Қазақ даласы тарихи орындарымен киелі
Қазақтың сайын даласы кеше мен бүгінді байланыстырған тарихи ескерткіштерімен ерекшеленеді. Олардың әрқайсысы тылсым күшке толы, ашылмаған жұмбағы көп замандар шежіресі. Бұған мен Түркістан облысы мен Тараз шаһарындағы киелі орындарға саяхаттау барысында анық көз жеткіздім.
Ертеден бүгінге жеткен: «Түркістанда түмен баб, сіздерден медет тілеймін, Сайрамдағы сансыз баб, Отырардағы отыз баб, ең үлкені Арыстанбаб, сіздерден медет тілеймін», — деген жыр жолдары бар. Бұл әулие-әмбиелердің ішінде ең жоғары тұрғаны Арыстанбаб екенін аңғартса керек. «Алпамыс батыр» қисасының бір нұсқасында Байбөріге перзентті болатындығы жайында хабар жеткізген Баба түкті Шашты Әзиздің «бастығы болып Арыстанбаб» — деген сөзінен байқауға болады.
Атадан балаға жеткен тағылымды сөзді тыңдап өскендіктен алдымен Арыстанбабтың басына түнеп, тілегімді жеткіздім. Киелі орынға іргелес орналасқан қорымда Ресейден «Тайқазанды» Ахмет Яссауиге алдырған мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков жерленген. Көзі тірісінде ұлттық дәстүрді ұлықтаған, қазақ руханиятының жанашыры атанған тұлғаның әруағына да тәу еттім.
Мұнан кейінгі бағытымыз Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болды. Бұл қасиетті жерді «екінші Мекке», — деп тегін айтпаған. Кесененің сыртқы қалыбының өзі орта ғасырда қазақ даласында өркениеттің қаншалықты дамығандығын аңғартады. Қанша дәуір алмасып, небір нәубеттер өтсе де іргесін сақтап қалды. Оны бүгінге жеткізген ұлт қамын ойлаған азаматтар деп білемін. Кесененің сыртқы келбеті қаншалықты еңселі болса, тарихи орынның іші соншалықты қасиетті. Мұны осы жерге барған адам анық сезінеді. Бойды өзгеше әсер, көктен түскен тылсым күш билейді. Бұл орында Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан сынды қазақ тарихында орны бар жүзден аса хан, би, сұлтандар жерленген.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) заманында: — «Алланың бір балаға берер аманаты бар. Соны жеткізетін қайсың»,-дейді. Сонда Арыстанбаб тұрып: — Қартайып бел арасы жасқа келдім. Жасым, күш-қайратым жетсе мен жеткізейін», — дегенде Пайғамбарымыз (c.ғ.с): -Аманатты қабыл етсең, Алла соған жетерлік ғұмыр береді,-деп аманатты береді.
— Кімге беремін және оны қалай танимын, — деген сұраққа Алланың елшісі (с.ғ.с): «Алла өзі белгі береді»,-деген екен.
Сондағы аманат — құрма болған деседі. Арыстанбаб жолаушылап келе жатса, алдынан бір бала шығып: «Аманатым қайда?», — дегенде, Алланың құдіретіне таңқалған әулие тілінің астындағы құрма сүйегін алып беріпті. Ол бала-Ахмет Яссауи екен.
Мұндай аңыз-әңгімелер тыңдаушыны елітіп қана қоймайды, өнеге аласың, тарихыңды тануға сеп береді, имандылыққа тәрбиелейді.
Тағылымға толы сапарымыз Үкаш атада жалғасты. «Оқ өтпес, қылыш кеспес» Үкаш ата орны шынында да тылсымға толы екен. Келушілердің көбі оның жатқан жерінің ұзындығына таңқалыс білдіреді. Бізге жеткен аңыз бойынша бойы 3 метр болған көрінеді. Атқа мінгенде аяғы жерге салбырап тұрған деседі. Ол кісіге оқ дарымайды екен. Тек таң намазы кезінде ғана денесі босайды. Мұны білген жаулар намазшам уақытында келіп, Үкаш атаның басын шауып түсіріпті. Шабылған бастан шашыраған қан қай жерге дейін жеткен сол аралыққа дейін ақ матамен бүркеп қойыпты. Ал, басы 25 метрге дейін домалап, қазіргі құдықтың орны пайда болыпты.
Келушілер алдымен құдықтан су алмас бұрын тілің кәлимаға келтіріп, «Ия, Аллам, зәм-зәм суыңнан ауыз тиейінші»,-деп тілек білдіреді.
Мұндай тарихи орындар Тараз қаласында да аз емес. Оның бірі — Тектұрмас. Түркістан облысынан қайтар сапарымызда Тектұрмас әулиенің басына келіп, тағзым еттік. Кесене орналасқан жер Тараздың ең биік нүктесі. Расымен, бұл биіктен қала тұтас көрінеді. Бұл жерде Абылай ханның қолбасшысы болған Мәмбет батырдың кесенесі де бар. Оның есімі Абылайды жоңғар тұтқынынан алып қайтқан отыз бес сардар ішінде Сеңкібай мен Шойбек қатар аталады. Мәмбет батыр есімі сондай-ақ Бұқар жыраудың «Қалданменен ұрысып» атты толғауында аталады.
Жалпы, қазақтың сайын даласы тұнған шежіре. Тылсымын да, қасиетін де енді сезініп келеміз. Бұл ел тәуелсіздігінің жемісі деп білемін. Әлі де ашылмаған жұмбағы мен айтылмаған сырлары қаншама. Тамырымызды тануға, тұлғаларымызды түгендеуге Мемлекет басшысының бастамасымен бағдарламалар мен түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Қазақстан әлі-ақ алыс-жақын елдерден көптеп келетін туристердің еліне айналады. Мен оған сенемін.
Дамира Төлеген,
Еуразия Ұлттық университеті журналистика факультетінің
студенті.