Қауіптің алдын алуға 101 млн. теңге бөлінді
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев төтенше жағдайлардың алдын-алуға ерекше көңіл бөледі. Өңір басшысы қызметіне кіріскелі облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне бюджет есебінен жаңа техникалар алып берілді. Одан бөлек, өңірде жеке тұрғын үйлердің бекемдігі де тиісті мамандар тарапынан тексерілуде.
Енді Сайрам ауданы аймағындағы Сібір жарасы ошағы көміндісін бетондау жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 101 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы жуырда ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі аппаратының құқық бөлімінің бас маманы Мейіркүл Батырбекова мәлім етті.
М.Батырбекованың айтуына қарағанда, Сайрам ауданы Қарамұрт ауыл округі Жаратөбе аумағындағы Ақсу өзенінің жағалауында 1987 жылы Сібір жарасын жұқтырған бірнеше қара мал көмілген болатын. Алайда уақыт өте келе Ақсу өзенінің арнасы кеңіп, көміндіге қауіп төну фактісі анықталған. Нақтырақ айтсақ, көктемгі су тасқыны кезінде Ақсу өзені суы тасып, өзен арнасын қорғау мақсатында салынған ұзындығы 200 метр, биіктігі 2 метрдей бетон плиталары бұзылған. Сондай-ақ, өзен арнасынан шағал тас алу салдарынан Сібір жарасы ошағы көміндісінің ашылып кету қаупі бар.
Сондықтан Сайрам ауданы әкімі тарапынан мердігер тартылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде екен.
Ал аталмыш брифингке қатысқан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Батырғали Сопбеков:
- Департамент тарапынан Сайрам ауданының әкіміне тиісті іс-шараларды шұғыл түрде атқару мақсатында Ақсу өзен арнасының бойында заңсыз жұмыс жүргізіп жатқан карьер жұмыстарын тоқтату туралы ұсыныс жолданды. Сонымен қатар мал өлексесі көмілген аумақта арна түзеу және жаға бекіту жұмыстарын жүргізу туралы тиісті басқармаларға нақты шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар берілді, — деді Батырғали Сәрсенбекұлы.
Иә, Сібір жарасы дертінен өлген өлекселердің өзі аты жаман аурудың ошағы екені анық. Сол ошақтың ашылып кетпеуі үшін қам жасағанның өзі игі іс.
Т.БОРАЛДАЙ.