі сұрақтар мағынасы жоқ әуестіктеріңізбен қоштастыруы кәдік. Сыртқы әлпетіңізге көңіл бөлуді, тағысын тағыларға жетелейді. Өзіңіз мүлде өзгеруіңіз де мүмкін.
«Неге осы күйімде сүйетін адам табылмайды?» дерсіз. Жауабы: Өйткені, адамдардың қажеттілігі көп. Құрбан болған адам қансырап жатыр, қолыңнан келері жаның ашып, қарап тұру. Әлемде оқ тиген жер өздігінен жазылған бірде бір мысал жоқ.
Және бір бейне. (Вот еще одно видео). Ішкиімшең сыртыңнан жамылғыңды іле салып сахнаға шығып, лыпаңды лақтырып тастап, сайманыңмен жұрт алдында жүгіруден не ұстайды сізді? Осылай жасаған адам бір шындықты анық түсінді. Жасамағаннан жасап көру дұрыс екенін білді.
«Мен соншалықты жақсы емеспін!». Не дейік? Жақсы жаңалығымыз бар. Қайталауға уақыт бөлсеңіз, тәуірленуге мүмкіндік бар. Жеткіншек күнімде нашар жазушы болдым. 25-ке келгенде біршама өстім. Жұмысым жүрмей жатқан 8 жыл бойына ақырындап жаза бердім. Аптасына бір мақаладан. Бірақ мақала үшін ақыны тек сегіз жылдан соң ғана ала бастадым. Көзге түсіп, жақсы жазушы атанып, New York Times бестселлер тізіміне ену үшін 13 жыл қажет болды. Өзімнің нашар мәтіндерімді жақсартуға маған 20 000 сағаттық тәжірибе керек болды.
Өз уақытыңды тәжірибе жинауға жұмсағың келмей ме? Онда сізге бір жақсы және бір жаман жаңалық айталық. Жақсысы – жұмыста жинайтын тәжірибе әлемнен тығылған жұмыртқа құрсауды жарып шығуға көмектеседі. Жылдар бойы кеңселік іш пыстырарлық еңбекпен шұғылдандым. Тәжірибені сырттан алатынымды білдім. Кей адам бастаған ісін орта жолда қалдырып кетеді. Олар нәтижені лезде көргісі келеді. Жалпы жүріп жатқан үдерістің өзі нәтиже екенін түсіне алмайды.
Жаман хабар – сізде таңдау жоқ. Жұмыс істегіңіз келсе, жоспарды орындаңыз.
Менің сарапшылық емес пікірімше, сіз өзіңізді төмен бағалағандықтан жаман сезінесіз. Адамдардың қаталдығынан емес. Сіз ештеңе істемей жүргендіктен өзіңізді жек көресіз. Тіпті сіз де «өзіңізді осы қалпыңызда жақсы көре алмайсыз». Сондықтан сіз бақытты емессіз. Содан да маған хат салып, өмірімді қалай түзесем болады деп жазасыздар.
Мына есепті шығарыңыз: өзгелер ойлап тапқан тұтынушылық заттарға неше уақытыңызды бөлесіз (ТВ, музыка, бейне ойын, сайт), өзіңізге неше сағат арнайсыз? Осы уақыт қана сіздің өміріңізді бағалы етеді.
«Ең бастысы ішің таза болсын» дегенмен өмір сүрсеңіз, онда мынаған құлақ салыңыз…
№ 2. Іштегі ой сізді қозғалтуға шамасы жетсе ғана маңызды
Осы бизнесте жүргендіктен, мен өзін жақсы көретін талай авторды білем. Олар өздерін жазушы сезінеді. Танысқан кезде осылай танысады. Өйткені, іштей өзін жүрекпен жазамыз деп сенеді. Олар көрмейтін бір гәп: жазбалары қайда жатыр?
Мұның маңызы бар ма? Жазды ма – болды, жазушымын деушілерге осы да жеткілікті. Жоғарыда айтып өткен жабынды туралы әңгіме осыған саяды. Оны адамға менмендік айтқызады. Ішкі сыни пікірден алшақтатады. Өзіңді жетілдіруге тұсау салады. «Ішімнен жақсы адам екенімді білем» деген сатқын ой. «Мен өзіммен өзім болуым керек». «Мен кім екенімді білем ғой» деген сыңарлары бар.
Бөтен ой тумасын. Ішіңізде не бар болса, сіз солсыз. Үйді бастан-аяқ өзі салған жігіт — іші сондай болған соң салды. Сіз жасаған кез келген жаман қылық жаман ойдан басталды. Ол сізді толқытты, тебірентті, сыртқа шықты. Жақсы қылық та осылай жасалады. «Ішіңде кімсің» деген тіркес – метафоралық қи, онда сіздің жемістер өнеді.
Әр адам білуге тиісті бір ақиқат. Мұны көпшілік түсінбеуі де мүмкін. «Сіз – тек жеміс қанасыз, басқа ештеңе де емессіз».
Бөтен жанды сіздің қи қызықтырмайды. «Ішіңізде кім бар» деп үңіліп жатпайды. Ал, өзгелерге не ұсына аласыз? Бұл маңызды. Іштей кедейлерге жаныңыз ашиды. Жақсы делік. Осы ойға байланысты жасалған тым болмаса бір әрекет бар ма? Сұмдық жағдайды естігенде, «ойбу, бейшара балалар-ай, оларға менің не ойлатйнымды жеткізіңізші» дейсіз бе? Бұл иттік болады. Оларға не керегін анықтап, соны апарып беруге тырысыңыз. Kony туралы бейнежазбаны миллиондаған адам көрді. Виртуалды түрде олар африкалық балалар туралы ойлады. Бұл қоғам сол ойдан не тындырды? Түк те. Балалар күнде өліп жатыр. Өйткені, миллиондаған мендер өзіне жан ашу әрекет етумен бірдей дегенді таңдады. Мидың жалқау бөлігімен қадағаланатын ішкі механизм. Ол бізді өмірдегі нақты жағдайларға мән беруден тартындырады.
Қаншама адам қазір «Егер ол мені шын білсе, жақсы көрер еді» деген сылтаумен өмір сүріп жатыр. Солай ма? Сіздің ұтымды ойларыңызды білмеген соң сізді байқамаған болып шығады. Бұл ойдың бәрін өмірге қалай ұсынуға болады. Олар өзін әлемге сізсіз бере алмайды ғой. Ой әрекетке бастауы керек емес пе? Егер сіз сүйетін жан бір ай бойы сізді бейнетаспаға түсірсе, әбден риза болар еді деп ойлайсыз ба? Адам ойды оқымайды. Тек көргенін бағалайды. Олар сіздің өмірдің бір бөлігіне айналғысы келер ме еді?
Сіздерге айтпағым: өзгеге қолданатын таразыны өзіңізге де ұстансаңыз. Жаныңызда бір діндар досыңыз бар шығар, не айтсаң да «дұға жасайын сол үшін» дейтін. Жыныңызға тие ме? Мен мұнда дұға әсер ете ме, жоқ па – оны сөз қылмаймын. Көмектесу үшін адам бір орыннан қозғалуы керек. Қозғалыста жүретін адам кез келген жамандықтан аулақ жүреді. Олардың ниеті таза. Ішкі жан дүниесінде қи жоқ. Олар қандай жеміс өсіреді? Олар осылай істеу ең жақсы ұстаным екенін терең түсінеді. Інжілде айтатын сөз бар: Иса пайғамбардың сөзі, «ағашты оның жемісіне қарай бағалайды» деген. Неге екенін ол пайғамбар бола тұра «осында жұмыс істегің келсе, жоспарды орында» демеген. «Жақсы жеміс бермеген ағашты шауып, отқа жағу керек» деген.
Адамдарға мұндай нәрсені айтсаң қабылдамайды. Менеджер атаулы да Алек Болдуиннің фильмдегі сөзін жақтырмады. Олар не пайда әкелуі тиістігін, не жұмысын ауыстыруы керектігін ұғынбады. Бұл жағдай соңғы сөзге әкеледі…
№ 1. Жан дүниеңіз жетілуге қарсы болады
Адамның санасы — ерекше ғажайып дүние. Өзгергіңіз келген кезде оның жұмысының тыңғылықты екенін анық байқайсыз. Сіздің психикаңыз қорғаныш механизмдермен қапталған. Сізді өзгеріске бастайтын әр ой тамыр сала бастаған сәтте оны сол жерде жойып отырады. Осыны кез келген есірткі шегушіден сұраңыз.
Тіпті қазірдің өзінде осы мақаланы оқыған адамның көбі жақтырыңқырамайтыны айқын. Қабылдама мұны деп тұр. Өзімнің жеке тәжірибеме сүйеніп, «сынның бәрін қабылдау қорлану» деп түсіну ағаттық екенін айта аламын.
«Мені жалқау, пайдасыз деп айтатындай кім ол? Жақсы адам менімен бұлай сөйлеспес еді. Өзінің менен артық екенін көрсету, өзімді осынша төмен сезінуім үшін ғана жазып отырған ғой. Мен мұны бұлай қалдырмаспын, есебімді түгендеймін!»
— Сіз мұнда не айтылғанына емес, кімнің айтқанына мән беріп тұрсыз.
«КІМ ол соншама? МАҒАН ақыл айтатындай? Кезекті желідегі ақылман! Оның кім екенін анықтап алатын ақпарат іздейін. Оның интернеттегі бейнежазбаларын көрдім, жазғандары – қоқыс әшейін!»
— Мұнда да мақаланың мазмұнына емес, қалай жазылғанына мән беру басым
«Тіл тигізерлік бір қалжыңын тауып алайын. Оны мәтіннен жұлып алса болғаны, сол туралы ғана ойлап, есемді түгендеймін. Бір қорлық сөз бүтін кітапты жоқ қылатынын білем».
— Өз қиялыңызды өңдеу
«Жаман ештеңе бола қалған жоқ. Өткен айда өзіме өзім қол жұмсағанымды білем. Бірақ қазір бәрі өзгерді. Менің қалым жақсарды. Осылай жүре берсем, бәрі өзі-ақ жақсарады. Біраз уақыт демалайын. Сосын ол қызға тағы барам. Бәрібір ол менікі болады!»
— Өзіңді өзгерту – өзіңнің меніңді сатып кетуге пара-пар деу
«Сонда мен барлық комикстерді ысырып қойып, алты сағат бойы спортзалда шаршауым керек екен ғой? Телешоудағы есалаңдар сияқты өтірік күнге күйіп, қап-қара болып жүруім керек пе? Жалғыз балама осы ғана ма?»
Осылай кете береді. Қайғыру – ыңғайлы. Сол үшін адамдар қайғыруды таңдайды. Бақытты болуға қажыр-қайрат керек. Батылдық болуы шарт. Егер сен ештеңе жасамасаң, ешкім келіп бұзып кетпейді. Осылай ойлау ыңғайлы.
Бір орындықтан түспей, отырып алып өзгеге сын тағу деген оңайдың оңайы. Дәмсіз кино. Мына балалар жаман тәрбиеленіпті. Анау жұптың қарым-қатынасы саз балшық сияқты. Тұралап қалған. Мынау бай кісі тиын санағыш екен. Ар жақтағы мейрамхана – түкке тұрғысыз. Осы бір интернет-жазушы – топас. Жазбаларына оны жұмыстан шығаратындай пікір қалдыру керек екен. Көзін құртсын. Көрдіңіз бе, мен де бірдеңе жасап қойдым.
Айтпақшы, айтайын деп ұмытыппын. Сіз жасағыңыз келген нәрсенің барлығы – мейлі ол тақпақ, соны әдет, жаңа қарым-қатынас болсын – айналаңызда сіз жасаған нәрсеге кері пікір айтатындар көп екендігін байқайсыз. Тіпті, сіз жоқ жерде болса да олар дегенін тықпалап әуреленеді. Алқаш достарыңыз сау жүргеніңізге наразы болмақ. Семіз достар арықтағаныңызға қарсы. Жұмыссыз достар жұмысқа басы бүтін берілгеніңізді түсінбес.
Олар тек өзінің қорқынышын көрсететінін ұмытпағайсыз. Ештеңе істемеуді ақтап алу үшін өзгенің еңбегін жоққа шығару әдет.
«Егер оны басқалар шығарса, мен не үшін жасауым керек? Ендігі бір роман жазып тастар ем, әзірге ерте, тағы бір жақсы кезі келер, кезекті дүниені жазғым келмейді». Өзі ештеңе жасап көрмеген адам өзін керемет санайды. Оны ешкім сынамайды. Егер ол бір нәрсе жасап шығарса да, ол бұны басқа мағынада жасағананын айтып, ақталады. Әдейі нашар жасадым дер. Бұл шынайы икемін көрсету болмағандығын паш ету. Нағыз шабытпен істеленген дүние керемет болатынына сеніммен қарайды. Сендердікіндей шала-шарпы емес. Ақыр соңы пікірдің бәрі мына ойға саяды: «Бұндай нәрсені жасағанды доғар. Мен жасайтын нәрседен бөлектеу екен. Ал, жасаған нәрсеңізбен елдің назарын аударуыңыз мені өзім үшін алаңдауға итермелейді».
Мұндай адам болуға асықпаңыз. Егер осындай босаңыз, доғарыңыз. Адамдардың сізді жеккөруінің бірден-бір себебі осы. Осы қылығыңыз үшін өзіңізде өзіңізді жек көресіз.
Бір жыл. 2014 жылдың соңғы жағы. Біздің дедлайн. Немесе мұны оқымағанға дейінгі жыл. Басқа жұрт «биыл мен 15 келі тастаймын» деп жатқанда, мен сізге есі дұрыс бір әдет меңгеріңіз деп жатырмын. Сізді адам ретінде өсіретін бір қылықты игеріңіз. Және соны жақсы деңгейге шығарыңыз. Өзге жұртқа әсер ететіндей болсын. Не екенін менен сұрамаңыз. Өзіңіздің бейіміңіз бар дүниеге ықыласыңызды бөліңіз. Түк таппасаңыз, каратеге жазылыңыз. Би үйірмесіне. Қолөнер мектебіне. Тамақ пісіруді үйреніңіз. Құстарға ұя жасаңыз. Массаж жасауды меңгеріңіз. Бағдарлама жасаудың тілін игеріңіз. Тым құрымаса порно түсіріңіз. Суперқаһарман болыңыз. Қылмыскерлермен күресіңіз. Жоқ дегенде YouTube-тан бейнеблог жүргізіңіз.
Айтпағым, ұлы істерге көшпес бұрын майда-шүйдені де естен шығармау керек. Көп ақша табу үшін бір нәрсеге назар тоқтатуды үйрену шарт. Осы үйренгеніңізді жетілдіріп, өзгелер қайталай алмастай деңгейге шығарыңыз. Сонда өзгелер үшін сіз бағалы әрі қымбат жан боласыз.
«Менде ақша жоқ. Үйірмеге қатыса алмаймын» деген сылтаудан алыс болыңыз. Интернеттен тауып алыңыз. Не деген адамсыз! Сылтаулардан құтылыңыз. Әйтпесе, олар сіздің түбіңізге жетеді. Осыны дұрыс түсініп алыңыз.
Сіз ештеңе жоғалтпайсыз. Ал, әлем сізге мұқтаж.
Аударған: Шынар Әбділда