Кавалериялық дивизияның тағдыры
Соғыс жылдары Қазақстанда барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиялары және 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк, соның ішінде 2 артиллериялық дивизионы, 4 минометтік дивизионы, 3 авиациялық полкі, 14 жеке батальоны құрылды.
Бұрқ ете қалған соғыс елдің астаң- кестеңін шығарды. 1939 жылдың аяғында құрылған Жамбыл облысының шаруасы шаш етектен еді. 1941 жылдың тамыз айында мұнда 81 атты әскер дивизиясы жасақталды. Қараша айында Бас қолбасшының бұйрығымен мұнда 105-ші дербес ұлттық атты әскер дивизиясы құрылды. 1941 жылы 13 қараша күні қабылданған КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қаулысы негізінде дербес ұлттық әскери құрамалар жасақтау жөніндегі қаулысын орындау аса маңызды еді.
Жас Жамбыл облысына бір емес, екі атты әскери дивизияны жасақтау оңайға түскен жоқ. Ұлттық атты әскер дивизиясы аты айтып тұрғандай қазақ ұлтынан жасақталу керек болды. 21 қараша күні еңбекшілер депутаттары облыстық советінің атқару комитеті мен облыстық партия комитетінің бюросының қаулысы негізінде 105-ші дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтау жөнінде облыстық комиссия құрылды. Комиссия төрағалығына облыстық атқару комитетінің төрағасы Ә. Жансақалов тағайындалды. Республикалық комиссияның төрағасы ҚазССР Халық комисарлары Советі Председателінің орынбасары Н.Е.Бабкин. Осы күннен бастап облыста аса қауырт тірлік басталды.
Облыс басшылығы кеңесе отырып дивизияның мекенжайын белгілейді. Ол облыс орталығына таяу болуы тиіс. Жамбыл қаласына таяу орналасқан Свердлов ауданын дұрыс деп тапты. Дивизияның 1-полкі осындағы Буденовка селосында орын тепті. Негізінен «Труд пахарь» колхозының ғимараттарына ие болды. Колхоздың сиыр қоралары, кеңсесі, селолық советтің кеңселері әскерилердің мекенжайына айналды. 2-полк осы ауданның «Қызылша» совхозының аумағында орналасты. Оларға совхоздың клубы, кеңсесі, балалар бақшасы, наубайханасы, дала қосы, оқу залы және өзге де ғимараттар тиесілі болды. 3-ші полкке «Қазақсыра» зауытының аумағындағы кеңсе үйлері, қамба, қойма, балалар үйінің ғимараты мен мал базасы босатылып берілді. Дивизияның штабы статистика басқармасының ғимаратымен асханасында орналасты. Жедел түрде барлық ғимараттар жөндеуден өткізілді, қажетті жиһаздармен жабдықталды.
Дивизияны қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін былғары өндіру өндірісі жедел қолға алынды. Атты дивизияның көлігі де, қаруы да жылқы малы болса керек. Жылқы үстінде әскери оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу оңай шаруа емес. Жылқы малын әскери іс-қимылға үйрету үшін оның «тілін» білетін мамандар ауадай қажет. Жылқының ер-тұрманын, жүген-шылбырын, өзге де қажетті бұйымдарды даярлау үшін ел ішінен ісмерлер жинақталды.
Дивизия қатарына жауынгерлер Алматы, Шымкент және Қызылорда облыстарынан тартылған. Күшті үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілуінің нәтижесінде 1 айдың ішінде 357 адам дивизия сапына қабылданды. Осы жылдың 26 желтоқсан күнгі мәліметі бойынша атты әскер дивизиясының құрамына 750 сарбаз өткен екен. Алматы мен Жамбылдың нәтижесінде жолданған қызметтік хат барысынан дивизияны жасақтаудың Қазақстан үкіметі тарапынан қатаң бақылауда болғанын аңғарамыз.
Жауынгерлерді қажетті киім- кешекпен қамтамасыз ету қолға алынды. Әр ауданға қажетті заттардың тізімдемесі жасалып, жоспар берілді. Жылдың әр маусымында киетін шолақ тон, етік, мақтадан тігілген шалбар, күртеше, бас киім әзірленді. Оның орындалуы қатаң қадағаланды.
Ат әбзелдерін дайындауда іркіліс болғанын байқаймыз. 20 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша 236 ертоқым, 255 жүген дайындалған. Бұл жоспардағыдан аз еді. Мұндай бұйымдарды әзірлеу үшін былғары өндірісін жолға қою қажеттігі аңғарылды. Мәселен, осы уақытта 470 өгіз терісі, 800 жылқы, 55 өгізше, 375 қой терісін дайындау қажет болғанымен, қолда болғаны аз ғана еді. Бұл әзірліктің өз дәрежесінде жүргізілуіне кедергі келтірді. Дивизияны жасақтау барысында облыс басшылығы күн-түн демей еңбек еткенімен қиындықтар шығып отырған. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ткаченконың Қазақстан Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке 1942 жылдың 7 ақпанында жолдаған хатында аттарды қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету барысы өте қиындықпен жүріп жатқанын, осыған байланысты көмектесулерін өтініп хат жазған.
Ақпан айында өзге өңірлерден облысқа 600-700 тонна шөп жеткізілуін сұранған. Осыған қоса дивизия жауынгерлері үшін қажетті азық-түлік өнімдерінің де азайғанын айтады. Күн сайын дивизия 2-7 тонна картоп, 765 килограмм капустаны қажет еткен. Осы қиындықтан құтқару үшін 15 наурызға дейін 100 тонна картоп, 28,3 тонна капуста жіберуді өтінген. Әрине, партия облыс басшысының бұл өтініш- тілегін аяқсыз қалдырмады.
Облыстық архивтің 282 қорының 1-тізіміндегі 340 ісінің 22 бумасында Жамбылда жасақталған дивизия жайлы мәлімет баршылық. Шу аудандық комиссариятынан Жамбылда жасақталып жатқан 105-ші атты әскер дивизиясына 1921-1922 жылдары туған мына сарбаздардың келіп қосылғаны жөнінде мәлімет бар. Олар: Қоқымбаев Сармамбет, Піспекбаев Мұқатай, Нұрманов Өмеш, Рахымбаев Әубәкір, Қасенов Жұмағұл, Әлімжанов Әуес, Босжанов Ұзақбай, Тоқбергенов Биғазы, Дауылбаев Жұман, Жапаралиев Жұмаш, Тоқбергенов Ақылбек, Нәметқұлов Мұсахан, Нұрланов Қанай, Абуов Бәкір, Исмаилов Сабыр, Әбдірайымов Әбіш, Шорышбаев Әмірбай, Терекбаев Жапсарбай, Ахметбеков Қосымбай, Асанбаев Дүйсен, Дүйсебаев Сағи, Тайшабаров Жолдасбай, Сембиев Нұртай еді. Соғыстың 1941 жылдың маусым айынан басталып, сол мезеттен майдан қатарына алынған жастардың дені 1903-1912 жылдар аралығында дүниеге келген ғой. Жамбылда бірнеше дүркін жасақталған әскери қосындарға 1920 жылға дейінгі жастардың алынғанын аңғарамыз.
Жамбыл жұртшылығы күні кешеге дейін арамызда жүрген соғыс ардагері, жазушы-журналист Срайыл Керімбаевті ұмытпаса керек. Еділден Балтық жағалауына дейінгі ұрыстарда ұрпаққа мұра боларлық ерліктердің куәсі болды. Ол күндер ешқашан ұмытылмайды. Қаламгердің «Еділ – Балтық арасында» кітабы сол күндердегі майдан шежіресіне толы.
Жамбыл қаласында жасақталған 105-атты әскер дивизиясы 1942 жылдың тамыз айында Горький облысындағы Ильино деген жерге жеткізілді. Осында Жоғарғы бас командованиенің резервіндегі бірнеше артиллерия полктары болып қайта құрылды. Осы полктардың бірі – 482-ші танкіге қарсы қимыл жасайтын артиллерия полкінде әскери қызметті атқарған.
1942 жылы 25 шілде күні дивизия майданға аттанатыны туралы хабар жетті. Бұл жайлы архивтегі 282 қордың І тізімдемесі, 339 ісі, 22 коробкасында кеңінен қамтылған. 14 эшелонға тиелген атты әскер дивизиясының соңғы эшелоны 1 тамыз күні 8 сағат 5 минутта майданды бетке алды. Мұның алдында 30 шілде күні таңертең сағат 7:30-да Жамбыл қаласындағы «Спартак» стадионында 105 ұлттық атты әскер дивизиясына ҚазақССР Жоғарғы Советінің туы тапсырылды. Туды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М .Ткаченко салтанатты жағдайда дивизия өкілдеріне табыс етті. Туды дивизия командирі, генерал-майор Керзимов қабылдап алды.
Салтанатты сәт үстінде дивизия жауынгерлері Панфилов атындағы 8 гвардиялық дивизияның жауынгерлері сияқты Отан қорғау жолында жауымен аянбай шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсететіндіктеріне сендірді. Олардың қатарында 3-ші полктың минометшісі Әбжапар Бидашов қасиетті Отанның жерін қорғауда ешнәрседен аянып қалмайтындығын, ал Қордай ауданының перзенті, бұрынғы тракторшы Досым Қалиев жаумен қасық қаны қалғанша аянбай шайқасатынына қаруластарын шақырды. Эшелон 1942 жылдың тамызында майданға жол тартты.
Архивте сақтаулы құжаттарға қарасақ, дивизияның құрамына ең таңдаулы азаматтарды іріктеп жібергенін аңғарар едік. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдрахман Жансақалов дивизия комиссары ретінде майданға аттанды.
Жалпы, майданда әр жауынгердің орны бөлек болған. Жамбыл облыстық архивінің 282 қорының І тізіміндегі 453-ісінің 29-бумасында Жамбылда 105 дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтауға байланысты атқарылған жұмыстары жөнінде мәлімет сақтаулы. 20 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша 750 сарбаз дивизия құрамына өткен. Сол жастардың бірі – шулық Сұлтанбай Ысқақов еді. Осында әскери оқу- жаттығу барысында жақсы нәтижелер көрсеткен. С.Ысқақов қаруластарымен майдан даласына аттанады. Жаз айында дивизия Москва әскери округінің құрамына келіп қосылды.
105 кавалериялық атты әскер дивизиясының командирі болып полковник Владимир Калашников тағайындалды. Жау бұл кезде Мәскеуден 200 километр қашықтықта жолындағысын жайпап, ентелеп келіп қалған еді. Дивизия құрамындағы 4165 адам қайтадан шұғыл әскери дайындықтан өткізілді, өйткені Мәскеу маңында өте ауыр соғыстар болатындығы анық еді. Мәскеуге қарай шегінген әскери бөлімдердің шығындары ұлғайып, оларды қайта толықтыру, жасақтау қажеттілігі артты. Тылдан жаңа келіп жатқан әскери күштер осы мақсатқа жұмылдырылды. Азаматтық соғыс жылдары атты әскердің қандай рөл атқарғанын баршамыз білеміз.
1941 жылы соғыста атты әскердің соғыс техникасымен мұздай қаруланған жауға қарсы шабуылы қиындық тудырған. Содан болар, жеме-жемге келгенде атты әскерді басқа әскери құрылымдарға қоса отырып, соғыс тәсілдерін үйретуге мәжбүр болған. Жамбылдан барған 105 ұлттық кавалериялық атты әскер дивизиясы да осындай мақсатпен әскери құрамалардың қарамағына берілді. 1942 жылы майдандағы алғашқы шайқастардан кейін Мәскеу түбінде толықтырылып, 6 гвардиялық әуе десанты дивизиясы болып қайта құрылды. 1942-1943 жылы қыс айларында Старая Русь қаласы түбіндегі шайқасқа, Курск щайқасы кезінде Белгород-Харьков атындағы жойқын шабуылдарға қатысты.
Аталмыш дивизияның өзге әскери құрамаларда қайта толықтыру мақсатында таратылғанын айттық. Қатардағы жауынгер С.Ысқақов 417 Сиваш атқыштар дивизиясының 1372 атқыштар полкының 3-ші атқыштар батальонының құрамында соғысқа кіреді.
Ол өзінің майдандағы айрықша ерлігін 1944 жылы сәуір айында Сиваш көлінен өту барысында көрсетті.
Полк командирі, подполковник Баранов Ысқақовты Кеңес Одағының Батыры атағына лайық дейді. Оның бұл ұсынысын, 417-ші Сиваш дивизиясының командирі, генерал-майор Бабраков та, 63-ші атқыштар корпусының командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Кошевой да Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін «Кеңес Одағының Батыры» атағын алуға лайық деп тұжырым жасады. Бұл шешімді Армия әскери кеңесінің мүшелері де қолдаған. Алайда, 4 Украин майданының қолбасшысы, кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін Қызыл Ту орденіне лайық деп тапқан.
Сөйтіп 1944 жылдың 9 қыркүйегінде С.Ысқақов жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталған. Бір ұрыста бір ғана өзі 52 фашистің көзін жою асқан ерлік пе?! Иә, бір ғана ұрыстың өзінде осыншама фашисті жер жастандырған алапат ерлік еленбей қалған. Неге?
Қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының қолдауымен ерлігі үшін Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен осы құрметті марапатқа ие болмаған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы – қазақстандықтар туралы «Ұмытылған қаһармандар» атты кітап жарық көрді. Айта кетерлігі Ресей Қорғаныс Министрлігі архивінің қорында сақталған құжаттар алғаш рет жарияланып отыр. Кітапта атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлікпен қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған марапаттау парағы да жұртшылық назарына ұсынылды. Кітаптағы ерліктері айтылған 8 жамбылдық майдангерлер жайлы Жамбыл облысы мемлекеттік архиві тарапынан «Ерлік ескірмейді» атты кітап жарық көрді. Сол 8 ердің бірі шулық Сұлтанбай Ысқақов болатын. Жамбылда жасақталған 105 дербес ұлттық атты әскер дивизиясының қатардағы жауынгері жасаған ерлігін жоғарыда айттық. Бұл бір ғана жауынгердің ерлігі. Ал, майданға аттанған мыңдаған ұлттың атты әскер дивизиясының қатарында қаншама ерлік иелерінің болғанын біз біле бермейміз.
Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,
Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің архивисті.