«Қазақ» аты қайдан шыққан?
Біз бұл туралы 1974 жылы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» атты докторлық диссертациямызда жан-жақты зерделесек, оны 1982 жылы жарық көрген «Очерк казахской ономастики» атты еңбегімізде жарияладық. Осының негізінде «Жұлдыз» журналында (1983, №3) толық та көлемді мақаламыз жарық көрді. Осы мақаланы қытай ғылым торында (Түркі тілдерін зерттеу хабаршысы. Пекин, 1989, №4, 14-15-б.) қытай тілінде шығарғаны бар. Сол мақаламызды өңдеп, жөндеп, жаңа да тың деректермен толықтыра отырып, негізінен үш мәселеге назар аудармақпыз.
Оның біріншісі – «қазақ» сөзі тарихи деректер мен мәліметтер бойынша қайда, қай жерде, қайсы елдерде кездеседі, оның таралу шегі, ол жөнінде қандай еңбектер бар, кім не айтты деген болса, екіншісі – «қазақ» деген атау қазақ халқының аты ретінде қашан, қай кезде қойылған? Ал үшіншісі – осы «қазақ» сөзінің шығу төркіні, яғни этимологиясы, тура мағынасы, нақты семантикасы және ол жайлы өз көзқарасымыз, ғылыми тұжырым, ой-пікіріміз.
Қазіргі «қазақ» атауының бірінші сыңары қаз, оның көне тұлғасы қас туралы және ол атаудың қайда, қайсы өлкеде кездесетіні туралы пікір бары мәлім. Ол жөнінде Геродот б.д.д. ІV ғасырдағы өзінің даңқты еңбегінде: «Каспийское море – это море совершенно особого рода. Само название Каспийское море связывается по именем сакского племени каспиев, жившего на южном побережье Каспийского моря», – деп анық жазды (Геродот. История в девяти томах. Л., 1972. С. 168, 133). А.Н.Бернштам Геродоттың бұл еңбегіне сілтеме жасамай, «қазақ» тайпа атауы көне екі компоненттен – «каs» және «sак» этнонимдерінен келіп шықты деп ойлаймын деп жазды (Бернштам А. «Қазақ» сөзінің этимологиясы және қазақ халқының этногенезі мәселесі// «Қазақстан мектебі». 1967, №6, 81-85-б.). Византия авторы Константин Багрянородный болса «Кавказ халықтарында VІІІ ғ. Зихи деген этнониммен қатар адыгтардың жиынтық атауы ретінде касаг (касахия) деген атау қолданылған» деді (Багрянородный Константин. Об управлении государством//»Известия» ГАИМК. М., Л., 1934, вып. 1. 91).
Академик Ә.Марғұлан: «қазақ» сөзінің ең ескі түрі – VІІІ ғасырда Енисей өзенінің бір тарауы Ұйық Тұран бойында тасқа жазылған түрі» деген ойға келеді («Марғұлан Ә. «Тамғалы тас» жазуы ортағасырда қазақша тасқа бедерленген белгілер//»Жұлдыз», 1984, №7, 141-146-б.). Академик Ә.Қайдар және Е.Қойшыбаев: «VІ-VІІІ ғ.ғ. қазіргі Қазақстан далаларында мекендеген Жетісуда өз астанасы – Суяб деген сауда орталығы болған аздар мен аздықтар деген тайпалардың болуы күмән тудырмайды», – деп жазды (Қайдар Ә., Қойшыбаев Е. «Қазақ» этнонимінің лингвистикалық түсіндірмесіне орай//ҚССР ҒА Хабаршысы. 1971, №2, 47-51-б.).
Бұл жөнінде Г.Ф.Саттаровтың пікірі: «Каз кабилэсе Татарстан территориясендә болгарларга чаклы яшәгән «з» тел группалы төрки кабиләләрнең берсе булса керек. Географик исемнәрнең таралышына караганда, алар Казанка, Мишә (Лаеш өязендә) Казиле елгачыгы буенда унлап Казиле авылы була, хәзерге Питреч районында берничә Казиле авылы бар, Төрки халық булган хазар-казар (каз+ар) ларның есеме де каз белән нисбәтле дигән фикерләр бар» (Г.Ф.Саттаров. Ни очен шулай аталган? Казан, 1971, 42-б.).
Л.И.Лаптевтің айтуына қарағанда касог сөзі Эпифонидің еңбегінде (VІІІ ғасырдың) кездеседі. Орыс жылнамаларында косагы (косоги) деген халық аты көптеген тарихи оқиғалармен байланысты аталып отырған. Атап айтқанда, 965 жылы жазылған «Повесть временных лет» жылнамасында Святославтың косогтарға шабуыл жасағаны, 1066 жылы косогтардан Тмутаракан князі Ростиславтың салық алып тұрғаны баяндалған (Полное собрание русских летописей. Т.1 (Лаврентьевская летопись). Л., 1908, 1926; Т. ІХ-Х, ХІ, ХІІ. М., 1965; Т. ХІХ (Казанский летописец), СПб, 1908). Орыс халқының ХІ ғ. тән әйгілі «Слово о полку Игореве» дастанында да «Касоги, черкассы, кабардинцы или адыгейцы упоминается в русских летописях с 965 г. жили на севере Кавказа. По осетински кэсэк означает «черкес» деп жазылған (Слово о полку Игореве. М., 1991, С. 25).
Араб, парсы деректерінде қазақ, яки касаг, касогтар деген атаудың сирек ұшырайтынын, тек Масуди шығармасында ғана (Х ғ.) кашаг деген халық аты барын баяндай отырып, В.Ф.Минорский авторы беймәлім бір шығармада Қара теңіз бойын мекендеген аландар елінде касек деген облыс барын көрсеткен (В.Ф.Минорский. История Ширвана и Дербенда Х-ХІ веков. М., 1963, С. 190, 261).
Константин Порфиродныйдың Х ғасырдағы қазақтар туралы мағлұматы аса құнды да бағалы саналады. «Зихиядан жоғары Папагия аталатын өлке жатыр, ал бұл жерден жоғары Казахия аталатын жер жатыр. Касахиядан жоғары Кавказ тауы бар, ал бұл таудан арғы жер Аландардікі» деп жазғанды (Известия византийских писателей о Северном Причерноморье. «Известия» ГАИМК, 1930, вып. 91, стр. 21).
В.В. Радловтың жазуынша, Фирдоусидың «Шахнаме» дастанында (Х-ХІ ғ.ғ.) «Қазақ хан туралы және қазақ халқы жайында біраз мағлұмат бар (Radloff W. Aussibirien. Bd. leipzig. 1893. p. 116). Бұл пікірді тарихшы А.И.Левшин еңбегінен де оқимыз (А.И.Левшин. Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казачьих орд и степей. Ч. 2, СПб., 1832, с. 5, 30). А.Н.Самойловичтің пікірі де осылармен сабақтас жатыр. Ол «Слово казак каково бы ни было его происхождение, появляется в тюркской среде в данном его фонетическом составе не ранее ХІ в., продвинувшемуся из Средней Азии в Восточную Европу и положившему конец господству между Каспийским и Черным морями хазаров, а в ХІІІ в. подвергшемуся нападению и завоеванию со стороны монголов» деген-ді (Самойлович А.Н. О слове «казак» в кн. Казаки: Антропологические очерки. Л., 1927, с.110).
«Ақсақ Темірдің жылнамаларында» «Хижра есебі бойынша 737 жылы (1356 ж.) қазақтар Мавреннахрға шабуыл жасады деген жолдардың бары жазылса, қазақтардың Ақсақ Темір тұсында даңқы артып, атағы шыққанын Ә.Диваев есімді ғалым В.В.Бартольд, А.Харузин еңбектеріне сүйене отырып айтқан-ды. Бұл мәселенің әсіресе В.В.Бартольд еңбегінде толық та терең баяндалғаны мәлім (В.В.Бартольд. Соч. Т. 5, ч. 2, 1965, с. 270, 275).
Шарафуддиннің мәлімдемесінше, 1376 жылы Темірдің әскерінде «қазақ мыңы» болған. Ол кездегі қазақтар Андижанды билеп отырған Темірдің ұлы Омар Шайхтың қарамағында көп болыпты. Шарафуддин оларды «Хоженд қазақтары», «Андижан қазақтары» депті. Ал оған кірген қазақ тайпалары: жалайыр, арғын, дулат, қаңлы, сіргелі, қоңырат, тағы басқалар болыпты (бұл сөзді Ә.Марғұлан өз еңбегінде жазған (қараңыз: Марғұлан Ә. «Тамғалы тас» жазуы. Орта ғасырда қазақша тасқа бедерленген белгілер//»Жұлдыз». 1984, №7, 141-146-б.).
Венгер ғалымы Г.Вамберидің Константин Порфиродный (Х ғ.) мен Фирдоуси (ХІ ғ.) еңбектеріне сүйене отырып, батыс түркілерінен бөлінген соң қазақ ХІІІ ғасырда қалыптасып, түріктер мен угорлардың шекарасында мекендегенін, бұған дәлел ретінде, мадияр тіліндегі түрік сөздері мен қазақ сөздері арасындағы ұқсастықтарды келтірген (Vambery H. Das turkenbolk in seinen etnologischen and etnographischen Beziehunden. 1885, p. 280, 281).
Ш.Уәлиханов: «қазақ алғаш рет (ХІV ғасырдан ерте болмаса) Жошы ұлысының ыдырау кезінде пайда болған Темірлан 1392 жылы Тоқтамыс ханға жасаған бірінші жорығында қазақтың бірінші ханы Алаштың ұлдарын өлтірсе, онда Алаштың ХІV ғасырдың ортасында өмір сүргені деп болжаймыз. Онда Азияда қазақылық (казачество) шығып, ол орыстарға татарлар арқылы ауысқан. Орыс жылнамаларында (Псковтік) Рязань казактары 1444 жылы көрсетілсе, Украинада тарихшы Окольскийдің мәліметі бойынша 1517 жылы Гетман Предислав Ланцокоронның басшылығымен Аққалаға (Ақкерман) барған» (Ш.Уәлиханов. Шығ. жин., 2 том. Алматы, 1985, 152-б.). Автордың осы еңбегінде «Моңғол дәуірінен кейінгі қазақтар Бердібектен кейін (ХІV ғ.) әрбір түрік-моңғол тайпаларынан қосылып, жеке бір ел болды» дегенді оқимыз.
ХV ғасырда Қазақ хандығы құрылғанға дейін де болып өткен тарихи оқиғалар туралы деректер барын академик Ә.Марғұлан еңбектерінен, басқа да ғалымдар деректерінен көреміз. «Бабырдың бақылауы бойынша, қазақтар 1356 жылы шағатай ұлысына қарсы жойқын көтеріліс ашып, одан бөлініп кетуді тілек етеді» деген Ш.Уәлиханов еңбегіне сүйенсе, 1330-1405 жылдар аралығындағы Орта Азияда болған тарихи оқиғаларды баяндайтын «Зафарнаме» кітабында қазақ елі, қазақ жері деген атаулардың кездескенін айтады (Марғұлан Ә. «Тамғалы тас» жазуы… «Жұлдыз», 1984, №7, 141-146-б.). П.Пельо есімді ғалымның «қазақ» сөзі этноним ретінде ХІІІ ғасырдың басында болған» дегенді В.В.Бартольд атап өткен (Бартольд В.В. Сорбр. соч. Т.5, ч. 2, с. 535). «ХІV ғасырда қазақ халқын жеке біріктіруге зор күш салған – атақты ер Айсаұлы Ахмет Үйсін Майқы бидің ұрпағынан. Аты Манас жырында да кездеседі. Сол Алтын орда ханы Жәнібекке қызмет істеп жүріп, Ордадан қырға келіп, қазақ хандығын құрады. Ахмет – Жәнібектің қызын алған күйеуі» (Марғұлан Ә. Аталған еңбек, 141-б.).
ХІV ғасырда Әбілхайыр ханның қол астында өзбектермен қатар, қазақтардың болғаны тарихтан мәлім. 1465 жылы Керей мен Жәнібек Әбілхайырдан бөлініп қазақ хандығын құрғанда, олардың жақтастары қазақтардың да бірге кеткені ақиқат болар. Бұған Ш.Уәлихановтың «Орыс хан (Жәнібек ханның әкесі) әскерінің оң қанатында 2000 қаңлы болса, сол қанатында Алаш мыңы болған еді» (Ш.Уәлиханов. Шығ. жин. 2 т. Алматы, 1985, 160-б.) дегені толық дәлел.
«Қазақ» атауының қадым заманнан бары, оның ерте ортағасыр, ортағасырларда-ақ жеке тайпа, ел аттары болғаны жоғарыда айтылған тарихи деректерден толық байқалады. Ал қазақ хандығы құрылған соң оның қарауындағы халық атының «қазақ» деп аталуы заңды құбылыс еді. Қазақ хандығы құрылған соң қазақ елі қалыптасып, оның нақты аты да орнықты.
Жошы хан әулетінен қазақтың бірінші ханы Жәнібек болып, ол халық аузында аңызға айналып, әз Жәнібек, яғни дана Жәнібек деген қасиетті есімге ие болады. Оның қол астында ноғай мен қазақтар бірге дәуір құрып, қазақ дастандарында «Алтын ғасыр» деген атаққа ие болып, бас уәзірі Жиренше шешен болса, ақылдың кені, данышпаны Асан қайғы болады. Олардың есімдері халық аузында аңызға айналады (Ш.Уәлиханов. Аталған еңбек, 165-б.).
Жәнібектің ортаншы ұлы Қасым (1445-1521 ж.ж.) хан болған уақытта қазақ хандығы күшейіп, жер көлемі ұлғайып, халық саны өсе түседі. Жәнібек хан тұсында қазақ тайпалары көп болып, қазақ атына ие болғанмен толық қазақ халқы қалыптаса қоймағаны да мәлім. Тарихшылардың дерегінде көрсетілгендей: «Қасым басқарғанда қазақ хандығының атты әскері 300 мыңға, халық саны 1 миллионға жеткен. Қазақ елінің қуаты мен беделі алыс-жақын шет елдерге танылған. Мәскеуліктермен байланыс орнатып, оңтүстікте Шайбанимен, шығысында моғол мемлекеттерімен бейбіт келісімдер жасасады. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып-білді. Қасым хан мемлекеттің ішіндегі бірлікті сақтау үшін бірқатар заңдар шығарды. Әлі күнге дейін ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі» (Г.Қызайбаева. Қазақ хандығына – 550 жыл//»Парасат», №2, 2015, 14-15-б.).
Қасым хан ХVІ ғасырдың басында Сырдария алабын, Түркістан аймағын, Сайрам қаласын иемденіп, Сығанақ қаласын мемлекеттің астанасы етіп, моғол билеушісі Сайд хан Шығыс Түркістанға көшіп кеткен соң Қасым хан Жетісуды толық билейді. Бұл кезде қазақтың оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс аймақтарындағы қазақ тайпаларының барлығы қазақ хандығына қосылып, қазақ халқының негізі қаланып, қазақ атауы халық аты ретінде, Қасым хан тұсында ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында қалыптасады. Қасым ханның Сарайшық қаласында дүниеден өтіп, сол жерде жерленуінің өзі үлкен тарихи оқиға екені сөзсіз.
Осы «қазақ» атауының шығу тегі, мән-мағынасы, этимологиясы туралы ғылыми пікірлер алуан түрлі ой-толғамдармен қатар, аңыз әңгімелер де аз емес. Олардың бір тобы қазақ қадым заманнан бар, тұтас бір сөз деп таниды да, мағынасын өздерінше түсіндіреді.
В.В.Радлов қазақ сөзінің мағынасын «тәуелсіз, еркін, басы бос адам» деп, ал қазақ кісі деген сөз тіркесін «батыл, ержүрек, атқа мықты адам» деп түсіндіреді. (Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т. 2, ч.1 СПб. 1899, с.364). Л.Будаговтың түсіндіруінше, қазақ «үй-жайы жоқ, кезбе, еркін (Будагов Л. Сравнительный словарь… СПб., Т.2, 1886, с. 187). А.Самойлович қазақ «батыл, ержүрек, еркін адам» дейді (А.Н.Самойлович. Аталған еңбек, Л., 1927, с. 111). Г.Вамбери пікірі де осыған сәйкес, ал А.П.Чулошников болса «қазақ сөзі әлеуметтік тұрғыдан «еркін, батыл адам» дегенді айтады» (Чулошников А.П. Очерки по истории казах-киргизского народа. Оренбург, 1924, с. 30). Осымен қатар, қазақ сөзі араб тілінен шыққан дегенді Абай өзінің қара сөзінде: «Сол арабтар көшпелі халықтарды хибай, хузаги деп атапты. Хибай дегені «кигіз шатырмен жүруші дегені екен. Хузаги дегені өз жұртында хузағи деген көшпелі халқы бар екен, соған ұқсатып айтқаны екен» дейді (Абай Құнанбаев. Шығ. жин., 2 т., 1957, 223-б.).
Белгілі ғалым В.И.Абаев: «Грузин тілінде кашаг әлеуметтік термин ретінде айтылып, «бойшаң, биік бойлы құл» деген мағынаны білдіретінін айтты. Ал этникалық терминдердің әлеуметтік мәнді терминдерге ауысып отыруы жиі кездесетін құбылыс. Мәселен, этникалық атау-термин хазар осетин тілінде gazjarag – «құл», «еріксіз басыбайлы» деген әлеуметтік мәнді сөзге ауысып кеткен еді», – деп жазды (В.И.Абаев. Историко-этимологический словарь осетинского языка. М.; Л., 1958, Т.1).
Өзіміз сөз етіп отырған қазақ атауының бірінші құрамындағы қаз сөзі Кавказ топониміндегі каз компоненті және Еділ бойындағы өмір сүрген каз елі немесе хазар этнонимінің хаз, сондай-ақ, черкес-черкас этнониміндегі кес-кас компоненттерінің, Татар Республикасының орталығы Қазан қаласы атының да қаз компонентімен шығу тегі, негізі, түп төркіні бір сияқты. Қазан қаласы атының шығуы туралы Г.Ф.Саттаров мынандай пікір айтады: «Происхождение названия города старая Казань (Иске Казан) и Казань мы связываем с названием реки Казан(ка), в свою очередь, гидроним Казан(ка) считаем возникшим от названия древнетюркского племени каз, обитавшего примерно в VІ-ХІІ веках на берегах данной реки и оставившего реке название Казан суы «река (вода) племени каз». Құрамында қаз сөзі бар топонимдер түркі халықтарында жиі ұшырап отырады. Мәселен, Алтай және Шығыс Сібірде: Казанка, Казанду, Казан-кол (Алтайдағы өзендер); Казановка, Казановтар (Хакасиядағы өзендер). Көне түркі тілінің Енисей жазбаларында Казан (КЗН) сөзі топоним ретінде кездеседі. Казан гидронимі мен топонимі Орта Азияда, Еділ бойында, Кавказда ұшырайды. Қазақ тілінде Қазығұрт, Қазалы, Қазтауы, Қастек деген жер аттары бар. Бұлардың бәрінің түбірі қаз сөзі екені көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ, Кавказ тауы атының екінші сыңарында да қаз сөзі тұр. Демек, Кавказ (Қапқаз) Қазтауы деген сөз.
Касаг, касог, қазақ, қаз, қас, каш, кашаг атауларының дыбысталу (фонетикалық) жағынан сәйкес әрі үндес болуы (з/с/ш дыбыстарының алмасып келуі), оның көне Византия, араб, орыс және грузин деректері бойынша басқа халықтар арасында сақталып отыруы, ерте кезде қаз атты дербес ел, тайпа өмір сүргенін айқындай түссе керек. Бұндай тайпаның түркі тілдес халықтар арасында да болғанын дәлелдейтін қыруар фактілер бар. Демек, бұл тайпалардың Қара теңіз бен Солтүстік Кавказ, Еділ, Каспий, Қазақстан территориясында, қыпшақ бірлестігінен бұрын, VІ-ХІІ ғасырларда өмір сүріп, тіршілік еткенін байқаймыз. XV ғасырда Әзербайжан, Грузияда да қазақтардың болғанын П.Бутков айтып кеткен еді. «Кочующий в Грузии на пределах ее с 1480 г. народ турецкого племени доселе известен под именем казахов» (П.Бутков. О имени казак//Вестник Европы. 1832, №23). Солтүстік Кавказдағы ноғайлар арасында да қазақ атты рудың барын Н.А.Баскаков материалдарынан білеміз.
Сөйтіп касаг, касог, қазақ, қашақ, хазар этнонимдері мен Қавказ, Қазбек, Қазан, Қазығұрт, Қастек сияқты топонимдердің компоненттеріндегі қаз, қас сөздерінің төркіні, түбір тұлғасы бір екенін көреміз.
Бұл сөздер ерте замандарда өмір сүрген қас тайпа атымен тікелей байланысты. Оның семантикасы, бағзы замандардан айтылып келе жатқан ғалымдар пікірі мен ескілікті аңыз-әңгімелерде де сақталғаны байқалады, яғни көпке мәлім қаз (қас) сөзіне барып саяды. Ал аңыз әңгімеге байланысты ой-пікір мен топшылау, болжамдар да бары белгілі.
Ерте замандарда аң, құстарды кие тұтып қастерлеу, тотем ретінде айту салты басым болған. Бұл құбылыс Алтай аймағында, Сібірдегі түркі халықтары тарихында ерекше орын тепкен. Мәселен, шорлар мен якуттарда қарға, тувада құсқун, монголда керей (қарға) деген тайпа, ру аттары болған. Тіптен, монғол, грек сияқты халықтар өмірінен де бұл көріністің ізін анық көреміз. Монғолдар өздерінің арғы атасын, шыққан тегін аққу деп білген. Сол сияқты, гректер дәуірінде қаз киелі құс болып саналған. XII ғасырда Тобыл татарларының тотемі қаз болған, қаз аяғы таңбасын мөр белгісі ретінде іске асырғаны да аян. Қазды қасиетті құс тұту, ерекше қастерлеу татарлар тұрмысында да кеңінен жайылған еді. Қаз бен аққуды кие тұтып, мейлінше қастерлеу қазақтар өмірінде ертеден болған ерен құбылыс. Бізде қаз дауысты, қаздай тізілген, қаз таңдай немесе аққу мойынды, аққу күйі, аққу әні деген сөздер мен үй жиһаздары текемет, сырмақ, киіздегі ою-өрнектерде аққудың мойнын салып бейнелеу ерекше назар аудартады. Қазды қастерлеу, кие тұту ертеде қазақ арасында да кеңінен өріс алған. Қазды атпау, өлген қаз, яки құрды керегеге іліп қою, оған сыйыну, қастерлеу, қаздың қауырсынын, басын балалардың омырауына қадап қою, қаз майымен түрлі сырқатты емдеу сияқты ырымдар басым болған. Осындай рәсімді шығыс түркі халықтары: хакас, хантылар өмірлерінен де кездестіреміз. Л.Р.Қызыласов «Ташлық дәуірі» атты еңбегінде хакас және Алтай шамандары қазға ұқсап «гак, гак» деп дауыстаған, Минусинск музейінде бронзадан істелген он бір қаз мүсіні сақталғанын хабарлады. Адамдардың өлетін мерзімін осы қаздар айтып, білдіріп отыр деп иландырған. Хантылардың арғы аталарының бірінің атасының есімі Қаз болған екен. Оған арнап қоладан қаз статуэткаларын қойған» [Кызыласов Л.Р. Ташлыкская эпоха в истории хакасско-минусинской котловины. М., 1960, 65, 66) деген дәлелдер келтіреді.
Сөйтіп, қазды пір тұтып, қастерлеу, сыйыну шаман дін иелерінің қаруы ретінде пайдаланып отырғаны анық көрінеді. Сондай-ақ, Қарақас, хакас, хазар этнонимдерінің сыңарларындағы қас, хаз сол «қаз» сөзінің фонетикалық варианты болуы да ықтимал. Ал қазақ, қарақалпақ, башқұрттарда қазаяқты, казаяклы, казаяк атты рулар бар. Бұлардағы қаз сөзі де солармен байланысты болуы мүмкін. Диваев қазақ сөзі молла Көбей Тоқболатовтың арабтың газы-ақ деген сөзінен шыққан деп айтқан пікіріне және халық арасында кеңінен тараған қазақ деген арабтың «құдайдың құлы» деген сөзінен шыққан дегеніне қосылмайтынын айтып, оларды теріске шығарған. Ә. Диваев өзінің тағы бір мақаласында қазақ деген екі сөзден тұрады: қаз (гусь) және зақ (ворон), яғни «дала құсы»; басқаша айтқанда, «кең далада тұрушы» деп түсіндіреді (А.Диваев. Казак-киргизы Туркестана//Туркестанский настольный календарь, 1919).
Тағы бір халық аңызында былай баяндалады: «Жаугершілік жорықта бір Қалша Қадыр деген қолбасшы жарақаттанып, құба жонда жалғыз қалады. Қиналып өлейін деп жатқанда аспаннан бір қаз келіп аузына су тамызып, тірілтіп алады. Ақыры екеуі қосылып, ақ қазбен бірге өмір сүріп, үрім-бұтақты болады». Осы аңызбен байланысты айтса керек, Абай өзінің «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген қара сөзінде былай дейді: «Сол уақытының бір ханы көшіп келе жатқанда бұлардың тіркеулі түйесін көріп, «міне мыналар шынымен қаз-ақ екен» депті, әдейі қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен деп. Сонымен бұлар өзін-өзі де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлыс» дейді екен де жүре береді екен» (Абай Құнанбаев. Шығ. жинағының екі томдығы. 2 т. 1957, 222). Осы пікірге сәйкес жазушы Р.Тоқтаров: «Қазақ атауы қаз (құс) және ақ, яғни «ақ қаз» деген болжам айтты. Сөйтіп, бұл сияқты аңыздар мен әңгімелерде «қазақ» этнонимінің мағынасы «ақ қаз», «құс» болып шығады.
Біздің ойымызша, касак, казак, қазақ атауларының бірінші сыңарындағы қас, қаз сөздерінің құс аты қазбен ешбір байланысы жоқ сияқты. Ол сөздердің түпкі төркіні де, мағынасы да мүлдем басқа болса керек. Өйткені, қаз сөзі В.М.Иллич-Свитыч көрсеткендей, Орал-Алтай, кавказ, т.б. тілдер тобында «ер, еркек, кісі, жігіт», «адам» деген мағынаны білдіретінін көреміз. Мысал келтірсек, грузин тілінде кас – «кісі, еркек», «жігіт», энец тілінде каsа – «еркек», камасын тілінде kuza, қойбол тілінде kuzi– «еркек», венгер тілінде kos – «жігіт» (Иллич-Свитыч В.М. Опыт сравнения ностратических языков: Сравнительный словарь. М., 1971, с. 315-317). Байқауымызша, хакас, хазар, қазақ, черкас (шеркес), таукач тәрізді этнонимдер құрамдарындағы қас, қаз, кес, кач сөздері де сол каз (қас) сөзімен тектес, мағыналас болар деп ойлаймыз. Бұл сөздердің түркі тілдеріндегі мағыналары да – «ер», «батыл», «жігіт», «кісі». Сонда таукач – «тау елі», черкас (шеркес) – «батыл, ер ел, ер халық» деген мағыналарды білдірсе керек. Демек чер~шер~шерік – «жауынгер», кас~кач~каз – «ер, батыл кісі (халық, батыр адам (ел)». Бұл деректерге қарағанда, қазақ «тәуелсіз, еркін, ерікті, ержүрек, батыл адам» деген мағыналы сөз екенін көреміз. Ал қазақ этнонимінің біз талдағандай қаз компоненті (варианттары кас, кас, каsа, кuzа) Орал-Алтай, Кавказ тілдерінде «ер, еркек, кісі, жігіт, адам» деген мағынадағы сөз деп білсек, оның екінші компонентіндегі ақ (басқа да этнонимдер құрамында кездесетін) көптік жалғауының көне көрсеткіші болар деген ойға жетелейді. Өйткені, осы ақ (ек, ық, ік, ук) қосымшасы арқылы жасалған этнонимдер көне дәуірге, дәлірек айтқанда, Алтай дәуіріне қатысты. Көптік жалғауының көне көрсеткіші саналатын -қ (варианттары ақ, -ек, -ық, -ік, -ук) әсіресе ортағасырлық этнонимдер бойында жиі ұшырасады. Мәселен, қыпшақ, Созақ, қимақ, құмық, бәjенақ, jамаg, кэнжак, суқақ, қjiғ, қініқ, т.б. Бұл -қ (-ақ, -ек, -ық, -ік, -уқ) қосымшасының төркіні жайлы екіұдай пікір бар. Кейбір зерттеушілер оны көптік жалғауының көне түрі десе, екіншілері жинақтық көптік мағынаны білдіретін жұрнақ деп қарайды. Белгілі түркітанушы Н.А.Баскаков бұл -қ (-ақ, -ек, -ық) қосымшасы қазіргі -лық, -лік формасында (яғни бұрынғы -қ, -ақ қосымшасының туынды формасы) қолданыс табады деп біледі.
Тілдік фактілерге жүгінсек, бұл -қ (-ақ, -ек, -ық) қосымшасының көне этнонимдермен қатар, кейбір жұптық, көптік мағынаны білдіретін жалпы есімдер құрамында да сақталып отырғанын байқаймыз. Мәселен, бармақ, саусақ, қабақ, жүрек, білек, аяқ, құлақ, т.б. Осы қосымшаның басқа тілдер тобына жататын хамит, тұңғыс-манжур тілдерінде де көптік мағына, жинақтық ұғымды білдіретінін көреміз.
Демек, «қазақ» атауы қаз және ақ деген екі мүшеден жасалған. Оның бірінші сыңары қаз – «ер», «батыр», «жігіт», «адам», «кісі» деген мағынаны білдірсе, екінші сыңарындағы ақ морфемасы жинақтық ұғымды білдіретін, қазіргі көптік жалғау көрсеткіші «лар»-дың синонимі екендігі байқалады. Олай болса, «қазақ» деген атаудың әуел бастағы лексикалық мағынасы «нағыз батыл кісілер, ержүрек жігіттер, батыр адамдар» болса керек, ал кейіннен бұл мағына өзгере, ұлғая келіп, «кең далада еркін көшіп-қонып жүрген тәуелсіз адамдар, ержүрек еркін кісілер» деген мағынаға ие болған деп қараймыз.
«Қазақ» атауы туралы деректер мен жекелеген зерттеулерді және өз пікірімізді топшылай келе мынадай қорытындыға келеміз.
1. Каспий теңізі атауының бірінші компонентіндегі (сыңарындағы) кас сөзі сақтардың бір тайпасының аты болса, касаг (касахия) атаулары Кавказда және көне түркі тілінде, сондай-ақ, орыс жылнамаларында, Қара теңіз бен Еділ бойында, Қара теңіз жағалауында, Еділ мен Орта Азия елдерінде VІІ-ХІІІ ғ.ғ. тайпа, ел аттары ретінде кездесіп отырған. Кейіннен, ХІ ғасырдан бастап «қазақ» атты түркі елдері арасында кеңінен тараған. Ал ХV ғ. аяғы ХVІ ғ. бас кезінен «қазақ» атауы қазақ халқының аты болып қалыптасқан.
2. «Қазақ» атауы екі компоненттен (сыңардан) құралған. Оның бірінші компоненті қаз, екінші компоненті ақ сөзі. Ал қаз сөзі көне қас тайпасының атымен ұқсас, соның варианты болуы да мүмкін.
3. Атаудың бірінші компоненті кас (қас) – «нағыз батыл кісілер», «ержүректілер», «еркін, тәуелсіз батыр адамдар» деген мағынаға ие болса, екінші сыңары ақ көптік жалғаудың көне көрсеткіші болып саналады. Сонда «қазақ» деген этникалық атаудың толық мағынасы – «кең далада емін-еркін көшіп-қонып жүретін батыл адамдар, ержүрек еркін, тәуелсіз адамдар» деген қорытындыға келеміз.
Телғожа Жанұзақ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.