Қатігез бала қайдан шығады?
Бірінші оқиға.
Бұл көрші әйелдің әңгімесі. Жайшылықта ұлыма қолымнан келген барлық жағдайды жасаймын. Бірақ ұлым маған өте суық қабақ танытады. Туылған күнім болған кеште достарым үйге телефон шалыпты. Мен үйде болмағандықтан телефонды ұлым алыпты. Телефон шалған құрбым «бүгін анаңның туған күні ғой» десе, ұлым: «оның маған қатысы қанша» деп жауап беріпті. Мұны естіп қатты құлазыдым. Мен ұлымның туылған күніне оған не сыйлық сыйламадым – бәрін алдына төседім. Ал баламның маған «сыйлығы» осы болды.
Екінші оқиға.
Тұрмысы нашар, тұрақты жұмысы да жоқ бір әйел баласының қызыл балықты ұнатып жейтінін ескеріп, қалтасына қарамастан базардан қызыл балық әкеліп, пісіріп баласының алдына қояды екен. «Балам тоймай қалмасын» деп өзі бірге жеуге де қимапты. Бір күні баласы әбден тойып дастарханнан шегіне бергенде табақта қалған балықтың дәмін көрмекке қол соза бергенде, 12 жасар баласы: «тиме, ол менікі» деп айқайлапты. Ананың көңілі қатты суып, оңаша барып көз жасын сығып алыпты.
Үшінші оқиға.
Ауқатты бір үйдің қызы ақшаны судай шашады екен, анасы оған, «ақшаны албаты жұмсай берме, папа-мамаңның ақшасы кейін саған қалады» дей береді екен. Осы сөз қайталанған бір күні қызы шешесіне, «есіңде болсын, бүгіннен бастап ақшаны үнемдеп ұста, бұл ақшаның бәрі менікі» депті. Анасының көзі шарасынан шығып кете жаздапты.
Төртінші оқиға.
Үйі кедей, қолы қысқа бір үйдегі бала әкесінен үнемі ақша алып дүкенге жүгіреді екен. Әкесі қолын қақпайды екен. Тұрмыстық қиындықтан жасымасын деп қалағанын алып беруге тырысады екен. Бір күні әкесі оған: «балам, сенің оқу қаражатыңның өзін елден қарызға алған едік, үйде артық ақша болмай жатыр. Қарызды қайтаруға жинап отырған аз ғана ақша бар» деп шындығын айтыпты. Сонда бала қапаланып: «ақшаларың жоқ болса, мені неге таптыңдар?» деп зіркілдепті.
Бесінші оқиға.
Ермек деген баланың ата-анасы ол туылса сала некеден ажырасқан екен. Әкесін өмірі көрмепті. Анасы оны айтулы университетке түсірсем, адам қылсам деп барын салыпты. Барынша әлпетеп таңертең сағат қаншада тұрып сабақ пысықтайтынын, кеште қанша уақыт үйренетіндігін түгел анасы белгілеп береді екен. Ол 10-11 сынып оқып жүрген күнде де бәрін анасының айтқаны бойынша істеуге әбден дағдыланыпты. Тіпті, қай киімді қашан кию керектігіне де нақты әрі батыл шешім қабылдай алмайды екен. Оның үйрену қабілеті жақсы болғанымен, тұрмыстық сауаты өте төмен болып сыныптастарының алдында сан рет мазаққа қалыпты. Бір күні ол ойламаған жерден бір сыныптасына пышақ салып ауыр дәрежеде жарақаттапты. Тіпті басқалар күшпен ажыратып алмағанда өлтіріп тастау қаупі бар екен. «Даралық мінездеменің ауыр дәрежеде тұмшалануы мінез-құлықтың ауытқуына мұрындық болған, даралық мінезі тұмшаланған баланың іштегі құсасы ойламаған жерден атылып шығады» дейді мамандар.
Түйін.
Ата-ана атаулы баласын жақсы көреді. Десе де көбі қалай жақсы көрудің жолын біле бермейді. Балалар психологиясы мамандары: «аналардың жүрегі қашанда мейірлі. Алайда балаға оны жолын тауып жөнімен жеткізу керек, тәсілі дұрыс болмаса оның нәтижесі керісіне болады» деген ортақ пікірді құптайды. Қалыптан тыс әлпештеу баланы сәтсіздіктен сабақ алу, қиыншылық көру, басқаларға қарайласу мүмкіндігінен айырады. Мұндай болған бала кішкентайынан рахаттануды ғана біліп, үлес қосуды, жауапкершілікті ұмытады. Көңілінде өзін ғана ойлап, өзгені ескермейді. Жан дүниесінде өзіне ғана назар аударумен болады, басқаларды түсінуді білмейді.
Адам дүниеге келісімен екі түрлі негізгі қажетсінуі болады: бірі заттық қажетсіну; екінші рухани қажетсіну. Көп ата-аналар баланың заттық қажетін өтелсе міндетінен құтылғандай сезінеді. Рухани қажеттілікке немқұрайды қарайды. Нәтижесінде өз жүрегіне жүк түсіріп азаптанудан сырт, баласының жан дүниесі құлазиды. Кісілік қасиеті кемиді. Қоғамдық орта, қызметте елмен отаса алмайды, тіпті теріс жолға түседі.
Кеңес.
Баланы іштен жақсы көріп, аса еркелетпей тұрмысты үйренуге талпындыру керек. Онда да мәжбүрлеумен емес, қызықты тәсілдері пайдаланған дұрыс.
namys.kz