ҚАЗАҒЫМ ҚАЙДА БАРАСЫҢ

Қазір күлдіреміз деп бүлдіру қазақ тойының арсыз бір көрінісіне айналып барады. Бұл дарақылыққа жол беріп отырған квн-нің буына уланған жарымжан жас асабалар. Идея беретін де солар. Арсыз асабалардың ығына жығылып, өз тойларын өздері сайқымазақ алаңына айналдырып жатқан той иелері ертеңіне елдің бетіне қалай қарап жүр екен?
Мысалы, дап-дардай мұртты көкені бұтының арасына шүмек қыстырып бесікке жатқызу кімнің идеясы болды екен? Болмаса, 50 жасар шалды коробкаға шоңқитып отырғызып, табыт арқалағандай иықтап ортаға алып шығу қандай ақылсыздың ақылынан туды? Немесе, өз қызын өзі жетектеп алып шығып, көзінің сорасы аға күйеу баласының қолына ұстатқан әкеге «осылай ет» деп кім ақыл қосты? Арзан сыйлық үшін масаң екі қатынды ортаға шығарып алып, жалаң бұттарын жылтылдатып әрі-бері еденде ауната билету кімге керек болды?
Бір таң қалатынымыз, осындай арсыз әрекеттерді көре тұра, сол тойда отырған бірде-бір адамның — не туған туысының, не зиялы қауымның асабаның жағынан тартып жіберіп, «тәйт, бұның не?» деп тоқтау салмайтыны ойлантады. Айнала қаумалап, дарақы әрекетке қосыла күліп, телефондарына түсіріп, оны әлеуметтік желіге жарыса таратып жатуы ұсақталып бара жатқанымыздың бір белгісі емес пе екен? Тойдағы 500 адамның арасынан санасында саңылауы бар бір адамның кездеспеуі нені білдіреді? Әлде, тойғанымызға ғана мәз ойсыз тобырға айналып бара жатырмыз ба?