ҚАТАРЛЫҚ ІРІ КОМПАНИЯМЕН ТҮЙЕ БАҒЫТЫН ДАМЫТУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысына инвестиция тарту жұмыстары жан-жақты атқарылып жатыр. Ол үшін шет мемлекеттердің ірі компания иелерімен кездесулер өткізіліп, келіссөздер жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Қатар елінен келген «Trust for Trading Co» компаниясының бас директоры Салех Джабер Аль Маримен кездесті. Жүздесуде тараптар сүтті бағыттағы түйелерді Түркістан өңіріне алып келу, өсіру жайын талқылады. Нақтырақ айтқанда, инвесторлар Қатар елінен түйелерді алып келіп, бағуды, түйелерді жергілікті шаруаларға сатуды көздеп отыр. Әрі қарай, жоспар бойынша, шарулар түйе сүтін Түркістан қаласында орналасқан «Golden Camel» зауытына өткізеді. Осы ретте, жергілікті шаруаларға жеңілдетілген несие қарастыру жайы да қозғалды.
Қазіргі уақытта «Golden Camel» зауыты түйе сүтін 850 теңгеден қабылдап, одан құрғақ өнім жасап, өнімдерін Қытайға экспорттауда. Зауыт қабылданатын сүт көлемін арттыруды көздеп отырғандықтан, бұл – жақсы ұсыныс.
Облыс әкімінің орынбасары өңір экономикасына оң әсерін тигізетін, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болатын әрбір бастамаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жоба қолға алынған жағдайда толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер қарастырылатынын айтты. Алдағы уақытта бұл жоба жіті зерделеніп, қаралатын болады.
Trust for Trading Co – Қатар мен Парсы шығанағы елдеріне мал мен етті экспорттаумен айналысатын Қатарда орналасқан компания. Бұл ірі халықаралық мал компанияларының бірінің еншілес кәсіпорны. Штаб-пәтері Австралия, Түркия, Бразилия, Уругвай, Румыния және Иорданиядағы көптеген фермаларға тиесілі. Сонымен қатар компания Парсы шығанағы елдеріне, Иорданияға, Түркияға, Индонезияға және Вьетнамға ірі қара мен салқындатылған ет жеткізуші болып табылады.
Компания импорттық елдің талаптарына сәйкес мал, бұзау және қой тасымалдауға арналған тоғыз алып кемеге иелік етеді. Шамамен 90 000 бас қой мен 12 000 бас бұзауды тасымалдай алатын үш кемесі бар. Бұдан бөлек, әрқайсысы шамамен 30000 бас қой мен 4000 бас бұзауды тасымалдауға қабілетті алты кемесі бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі