Қазақ ағартушылығының маңызды кезеңі
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларының бірінде (2005 ж.) жастар мен өскелең ұрпаққа тәрбие беру мәселелері, XXI ғасыр деңгейіндегі білім мен кәсіби дайындық мәселелері сөз болды. Қазіргі жағдайларда бұрынғы прогрессивті педагогикалық дәстүрлерді қолдану қажеттілігі адамгершілікті тұлғаны қалыптастырумен, оған әлеуметтік тәжірибені егумен, жас ұрпақты өткеннің мәдени мұрасымен сусындатумен сипатталады. Өйткені өткеннің педагогикалық дәстүрлері қомақты әдістемелік және тәрбиелік потенциалға ие және оны лайықты, мақсатты түрде қолдану жастарды тиімді оқытуға, дұрыс тәрбиелеуге өз ықпалын тигізеді.
Қазіргі уақытта қазақтың бұрынғы өткен көрнекті ойшылдарының, ғалымдарының, педагогтарының есімдері мен олардың артына қалдырған бай шығармашылық мұралары халқына қайтарылды. А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Әуезовтың, Х.Досмұхамедовтың, С.Көбеевтің т.б. педагогикалық көзқарастары отандық зерттеушілердің еңбектерінде ғылыми тұрғыдан терең зерттеліп, мамандармен қатар қалың оқырманның қолына тиіп, игіліктеріне жарады.
ХХ ғ. басы қазақ даласы үшін қилы кезеңдермен сәйкес келеді. Ресей және оның ұлттық аймақтармен қарым-қатынасының демократияландыру мүмкіндігін большевиктер кесіп тастады. Үлкен адамдық, интеллектуалдық шығындар мен моральдық құрбандықтарды арқалай отырып, қазақ халқының ұлттық дамуы артқа лақтырылды. Бірнеше ондаған жылдарға созылған күрестегі жеңілістен кейін тәуелсіздік идеясы түбірлі өзгерістерге ұшырады, өз бойына әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени мәселелердің бір шоғырын жинақтады.
Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласында орыстандыру саясаты одан әрі жалғасын тапты. Қазақ даласындағы дәстүрлі халық ағарту оған дейін негізінен екі бағытта (діни және зайырлы) жүрген еді. Мұсылмандық мектептер екі категорияға бөлінді: ескі әдістік («кадим») және жаңа әдістік («джадид»). Орынборда өткен жалпықазақтар съезінде (5-13 желтоқсан 1917 ж.) ұлттық тәуелсіздік күресінің қайраткері Міржақып Дулатов жаңа әдістік мектептердің мүлдем жеткіліксіздігін айтқан еді. ХХ ғ. басында мектептер уақыттың өсе түскен талаптарын орындаудан қала бастады. Конфессиялық мектепті реформалау қозғалысы басталды, ал оның ұйымдастырушылары жәдидшілер болды. Олар әріппен оқыту тәсілін дыбыспен оқыту тәсілімен алмастыруды жақтады, мектептерге арифметика, география, жаратылыстану, тарих сияқты зайырлы пәндерді енгізуді талап етті. Діни білім беру жүйесінде медресе үлкен ықпалға ие болды. Олар молдаларды, мектеп мұғалімдерін даярлап шығарды және әдетте мешіттердің жанында қызмет етті. Медресенің типіне қарай оқыту мерзімі үш жылдан төрт жылға дейін анықталды. Исламды үйренумен қатар оқушылар философиядан, астрономиядан, тарихтан, лингвистикадан, математикадан, медицинадан білім алып шықты. А.Құнанбаев, С.Торайғыров, М.Сералин, М.Жұмабаев және т.б. қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлері осы ортадан шыққан еді.
Қазақ даласындағы зайырлы сипаттағы оқу орындары патша өкіметінің отаршылдық саясатын жүргізумен байланысты ашылды. Жергілікті жерде отаршылдықтың басқару аппаратын қалыптастыру үшін қазақ-шенеуніктер қажет болды. Осы мақсатта орыс-қазақ мектептері ашылып, онда аудармашылар, мұғалімдер, дәрігерлер даярланды. Сондай-ақ, бұл мектептердің орыстандыру міндетін қойғандығы да белгілі. «Біздің еліміздің аймақтарында тұратын барлық бұратаналарға білім берудің түпкі мақсаты, сөзсіз, орыстандыру және орыс халқына сіңіру болуы тиіс!» — деп жазды халық ағарту министрі Л.А.Толстой. Самодержавиенің бұратана халықтарға қатысты ағартушылық әрекетінен миссионерлік-христиандандыру үрдістерін де аңғаруға болады. Мұның жарқын көрінісі Н.А.Ильминскийдің педагогикалық жүйесі деп аталатын Қазақстандағы Ресейдің ресми «ағартушылық» доктринасынан байқалады. Дегенмен бұл орыс-қазақ мектептері қомақты әлеуметтік-мәдени және ағартушылық рөл атқарды. Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, С.Көбеев, Н.Күлжанова сияқты қазақтың ғылым және білім қайраткерлері осындай оқу орындарының түлектері болды. Бұл мектептер тұрғындардың басым көпшілігінің бастапқы білімін қамтамасыз етіп, ағартушылық оқшаулықтан шығаруға ықпалын тигізді.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ даласына енгізілген жаңашылдықтар жаңа мектепті құрастыру ісіне, халық ағартуға, тәрбиелеуді дамытуға, педагогикалық және психологиялық ойдың енгізілуіне жағымды әсерін тигізді. 1918 жылы «Біртұтас еңбек мектебі туралы қағида» (30 қыркүйек), «Біртұтас еңбек мектебінің негізгі принциптері» (16 қазан), «Ұлттық азшылықтардың мектептері туралы» (31 қазан) сияқты құжаттар қабылданды. Олар 20-жылдардағы мектеп құрылысының құқықтық негізін қалады және оның бағытын анықтады. Қағида білім беру мен ағартудың саяси-идеологиялық базасын, мектептер-дің типологиясын, олардың ұйымдастырушылық-педагогикалық құрылымын анықтады. 1920 жыл-дары еліміздегі мектептердің саны 2410-ға жетіп, оқушылардың саны күрт өсті. Егер төңкеріске дейінгі кезеңде қазақ және орыс мектептерінде 14000 бала оқыса, 1920 жылы олардың саны 154000-ға жетті. Мектептер санының өсуі, сәйкесінше, мұғалімдердің арнаулы кәсіби дайындығын талап етті.
1920 жылдың қазанында А.Байтұрсынов басқарған Қазақ АССР Ағартушылық Халық Комиссариаты құрылды. 1921 жылдың ақпанында ағарту саласы қызметкерлерінің Бүкілқазақстандық конференциясы болып өтті. Онда біртұтас типтегі мектеп құрылысының (кәсіптік-техникалық, саяси-тәрбиелік мәселелер, балаларды қорғау, сондай-ақ оқыту мен тәрбиелеуге қатысты өзге де мәселелер) қарастырылды.
1920-1921 жылдары бұрын жұмыс істеген мектептер қайта қалыптастырылып қана қоймай, жаңалары да ашыла бастады. Білім берудің екінші сатысы — орта мектептердің саны арта бастады.
Мектеп құрылысы барысында әртүрлі саяси бағдардағы қоғам қайраткерлерінің топтары қатысты: төңкеріске дейінгі халық мұғалімдері, төңкеріске дейін алашордашылар қозғалысына белсене қатысқан зиялы қауым өкілдері (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, С.Асфендияров, ерлі-зайыпты Күлжановтар), большевиктік мемлекет қайраткерлері (С.Меңдешев, М.Жолдыбаев, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, О.Жандосов т.б.). Бұл қазақ мектебінің даму жолдары туралы өткір пікірталастар тудырғанымен, оқу орындарының оқу-тәрбие жұмыстарының мазмұны мен формаларындағы тарихи-мәдени ұлттық дәстүрлердің бекітілуіне өзінің оңтайлы ықпалын тигізді.
Қазақ халқын ағарту мен білім беруге деген өз көзқарастарын Қазақстанның көптеген қоғамдық-саяси ағымдарының өкілдері, ағарту саласының өкілдері білдірді. Білім беру саласына қатысты «Алаш-Орда» партиясының бағдарламасы қызығушылық тудырады. Онда былай деп жазылған: «Халық ағарту барлығының игілігіне айналуы тиіс. Барлық мекемелерде оқыту тегін. Бастауыш мектептерде оқыту ана тілінде жүргізілуі тиіс. Қырғыздар (қазақтар) өздерінің университеттерге дейін жоғары және орта оқу орындары болуы керек…».
Қазақ мектептерінде балаларды оқыту үшін Семей, Торғай, Ырғыз, Орал және т.б. қалаларда қысқа мерзімді төрт айлық мұғалімдер курстары ұйымдастырылды, оларда мыңнан аса үйретушілер даярланды. 1920-1921 жылдары елімізде 4824 мұғалім санатта болды, ал бұл 1914 жылмен салыстырғанда 35 % көп. Оқытушылар күндіз балаларды, кешке ересектерді оқытып, сауатсыздықты жою ісіне үлкен үлес қосты. Бұл істе М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Н. Күлжановалардың еңбектері ерекше. Олар қысқа мерзімді мұғалімдер курсының тыңдаушыларына арнап, қазақ тілінде психология және педагогика пәндері бойынша оқулықтар жазып, педагогика ғылымына зор еңбек сіңірді.
1922-1923 жылдары Академиялық орталық ұлттық мектептерді оқулықтармен және бағдарламалармен қамтамасыз ету бағытында қомақты еңбектер атқарды. Орталық физика, алгебра, грамматика, педагогика, мектеп гигиенасы және өзге де пәндер бойынша оқу құралдарын шығару жұмысына қазақтың зиялы қауым өкілдерін тарта білді. Қазақ тілінде оқулықтар құрастыруда А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Әуезов т.б. авторлар жұмыс істеді. Олар оқыту мен тәрбие процесін ұлттық мазмұнмен байытуға, тарихи-мәдени және өлкетанушылық білімдерді кеңейтуге ұмтылды. Әсіресе Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық фольклор мен авторлық әдебиеттің үлгілерін барынша кең пайдаланған «Әдебиет танытқыш» оқулығын ерекше атап өтуге болады. Тоталитарлық тәртіптің дәуірлеп тұрған кезінде қазақтың ұлы ойшылының атына қара күйе жағылып, оның еңбектеріне тыйым салынған тұста жоғалып кеткен бұл оқу құралын халқына қайтарып, қалың оқырманға ұсынған Әди Шәріпов болатын. Аталмыш еңбекті бүгінгі бастауыш сыныптарда қолданылып жүрген оқу құралдарынан әлдеқайда артықшылықтары болса да, ол әлі күнге дейін қолданысқа түспей, осы мұра кәдеге асырылмай келеді.
1927 жылдан бастап білім беруді орталықтандыру мен еңбек мектептерін қалыптастыруға деген бағыт ұсталынды. Оқу процесін ұйымдастыруда ақтаңдақтар өте көп болды, өйткені жаңа типті мектептер үшін ұлттық кадрлар жетіспеді, қазақ тіліндегі оқулықтар мен бағдарламалар аз болды, ғимараттар жетіспей, балалар жартылай жалаңаш болды. Қазақ мектептері үшін оқытушылар дайындау уақыттың ең бір өзекті мәселелерінің біріне айналды. 1930 жылдардың басында жалпы тиражы жарты миллионнан асатын 30-ға жуық оқулықтар басылды. 1925 жылы мұғалімдер үшін ғылыми-әдістемелік жорналдар шыға бастады, олардың бірі «Жаңа мектеп» жорналы қазір «Қазақстан мектебі» (Школа Казахстана) деп аталады. Олардың беттерінде оқыту және тәрбиелеу процестеріне қомақты көмек көрсеткен жетекші оқытушылар мен қазақ ғалымдарының әдістемелік мақалалары жарияланып тұрды.
Қарастырылып отырған кезеңнің басты жетістігі жалпыға ортақ бастауыш білім беруді енгізу болды. Мысалы, 1930-1931 оқу жылында оқу-тәрбие процесіне 450 мың бала мен 100 мың ересек тартылды.
Дегенмен, мектептік білім беру жүйесінде орталықтық болсын, жергілікті болсын партиялық-мемлекеттік құрылымдардың идеологиялық-саяси ықпалы ерекше күшін сақтап қалды. Олар білім мен тәрбиеде ұлттық компоненттің қажеттілігін мойындағанымен, алашордашылдардың мектепке ықпал етуіне күрт қарсы болды. Сондай-ақ, аз ғана уақыттың ішінде әріптің бір емес, үш мәрте ауысуы да, яғни бастапқы арабша төте жазудан латын әрпіне, онан кейін кириллицаға көшу де отаршыл биліктің мәңгүрттендіру саясатынан хабар беріп, Қазақстандағы білім беру жүйесін дамытуға кері әсерін тигізді. Осылайша, 1920-1930-жылдары Қазақстанда халық ағартудың мынадай жүйесі қалыптасты:
1) мектепке дейінгі мекемелер — балабақ-шалар, алаңқайлар;
2) бірінші сатылы мектептер —– бастауыш, мектеп-коммуналар, ФЗУ және өзгелері;
3) жеті жылдық мектептер;
4) екінші сатыдағы мектептер — жалпы, орта, мектеп-коммуналар, ШКМ және өзгелері;
5) 3-4 жыл оқытылатын техникумдар;
6) жоғары оқу орындары.
Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын ауылдарда көбіне екі жылдық мектептер (1-сатылық мектептердің 1-2 сыныптары) мен 1-сатының мектептері (интернатымен қоса) қызмет етті. Мектептердің мұндай жүйесі қазақтардың ауыл тұрғындарын да, қала тұрғындарын да оқумен қамтуға мүмкіндік берді.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін, жалпы ХХ ғ. І жартысында Қазақстандағы ағарту жүйесінің құрылымы мен мазмұны, тарихи-мәдени алғышарттары мен ерекшеліктері, қысқаша айтқанда, осындай болды. Бұл кезең қазақтың дәстүрлі ағартушылығын қазіргі білім беру жүйесіне қарай бейімдеп жаңартудың, модернизацияның маңызды кезеңі болды.
Нұрмаханова Райкүл Жахатқызы,
Алматы облысы, Іле ауданы, Батыр ауылы
«Арлан» балабақшасының меңгерушісі.