Қазақ баласы жаратылыстану пәнін қазақша білмеуі керек пе?
Соңғы кезде ел азаматтарының ең кемі үш тілді білуі қажет деген идеясы қоғам өмірін үлкен әбігерге салып отыр. Нарықтық экономика ұлттың дәстүрлі мәдениетінің шырқын бұзды. Бұзылу ғылым, білім ошақтарынан басталып отыр. Жоғары технологияда ең биік табыстарға қол жеткізген жапон елі де арнаулы оқу орындарының абыройын көтеру арқылы озық әрі пәрменді білім жолына түсті. Жапон үкіметі өмірдің барлық саласында «алдымен жапондық рух, сонан кейін ғана батыстық техника» деген айқын идеологиялық ұран ұстанған. Әлемдегі жоғары технологияларға да олар жапон тілі арқылы қол жеткізді. Біздің Елбасымыздың жастарға білім беру мен оларды тәрбиелеуге бағытталған бағдарламасы да осы тұрғыда жасалса игі болар еді.
Қазір еліміздің Білім және ғылым министрлігі «әлемдік тәжірибе» деген желеумен түрлі реформалар жүргізуде. Бұл негізінен, реформа емес, революция. Ал төңкерісті білім, ғылымда жүргізуге болмайды. Екіншіден, «әлемдік тәжірибе» деген қатып қалған стандарт жоқ, әр елдің өзіндік тәжірибесі бар. Еліміздің Білім және ғылым министрінің енді химия, физика, биология, информатика сияқты пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деуі біздің ойымызды сан-саққа жүгіртіп отыр. Сонда қазақ баласы жаратылыстану пәндерін қазақша білмеуі керек пе? Шет тілін жаппай білуді міндеттеу дұрыс емес. Бұрын Ұлыбританияның, Францияның колониясы болған елдердің өзінде де бұл тілдерді барлығы білмейді. Ағылшындардың колониясы болған Кения, Ганада жергілікті халықтың небәрі 20-30 пайызы ғана ағылшын тілін біледі. Тіл білгеннің бәрі Англияға көшіп бармайды ғой.
Тілді үйрену мен үйрету ісінде ұлттық психологияның ықпалы зор. Ал ұлттық психологияны қалыптастыратын — саяси билік. Толстой «Басқарудың әр түрінде заңдар әртүрлі болады. Монархияда — ар мен намыс, деспоттық басқаруда — үрей, халықтық басқаруда мейірім мен адамгершілік басым болады» депті. Біз осының соңғысына басымдық беру арқылы тілді дамыта аламыз.
Тілге ешкімнің әмірі де, өктемдігі де жүрмеуі тиіс. Кезінде император Ю.Цезарь бір сөзді дұрыс қолданбаған соң, көмекшісі оның бұл кемшілігін есіне салғанда, шамшыл билеуші: «Мен қалай айтсам, ол солай қолданылатын болады», — депті. Сонда батыл көмекші «Тақсыр мырза, сіздің мемлекетке, елге билігіңіз жүреді, бірақ тілге билігіңіз жүрмейді» деп нақты жауап беріпті. Сонда император ашуын ақылға жеңдіріп, жөн сөзге тоқтаған көрінеді. «Ұлт тілінен айырылса, мінезінен айырылады. Мінезін жоғалтса, ұлттық қасиеттерінен айырылып қалуы мүмкін» (Э.Кант). Парсы жұртының патшасы Дарий: «Біз мемлекетіміздің тұтастығын тіл, дін бір болғанда ғана сақтай аламыз», — деген болатын. Бүгінгі Иран саясатында қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Ол жоғары оқу орындарында физика, химия, математика факультеттерінде де «Парсы мәдениетінің тарихын» оқытады. Егер парсы халқының әдебиетін, тарихын білмесең, онда сенің физикаң, химияң, биологияң кімге керек деген ұғым қалыптасқан.
Шетелдерде бала оқытудан не ұттық, неден ұтылдық?
Олай болса тілге, мәдениетке байланысты АҚШ-тың бұрынғы президенті Томас Джефферсонның «Жас американдықты Еуропаға не үшін оқуға жібереміз?» деген досына жазған хатына тағы бір назар салсақ. Біздің газет бұл мәселені бұрын да жазған. Біз уақыт өткізіп, осы тақырыпқа қайта оралып отырмыз. «Сонымен… жас американдық азамат Еуропада қандай білім алады? Жас американдық Англияға барды делік, әрине, ол онда оқиды, бірақ оған қоса ол ішімдікке, ат жарысына және боксқа әуестенеді. Бұл ағылшындық білім жүйесінің ерекшеліктері Еуропаның өзге мемлекеттеріне де тән. Жалпы, мұнда оқыған жас адам еуропалық рахат өмірге бой алдырып, өзінің туған еліне деген жеккөрушілік сезімімен қарайды, еуропалық ақсүйектерге жасалған артықшылықтарға басы айналып, өз еліндегі кедейлер мен байлардың бір қатарда тұруын өлердей жек көреді, солардың өмір сүру салтына бой ұрып, өзін соларға ұқсатуға тырысады, өзін ақсүйектердің, монархтардың тобына жатқызғысы келеді. Өзіне түк пайдасы болмаса да, солармен достық қарым-қатынаста болып, бар өмірін құр босқа өткізіп алады. Әуейі, жылмақай әйелдердің тәтті исіне еріп, өзіне және өзінің жақындарына кері әсерін тигізуге бой алдырады. Сондай-ақ, өзінің денсаулығына кері ықпалын тигізетін салдақы, жеңіл жүрісті әйелдерді аңсап тұратын болады. Немесе күндердің бірінде болмай қоймайтын, отбасылық тазалыққа деген шынайылығын жоғалтудың тәсілдерін үйренеді және ол қылығын сері жігітке жатқызады. Кейін ол еуропалық әйелдердің өтірік күлкісі мен олардың естен тандырар әлем- жәлем әдемі киім-кешегін ұзақ уақыт ұмыта алмай, өз елінің қарапайым, ақ адал әйелдерінің табиғи сұлулығын көре алмайды. Ол осы көріністер арқылы өмір бойы кеше өзі қыдырған жерлер мен үйренген істерін ойлаумен өткізеді. Ол өз еліне оның экономикасы мен әдеп-дәстүрінен түсінікпайымы жоқ, өз Отанының іс-тәжірибесін білмейтін нақұрыс, шетелдік марғау біреу болып оралады. Ол өз Отанына өзінің ана тілінде сөйлеп, жаза білсе де, тек шетелдік көзқараспен қарайды, себебі еркін елде ол өзге адамдар сияқты еркін сезінбейді және басқалар жеткен жетістіктерді де бағындыра алмайды. Мен бұл жерде өзімнің байқағандарымды ғана айтқым келеді. Мен жас адамның 15 жастан 20 жасқа дейін өзге елде тұрып, сол елдің тілінде сыпайы сөйлеп, әдемі жаза білген оқиғасын көрген жоқпын. Сол сияқты басқалардың да екі тілде бірдей жазып, сөйлегенін кездестірген емеспін. Адамның жас шағында өзіне қандай тіл жақын болса, сол тіл оның ана тілі болуы тиіс.
«Менің ұғымымша, Еуропаға барып білім алған американдық жас білім жағынан да, моральдық және адамгершілік жағынан да, өзінің денсаулығы мен бақыты жағынан да көп нәрсені жоғалтады. Маған бұл жағдайлар Еуропаға келіп, көзіммен көргенге дейін жұмбақ күйінде болып келді. Америкаға келіп көріңіздер, бізде кім барынша білімді, кім қызыл сөзге құмар, өзінің отандастары арасында кім қадірлі, олар кімге көбірек сенім білдіреді және кімді жоғары қызметке ұсынады? Олардың бәрі өз Отанында білім алып, жоғары тәрбие алғандар және мораль мен салт-санада өзара үйлесім тапқан жандар». Томас Джефферсон («Демократия туралы», 1939 жыл). Иә, Америка демократиясының атасы не болса да ашық айтқан және ұлтқа деген жанашырлығын жанын жеп айтқан. Тілден кез келген жанның дем алысы байқалады. Дәл бүгін біздің қоғамның дем алысы бұзылып тұр.
«Өз ұлтын, өз тілін, өз тарихын білмеген адам — жәндік», — депті Циолковский. Өз тарихын, тілін білмеген болашақ ұрпағымызбен 2020 жылы қазақша сөйлеп кететінімізге сенім аз. Кезінде көрнекті жазушымыз Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтардың өзін жоғары билікке жақындатуға болмайды» деуі бекер емес.
Өз ұлтын шексіз сүйген қайраткеріміз Мұстафа Шоқайдың «шетелде оқып, тәрбиеленген азаматтардың өз ұлтына пайдасы жоқ, оны өз ұлты да пайдаланбайды» деуінде үлкен мән жатыр. Дәл осындай халге жетсек, біздің ертеңгі күніміз қалай болады? Қазақ өз ұлтынан өзі жиренетін, жерінетін дәрежеге жетпей ме? Құдай бізді оған жеткізбесін делік, өр кеудемізді ешкімге басқызбасын делік. Бірақ біз осыған өзіміз қадам жасап отырған сияқтымыз. Кезінде француз революционері де Сенте Беуэден: «Франция тағына Борбон, Орлиян, Бонапарттардың қайсысын лайық көрер едіңіз?» — деп сұрағанда, ол: «Мен үшін мойныма кімнің мініп отыруын таңдау маңызды емес, мойныма ешкімді де мінгізбеу маңызды», — депті. Біздің тілге келгенде жауабымыз да сондай. Қоғам өмірін тұмшалап алған орыс тіліне қоса енді иығымызға ағылшын тілін мінгестірсек, не боламыз?! (Жалғасы бар)
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ