Қазақ дәстүрінде қонақ күтудің орны қандай?
Қазақ қоғамында қонақ – рухани бірлік пен сыйластықтың белгісі, ал қонақ күту – адамгершіліктің көрінісі болып табылады. Қонаққа бару – тек ішіп-жемей, жақын адамдардың хал-жағдайын білу, оларды қолдау, қуаныш пен қайғыны бөлісу, елдің өмірінен хабардар болып қайту деген мағынаны білдіреді. Осындай дәстүрдің арқасында қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы сақталып отырған.
Қонақ күтудің адамгершілік, кісілік маңызы өте зор. Қазақ халқы үйге келген қонақты құрметтеп, «қонақпен еріп құт келеді» деп сеніммен қараған. Жастар үлкендердің қасында отырып, олардың даналық толы сөздерін тыңдап, үлкенді сыйлап, ізет көрсетуді үйренген. Сондай-ақ олардың өмірден жинаған ақыл-кеңестерінен үлгі алып, бойларына жақсы қасиеттерді жинақтап өседі. Үйге келген қонақ өзімен бірге құт-береке әкеледі деп сенген. Қазақ дәстүрінде қонақтарды құрметпен қарсы алып, қонақжай бола білу – үлкен адамгершілікке тәрбиелейтін құнды қасиет деп саналған.
Қонақ үй иесіне деген құрметпен шақырған үйге арнайы сый-сияпат алып келеді. Барған жеріне сыйлық ала баруы қазақта бұрыннан қалыптасқан салт болып есептеледі. «Қуыс үйден құр шықпа» деп кетерінде үй иесі де қонаққа сый-сияпат жасап, құрмет көрсетеді. Этнограф жазушы Болат Бопайдың айтуынша қонақтың түр-түрі болады екен. Оларды атасақ:
Құдайы қонақ
Қазақ әуелден құдайы қонақты құдай жіберген қонақ деп түсінген. Құдайы қонақ дегеніміз – арнайы шақырылмаған, бірақ күтпеген жерден келген мейман. Қазақтар құдайы қонақты ешқашан ренжітпейді, себебі қонақ үйге береке мен ырыс әкеледі деп сенген. Сапарда жүрген жолаушы, барар үйін танымаса да жолшыбай кезіккен үйге түсіп, ас ішуге немесе қонып, демалып кетуге құқығы бар. Құдайы қонақ – қазақ халқының қонақжайлылығының ерекше көрінісі деп есептеледі. Қонаққа арнайы сыбаға дайындап, қойын сояды. Қазақ үйіне келген қонаққа ешқашан қабақ шытпайды. Керісінше, қонаққа кең дастарқанын жайып, мейірімін төгеді. Қонақпен таныс болмаса, танысып, жаңа байланыс орнатып, аға-бауырдай сырласып кетеді. Ал таныс кісілер болса, өткен-кеткенді еске алып, кең отырып әңгіме-дүкен құрады.
Арнайы қонақ
Қазақ халқының қонақжайлылық дәстүріндегі ерекше жандар – арнайы қонақтар. Үйінде той жасаса да, соғым сойса да, қандай да бір маңызды іс-шараны бастаса да немесе алыс сапар алдында болсын, арнайы қонақ шақыруды ата-бабаларымыз дәстүрге айналдырған. Арнайы қонақтар қонақжай шаңырақтың берекесі мен мерекесінің куәсі болып, ерекше құрметіне бөленеді. Осындай қонақтарға арнап ақсарбас қойын немесе көк қасқа тайын сойып, қазақтар өзінің сый-құрметін көрсетіп, малдың басын тартып, құрметті дастарқанын жайып, бата жасатады.
Қыдырма қонақ
Қыдырма қонақ – қазақ халқындағы ерекше дәстүрдің бірі. Әдетте айт, мереке, демалыс күндері ауыл азаматтары топ болып, әр ауылға, әр үйді аралап қыдырады. Бұл жай қыдырып, демалу үшін емес, үлкендерге амандасып, арнайы сәлем беру, хал-жағдайын білу, көңіл сұрау үшін ұйымдастырылатын сапар. Ауылдағы адамдар қыдырма қонақтарды жылы қабылдап, дастарқанына шақырып, сыйлап күткен. Ағайын арасындағы береке-бірлікті нығайтып, туыс-туғанның арасын жақындатуда бұл дәстүрдің мәні зор болған. Басты мақсаты – адамдардың бір-біріне деген құрметін арттыру, қоғамда түсіністік пен сыйластық орнату деп саналған.
Жаңа заман қонақтары
Қазіргі заманда қонақтарды қарсы алу мен оларға қызмет көрсету дәстүрлері де байып келеді. Олар көбінесе ас дайындау, сыйлықтар беру және арнайы рәсімдерді орындауда байқалады.
- Келіншек қонақ — жаңа түскен келін немесе жас әйел, отбасы мүшелері мен ересек адамдар арасында сый-құрметке ие.
- Күйеу қонақ — жас жігіт, жігіттер мен ересек ерлердің арасында, отбасында, ағайындар арасында ерекше мәртебеге ие.
- Беташар қонақ — жаңа келген қонақ, той немесе мереке кезінде арнайы шақырылған адам.
- Сырлас қонақ — ағайын-туыс, дос, жақын адам, оларды үйге жиі шақырады және ерекше жылылықпен қарсы алады.
- Шет елден келген қонақ — басқа елдерден келген адамдар, оларды арнайы күтіммен қарсы алады және қазақ мәдениетін таныстырады.
- Алыс жолдан келген қонақ — ұзақ сапардан келген жандар. Оларға ерекше қамқорлық жасалады, тамақ және демалыс қамтамасыз етіледі.
- Сыйлы қонақ — қоғамда белгілі танымал адамдар, оларға ерекше құрмет көрсетіледі.
- Құрметті қонақ — мерекелік немесе маңызды іс-шараларда арнайы шақырылған, қадірлі адамдар.
Сый-құрмет көрсетіп, ырыс-берекені, достық пен мейірімділікті дәріптеудің бірден-бір жолы- қонақ күту. Қонақ разы болып, қуанып аттанса, шаңыраққа құт қонады, ырыс артады деген сенім бар. Бүгінгі таңда халқымыз қонақ шақырып, күтудің дәстүрін мықты ұстанып, оны жаңғыртып келеді. Кеңпейіл, жомарт қазағымыз әрбір қонағын ерекше сыйлап, қонақжайлылықтың жоғары мәдениетін сақтап, ата дәстүрін мінсіз атқарып келеді. Сондай-ақ қазіргі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде.
Шаргүл Қасымханқызы