«Катюшаның» қыр-сырын үйреткен…
Ел басына күн туып, ер етігімен су ішкен жылдарда қолына қару алып, Отан қорғаған азаматтардың бәрі – батыр. Себебі Отан қорғаудың, оқ пен оттың ортасында жүрудің әр сәті ерлікпен пара-пар. Сол сұрапыл жылдарда Отан үшін отқа түскен сарбаздың бірі – Қостөбе ауылының тұрғыны болған Әзизбек Тілеубайұлы болатын.
Бұл күнде бақилық болған майдангерді ауылдастары құрметпен еске алады. Бір ерекшелігі, бұл кісі Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан сарбаздардың қатарында. Бұлай деп тек айтуға ғана оңай. 18 жастағы Әзизбек 1941 жылы шілде айында әскер қатарына алынады. Бұлар мінген эшелон 20 күн жүріп, Белоруссияның Могилев қаласына жетіпті. Ол кезде оттай лаулаған қызыл қырғын соғыс қызу жүріп жатқан. Алғашында бұлар аз уақыт оқу-жаттығу дайындығынан өтеді. Содан кейін ғана Әзизбек майданға өзімен бірге аттанған жерлестері Әуезхан, Рәпілдерден бөлініп, басқа бөлімшеде қалады. Алғашында ол барлаушылық қызметке алынған болатын. Бала күнінен елгезек жігіт бұл жауынгерлік міндетті жауапкершілікпен атқарды. Жастығына қарамай командирлердің тапсырмасын мүлтіксіз орындап, көзге түсті. Әзизбек Тілеубайұлының жасаған барлауының арқасында кеңестік жауынгерлер алдағы бағдарды біліп, ұрыс тәсілдерін дұрыс жасай алды. Кейіннен өзі ширақ, ісі пысық жас жігітті полк командирі шақырып алып: « Әзизбек, сен жақсы жауынгер екеніңді дәлелдедің. Барлау қызметінде біраз тапсырмаларды мүлтіксіз орындадың. Алғыс жариялаймын. Енді сені өте құпия жаңа соғыс техникасын оқып-үйренуге жібергелі отырмыз. Қалай қарайсың, келісесің бе?» дейді. Соғыста командирдің шешімі талқыға түспейді. Бұл не десін?.. «Жарайды, келісемін» дейді жас сарбаз. Сонымен шұғыл дайындықтан кейін Әзизбек сол кездегі соғыс қаруының алыбы атанған «Катюшаның» көздеушісі болып шыға келеді. Ол №47 ерекше реактивті артиллерия полкінде қызмет етіп, жеңісті жақындату жолында аянбай айқасқан. Ауылдастары мен балаларына айтқан қысқа естеліктерінде ол: «Катюша» қаруына да қауіп көп. Аталған алып қарумен де кейде кейін шегініс жасаймыз. Бірақ мүмкіндігі болмай қалған кезде жылдам окоп қазып жіберіп, қаруды орнатып, самсап келе жатқан неміс әскеріне оқты қарша боратамыз. Бұл – өте қауіпті сәт. Ентелеп келе жатқан жау әскері оққа ұшып, күші әлсіресе жақсы. Олай болмай, күшейіп кетсе, өзімізге қатер. Талай рет тәуекелге бас тіктік. Аз ғана күшпен жаудың үлкен тобын атқылап, тежеп, жойып жіберген кезіміз де болды. Құдай сақтап, «Катюшаның» оғы діттеген жерімізге тиіп, ойлаған жоспарымыз жүзеге асып отырды. Кейде оны оталдырып, қыздырып алатын уақыт болмай, келіп қалған жауға пулеметпен оқ жаудырған кезіміз де болды. Талай жақсы жолдастар көз алдымызда оққа ұшып жатты. Ондай ауыр жылдарды еске алғым да келмейді», дейді. Шынында, сәт сайын айналасын оқ жалмаған сұрапыл сәттерді айту кімге жеңіл, дейсіз.
Әзизбек Тілеубайұлы Киев қаласын жаудан босатып, Орел, Курск шайқастарында жеңіс үшін жан аямай айқасқан. Оның майдандағы ерліктері бірінші дәрежелі «Отан соғысы» және жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен бағаланған.
Әзекең негізі майдан тақырыбын аз қозғап, көп нәрсені ашық айтпаған. Балалары қанша сұраса да: «Оның айтатын несі бар?» деп қысқа қайырып отырған. Дегенмен ауылдасы, марқұм Үшкемпір Сәдібекұлы 2000 жылы аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің 11 наурыз күнгі нөмірінде «Катюшаның» құлағында ойнаған» атты мақала жазған. Әзекең майданнан 1946 жылдың аяғында бір-ақ оралған. Өйткені «Катюша» қаруының қыр-сырын жас сарбаздарға үйреткен.
Әзизбек Тілеубайұлы 1947 жылы елге оралған соң, білімін жетілдіріп, Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) ауыл шаруашылығы техникумының есеп-санақ бөлімін бітіреді. Әуелі қызылшашы болып еңбек етеді. Содан 1982 жылға дейін 35 жыл бойы табан аудармай, Қостөбе ауылында есепші қызметін атқарады. Қостөбеде көзі ашық азаматтардың аз кезі. Әзизбек Тілеубайұлы әрі есепші болған, әрі сол ауылды басқарған.
Әзизбек ата өмірлік жары Дариға апа екеуі 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Перзенттерінің бәрі жоғары білімді.
Осылайша, қиын шақта Отан қорғап, бейбіт күнде ауыл халқына қызмет еткен әзиз жан 2007 жылы 84 жасында бақиға аттанды. Биыл Әзекең көзі тірі болғанда 100 жасқа толатын еді. Оның жасаған ерліктері көпке үлгі. Жақында ауылдастары «Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, ауданға құрметті ақсақал болған Әзизбек Тілеубайұлына Қостөбе ауылынан бір көшенің аты берілсе» деген өтініштерімен редакциямызға қайырылған болатын. Біз мәселенің мәнісін тереңірек білсек деген ниетпен Жамбыл ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жансая Оспановаға хабарласқан едік. Ол «Бұл ұсыныстан хабардармыз. Қостөбе ауылындағы атауы ескірген Зауыт көшесін «Әзизбек Тілеубайұлы атындағы көше» деп атау туралы ауыл тұрғындарының тілегі назарымызда. Бірақ атау берудің де өз заңдылығы мен тәртібі бар. Бізде республика бойынша 550 белгілі азаматтың тізімі бар. Алдымен көшелер осы тізімдегі кісілердің атына берілуі шарт. Ал ол тізімде Ұлы Отан соғысының ардагері Әзизбек Тілеубайұлының есімі жоқ. Ол кісінің жасаған еңбегі көше атауын беруге лайықты екенін де түсініп отырмыз. Сондықтан облыстық тілдерді дамыту басқармасына және ономастикалық комиссияға ұсыныс хат жолдадық. Облыстағылар республикалық ономастикалық комиссиядан рұқсат сұрайтын болады. Егер ол жақтан оң жауап келсе, аталған көшеге Әзизбек Тілеубайұлының есімін беруге болады», деді.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы