Қатты дауыл әлі де жалғасады: ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Түркістан облысында қарлы боран салдарынан төрт бағыттағы облыстық маңызы бар тас жолдар мен бір республикалық маңызы бар жол жабылды. Бірнеше ауылда электр желілері үзіліп, істен шықты. Ауа райының қолайсыздығынан туындаған жағдай ретке келтіріліп, авариялық кедергіні жою бойынша тиісті сала мамандары жұмыс жүргізуде.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен облыс әкімі аппараты мен тиісті басқармалар жағдайды реттеуге барлық құрылымдарды жұмылдыруда. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң электр энергиясы қайта қосылады.
Қатты дауыл әлі де жалғасады деген болжам бар.
Ал облыстық төтенше жағдайлар қызметі шұғыл шаралар қабылдап, күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Жұртты алыс сапарға шықпауды ескертуде.
Таңертеңнен бері Түркістан қалалық 109 бірыңғай байланыс орталығына электр жарығын қайта жағу мәселесімен 518 абонет байланысқан.
Қазіргі таңда, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізу нәтижесінде, электр жарығы қайта іске қосылды. Облыстың басқа елді мекендерінде электр энергиясы штаттық режимде берілуде.
Түркістан Облысы әкімдігінің баспасөз қызметі