«Қазақ диаспорасы – біздің байлығымыз»…

Тәуелсіздік алғанымызға биыл 25 жыл. Сырттағы қазақтарды Атажұртына қайтару үдерісі елімізде содан бері жалғасып келеді. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясаттарының бірі. Мойындау керек, атқарылған игі іс қыруар. Алайда кеткен кемшіліктер де баршылық. Соның салдарынан соңғы кездері көш керуені тоқырады десе де болады. Ал енді тіптен тоқтап қалу қаупі бар. Әлемді жайлаған дағдарысқа байланысты оралмандарға бұрынғыдай жағдай жасауға мүмкіндіктердің азаятындығын Елбасы ашық айтты. Бірақ келем деушілерге «құшағымыз ашық» деді Н.Назарбаев. Бар гәп осында: қандастарымыздың жанына қаттырақ бататыны – «елім, жерім» деп сартап сағыншыпен келген бауырларымызға  бөтенси, салқын қарайтындар арамызда аз емес.

Олар  «сатқын» емес

Небір зұлмат заманды басынан өткерген қазақ тарихы – ең шерлі тарих.  Қасақана жасалған сол қиянат­тардың зардабын әлі тартып келеміз. Қызыл империяның қазақты қынадай қырған солақай саясаты тұтас этносты жоя жаздады емес пе? Ұлт басына төнген зобалаң кезенде яғни, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам репрессияға ұшы­раса, 25 мың адам ату жазасына кесілген. 1930-1933 жылғы ашаршылықта 2 млн 200 мың қазақ қырылып, Алтай мен Гималайды және Тибет пен Құлынды арқылы қарт пен бала арып-ашып, табандары тілініп Қытай, Моңғолия, Ирак, Ау­ғанс­тан, Өзбекстан, Ресей сияқты елдерге босып кет­уге мәжбүр болды. Олардың саны – 1 миллионнан астам. Мұстафа Шоқайұлы айтқандай, қазақ ұлтын «коммунистің «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастау» көзделгені айдан анық. Қызыл империя атасы түрік ұлты мен ұлыстарын бөлшектеп, жерінің аумақтық тұтастығын бұзып, құтты қонысына көз тікті. Бір ауыз сөзбен айтқанда,  этникалық ассимиляцияға түсіруді мақсат тұтса керек.

Қазақты қанға бөктірген қызыл империяның қыспағынан қашудан басқа амал таппаған олардың шетте жүріп те көрген бейнетін жауыңа да тілемессің. Онсызда барар жері, басар тауы қалмаған қандастарымыз жергілікті халықтың зорлық-зомбылығына тап болды. Дереккөздерде жазылып жүргендей, Алматы облысының Қорғас, Қалжат өңірлерінен Қытайға өткен қандастарымызды сібелер мен дүн­гендер, ал Нарынқолдан  барғандарды қалмақтар ашықтан-ашық тонап, тентіретіп жіберген. Ондай болса, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заманда атажұртынан жылап кеткен бауырларымыздың өз еліне кібіртіктемей келулеріне толық құқықтары бар. Әрбірден кейін, қазіргі келіп жатқан отандастарымыздың көпшілігі зұлмат заманда тарыдай шашылған қандастарымыздың  ұрпақтары. Сөз жоқ, олардың бүгін өмірде жоқ әке-шешелері тірі күндерінде атажұрты жайлы тебіреніп жырлап, олардың түбінде еліне қайтуларын аманат етті.

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, алайда «сендер сатқынсыңдар, қашып кеткен қашқындардың ұрпағысыңдар» — деп бөле-жара сөйлейтін ойы саяз, сөзі таяз адамдар арамызда әлі бар.

«Қазағым» деп келген қандастардың елге келу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Жігерлері құм болды. Үміт сәулесін берген күні шекарадан «әп!» деп өткен күні, сол жергілікті мекемеге барғанда: «Не істеп келдіңіздер, не бар, ақыры ата-бабаларыңыз қашып кеткен сол жақта тұра беру керек еді, ел есін жиғанда не үшін келдіңдер?» дейді. Құдай-ау, «не үшін» деген сұрақ бола ма?! Қай елде жүрсе де байлығың етегінен төгіліп жатқан қазақтың ырысын тасытатын өз Отаны емес пе, өз бабасының аманаттап кеткен даласы емес пе?! Ол – солай. Бірақ Советтің қамытын киіп, орыстың дәуірін бастан кешкен «местный» (бүгінде бұл бір өзінше атау кәдімгідей) ағайынның мұнысы іштарлық па, әлде қызғаныш па?! Қазақ қазақтың аяғынан тартады дейміз, бірақ қызғану, іштарлық қылу қай атаңның салты еді?! Қашқындар солар-ақ болсын, сатқындардың ұрпағы солар-ақ болсын! Енді қараңыз, ашаршылық кезінде шекара асып өткендер тірі қалуы үшін, аштан қырылмау үшін жанталаса жат елге жөңкіді. Одан басқа жол жоқ еді. Аштан қату, алға тырмысып жүре бер. Әрине, дұрыс. Бірақ ол сатқындық жасау емес. Сатқын — сол кездегі қазақтың басын кесіп отырған үкіметтегі қазақтар еді», — дейді жас ақын Марғұлан Ақан. Ал жазушы Смағұл Елубай болса былай деп еске алады:

– Мен де сол елден қаша көшкен, Голощекин орнатқан зобалаңнан әзер құтылған ауылдың баласымын. Біздің ауыл Ауғанстан мен Түрікменстанның шекарасында отырды. Сол жерде жүр­генде әке-шешемізден «Қазақстан қай­да?» деп сұраушы едік. Сонда олар: «Анау қарауытып тұрған тауды көресің бе? Қазақстан сол Памирдің ар жағын­­да» дейтін. Сонда біз өзіміз ешқашан  көрмеген атажұрт – Қа­зақс­тан­ды са­ғын­­ғанда көз жасымыз мөл­тілдеп кете­тін еді. Мінеки, оралмандар  отаншыл­дығы осындай, ағайын. Босқын қа­­зақ­тар тура­лы осы пікірле­рім­ді Қа­зақстан халқы Ассамб­лея­сының 27 сәуір­де өткен сес­сия­сын­да Елбасы­ның алдында айттым. Қазір Қазақстанда жұмыссыздық­қа, басқа да мәселелерге оралман­дарды кінәлайтын бір әдет пайда бол­ды. Бұл – үлкен әділетсіздік.

Қандай қиындыққы тап болса да қандастары­мыз атажұртқа оралу­дан үмітін еш үзбеген екен, ондай болса Отанына бет түзеген ұлы көштің тілеуін тілейік.

«Көш жүре түзеледі» дейміз, бірақ…

Тәуелсіздік алғалы бері жалғасып келе жатқан көші-қон мәселесі осы күнге дейін даусыз шешілген емес. Орын алып жатқан кемшіліктер қат-қабат. Біздің ойымызша осының барлығы көші-қонмен айналысатын органдардың жиі ауысуы. Көші-қон мәселелерін кешенді шешу үшін онымен тікелей айналысатын мемлекеттік басқару органдарының іс-қимылы әлі үйлестірілмей келеді. 20 жылда көші-қонмен айналысатын орган төрт рет ауысқан.  Салдарынын сабақтастық пен бірізділіктің болмай, қоныс аударуға қарастырылған қыруар қаражат талан-таражға түсті. Кезінде ел қалаулылары нақты бір орталық немесе қоғамдық кеңес құру қажет деп өздері айтқан еді, алайда оны қолға алған ешкім жоқ.

Ішкі және сыртқы көші-қонға қатысты заң мен ережелер де бізде жиі өзгереді.  Асығыс дайындалатыны да шындық. Әр саланың өз кодексі бар. Әркім өз заңына бағынады. Ал «Халықтың көші-қоны туралы» заң көп жағдайда ескерілмей жатады.

Естеріңізде болса, «2014 жылдың 29 наурызда шыққан Үкіметтің «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» №248 қаулысы негізінде  өзге өңірлерге келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру тоқтатылған болатын.  Бұл  қаулы тек сырттағы қазақтардың ғана емес, тіпті Қазақстандағы дүйім жұртты дүрліктіріп жіберді.  Шет елден көшіп келген және үкімет белгілеген 7 облыстан бөлек өңірде тұрғысы келетін қазақ ықтияр хат алар кезде шетел азаматы ретінде төлем қабілетін растауы қажет болды. Ол үшін оның есепшотында кем дегенде 2 миллион 444 мың теңге (13,5 мың АҚШ доллары) болуы тиіс еді.

Бір топ қоғам қайраткерлері мұны «барып тұрған қиянат» деп сипаттады. Айта кетейік, қаулыға сәйкес оралман мәртебесін алып, әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізгісі келетін шетелдік этникалық қазақтарды үкімет Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына орналастыруды көздеді. «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» қаулының шикілі-пісілі екенін билік өзі мойындағандай болды, сөйтіп араға көп уақыт салмай жатып, сол жылдың шілдесіндегі қаулысына сәйкес, қоныстанушыларды орналастыруға арналған тізімге Қазақстанның барлық 14 облысы енгізіледі. Содан бастап, оралмандар елдің қай өңіріне қоныстанғанына қарамастан, төлеу қабілеттілігі жөніндегі дәлелдемесіз мекендеу қағазын алып, оралман мәртебесіне ие бола алатын болды. Шүкір!

Елде қызу пікір-талас тудырып отырған тағы бір мәселе  –  қандастарымыздың келген елінде «соттылығының» бар не жоқтығын растайтын құжатты талап ету. Ал Қытайда қауіпсіздік министрлігінің елден кетушілерге 18 түрлі анықтаманы үзілді-кесілді бермейтіні туралы қаулысы бар екен. Соның бірі «соттылыққа яғни заңға қайшы қылмысының бар немесе жоқтығына» байланысты анықтама. Өйткені ол елде қылмыс жасағандарды елден шығармайтын заң қабылданған. Біздіңше заң шығарғанды сырттан бауырларымыздың келуін жақтырмаған біреу Қытайдың қаулысын жақсы білген. Сөйтіп осы атың өшкір анықтаманы кіргізіп жіберген. Өкінішті әрине, бірақ бұл жерде ұққанымыз – заң шығарушылар салғырттық танытқан, атүсті қараған. Әйтпесе заң жобасын жасап жатқанда барлық жағдайларды ескеріп, бүге-шігесіне дейін зерделеп шығулары керек еді. Тиісті орындар осы мәселеге жан-жақты талдау жасап, шетелдік қандастарымызды сергелдеңге салған осы анықтаманың күшін жоюы қажет еді. Мынандай парадокс: Қазақстаннан шетелдерге кетіп жатқан адамдар бірнеше миллион. Солардың бірі біздің ІІМ-ден сотталмағаны туралы анықтама сұрап жатқан жоқ. Бұл мәселе әлі оң шешімін тапқан жоқ. Басы ашық күйі тұр.

Қысқасы, бізде көші-қон мәселесін жүйелі зерттеп, сараптама жасап, мемлекет мүддесіне сай ұтымды ұйым­дастыру қажеттігі әлі де өзекті. Көш-қон мәселесімен ежелден айналысатын елдердегі заң тетіктерін жүгінсек артық болмас еді. Бұл ретте Израиль мен Германия мемлекеттеріндегі тәжірибеге жүгінсек жетіп жатыр. Оларда Көші-қон саясаты әлдеқашан басталып, жылдар бойы ұтымды-ұтымсыз жағын екшеп отырды. Нәтижесінде көшін түзеп алды. Олар этникалық халықтарын елге қайтаруға неге сонша бар күштерін салды? Өйткені солар арқылы көбейіп, қуатты ел болуды көздеді.  Кейбір тәжірибесі мол елдер этникалық көшті ең алдымен шетелдерде ұйым­дастырады екен. Былайша айтқанда, қоныс аударғысы келетіндер туралы алдын ала мәлімет жинап, құжаттарын дайындайды, азаматтық алу мәселесін шешіп, ор­наласатын жерін, тұратын баспанасын, істейтін жұмысын анықтайды алдымен. Тек содан кейін көшіріп әкеледі. Ал бізде қалай, оралмандар ше­карадан өз күштерімен өтіп алады да, әбден азаптанып әйтеуір бір өңірге тұрақты тіркеледі. Көші-қон мекемелері тек содан кейін ғана олармен жұмыс істей бастайды. Бар «әттеген-айлар» соның салдарынан. Қалай десек те, бар үміт жаңа заңда.

Ұзақ толғатқан заң шапағаты мен шатағы

«Жан-­­жақ­ты талдау жасалмай қабыл­­­данған заңнама шетелдерден келетін қандастарымыздың көші-қонын күрт баяулатқанын» ел қалаулылары өздері мойындады. Соған  байланысты Елбасымыз тікелей тапсырма беріп, Үкіметтен этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыруға бағытталған этностық көші-қон саясатын жетілдіруді талап етті. Нәтижесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды. Алайда құжат  «күлтөбенің басында күнде жиын» жасайтын атқарушы биліктің «рұқсатын» ұзақ күтіп, халықпен әрең қауышты. Толғағы қатты болған заңның осынша кешеуілдеп барып дүниеге келгені — он мыңдаған қандасымызды зар қақсатып қойғаны баршаға мәлім.

Десек те, заң жобасының көптің көңілінен шыққан тұстарын атап шыққан экс депутат Г.Сейтмағанбетова («Егемен Қазақстан» газетіне) былай деген болатын:

— шетелдердегі дарынды этностық қазақ жастарының келуін және Қазақстан азамат­тығын алуын ынталандыру мақ­сатында Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқитын этнос­тық қазақ студенттеріне жеңіл­детілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын беру көзделді;

— Қазақстан Республикасында тұратын алыстан келген ағайындар мен шетел­діктерге визаны ұзарту мәселесін жеңілдететін, яғни визаны ішкі істер органдары арқылы ұзартуға мүмкіншілік беретін нормалар қабылданды, бұрын 3 ай сайын визаны ұзарту үшін қандастарымыз шыққан мемлекеттеріне барып қана ұзарта алатын еді;

— отбасын біріктіру мақсатында шетелдерде тұратын этностық қазақтардың арасындағы туыстарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру үшін азамат­тардың шақыртуларын қарай­тын және куәландыратын құзы­ретті жергілікті атқарушы орган­дарға беру туралы нормалар қабылданды;

— ағайындардың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты алу кезіндегі қиындықтар туғызып келген кей­бір кедергілер жеңілдетілді, атап айтқанда, бұрын тек бір құқық бұзушылық болған жағдайда рұқсат берілмесе, заң жобасымен бірнеше рет құқық бұзушылық болған жағдайда ғана рұқсат берілмейтін норма алынды;

— қандастардың Қазақстан азаматтығын алғанға дейін жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ИИН) болмауынан балаларын мектепке, балабақшаға орна­ластыруда, емхана, аурухана­лар­да тіркеліп емделуде, ­зей­нет­­­ақы жарналарын және әлеу­мет­тік төлемдерді аударуда қиын­­дықтардың болуына бай­ла­нысты, осы заң жобасымен мұндай жеке сәйкестендіру нө­мірі қандас мәртебесін алған­нан бас­тап берілетін болып белгі­ленді, яғни куәлігі жеке сәй­кестендіру нөмірі бар құжат­тардың тізбесіне енгізілді;

— бауырластар қызметтік немесе жеке тұрғын үйі бол­ма­ған кезде қандастарды бейім­деу және ықпалдастыру орта­лық­­тарында, білім беру меке­меле­рі­нің жатақханаларында уақытша тіркелу құқығын беру туралы тү­зету қабылданды.

Сонымен бірге, Қытай Халық Республикасынан қоныс аударған қандастарымыздың қойып жүрген екі мәселесі бойынша да тиісті шешімдер қабылданды.

Бірінші – шыққан мемлекеттің келісімі туралы анықтама бойынша: заң жобасымен жұмыс жасау барысында депутаттар тарапынан бұл мәселе әлденеше рет көтеріліп, нәтижесінде мұндай анықтама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 қаулысымен Мемлекеттік қызметтер стан­дарт­тарындағы тізбеден Қытайдан келетін қандастарымыз үшін алынып тасталды.

Екінші – соттылығы жөніндегі анықтама бойынша: жұмыс тобының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі Қытайдан қоныс аударған этностық қазақ­тардың соттылығы туралы анық­таманы алудағы пробле­малар жөніндегі мәселені Қы­тайдағы Қазақстан елшілігі ар­қылы зерделеді. Нәтижесінде, анық­таманы Қытайдың әр провинция­сы өздерінің үлгілерімен бере­тін­дігі, бірақ өтелмеген сотты­лығы бар адамдардың елден шығуына байланысты мәселе терең зерттеуді қажет ететіндігі анықталды. Министрлік алдағы уақытта Қазақстандағы Қытай елшісімен кездесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыратыны жө­нін­де ақпарат берді. Жалпы, біздің ойымызша, бұл мәселе заңмен емес, халықаралық келі­сім­-шарт­тармен немесе Үкіметтің қау­лысымен реттелуге тиіс.

Тамара Дүйсенова, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
-Бір жылдың ішінде оралман мәртебесі туралы куәлік беріледі. Келесі бір жылдың ішінде Қазақстанның азаматтығын ала алады, — дейді жаңа заңға қатысты азаматтық алу мерзімінің қысқарғандығын мәлімдеп. Ал біздің ойымызша, этникалық қазақтарға азаматтық беру мерзімін мейлінше азайту керек. Өйткені сергелдеңге салып қоятын түрлі кедергілер олардың отанына оралсам деген ниетін жоғалтады. Тіпті үкімет қыруар қаржы жұмсамай-ақ, тек азаматтық алудың жолдарын жеңілдетсінші, қанша қазақ қайтып келер еді.

Милиардтаған қаржы қолды болды

Өздеріңіз білесіздер, «Нұрлы көш» бағдарламасы 2009-2011 жылдары жүзеге асырылып, мемлекеттік және жергілікті бюджеттен 197 миллиард теңге қарастырылған. Көші-қон квотасына келсек, 2011 жылға әр оралманға төленетін жәрдемақы көлемі 187,7 мың теңге болса, 2012 жылы ол 212 мың теңгеге дейін көтерілген болатын. Ал, 2013 жылы бұл сома – 237 мың теңгеге дейін өскен-ді. Жалпы, шетелдегі қандастырымызды елге қайтару мақсатында 2011 жылы бюджеттен 12,055 млрд. теңге бөлінсе, 2012 жылға бөлінген қаржы – 14,995 млрд. теңгені құрап, 2013 жылға – 16,043 млрд. теңге қарастырылған болатын.

Назарларыңызға сала кетейік, бір жолғы жәрдемақы  отбасы отағасына 15-есе АЕК мөлшерінде болса,  әр отбасы мүшесіне 10-есе АЕК. Өзі көшкенде тұрақты тұрғылықты жері бойынша бару және мүлікті тасымалдау бойынша жол ақы шығындарын өтеуге қаражат (соның ішінде мал). Бұндағы жолақы төлемі 10 есе АЕК мөлшерінде жүргізіледі. Жеке мүлікті алып жүру бойынша төлем әр оралман отбасына 50 есе АЕК мөлшерінде тиесілі. Оралманның отбасының әр мүшесіне 100 есе АЕК мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат. Егер оралман тұрғын үйді  бөлінген сомадан арзанға сатып алса, қалған ақша үкіметке қайтарылмайды. Ал қымбатырақ болса  өзі толтырмақ.

Біздің ақша мәселесіне тоқталуымыз жайдан-жай емес: ақша бар жерде жемқорлық жүреді.  Мысалы, солтүстік өңірде  700 оралманға тиесілі жәрдемақыны жалған құжатпен алаяқтар иемденіп кеткен. Бұл 700 миллион теңге. Осыдан бірнеше жыл бұрын 42 миллион теңгенің қолды болуына байланысты 64 қылмыстық іс қозғалғаны бар. Оңтүстік Қазақстан облысындағы кө­ші-қон мекемесінің бір топ қызмет­керлерінің  жалған құжат жасау арқылы 180 млн. теңгені талан-таражға салып, сотты болға­ны баршаға мәлім. ҚР Бас прокуратурасы мәлімдегендей, Солтүс­тік Қазақстан облысында «Нұрлы көш» бағ­дарламасына бөлінген 137 миллион тең­ге әлдекімдердің жеке пайдасына жұм­сал­ған. Маңғыстау облы­сын­да осындай 136 миллион теңге тағы ұрланды. Қазақстанға мүлдем келмеген немесе бұрын жәрдемақы алған ора­лман­дар­ға жалған құжатпен заңсыз қаржы тө­леу салдарынан 80 миллион теңге талан-таражға түскен.

Тіпті біздің елдегі көші-қон саласындағы қыл­мыс­тар Қазақстанды қойып, шекара асып кетті. Нақтырақ айтсақ, Қытайда бірнеше адам Қазақстанға баратын жалған виза жасап сатумен айналысқан. Алматы облысына Қытайдан келіп оралман ретінде тіркелген 87 адамның құжатының жалған болып шық­қаны да естеріңізде болар.

Негізі көші-қон саласына бөлінген қаржы қыруар, үкімет сараңдық танытып отырған жоқ. Алайда миллиардтаған қаржыны тиімді пайдаланудың жолы жасалмады. «Нұрлы көш» ауылдарын салу идеясы қандай жақсы еді. Өкінішке орай ол идея да жемқорлықпен оранып есесіне  адам тұра алмайтын баспаналар тұрғызылды. Иә, «Ұлттық шоғырлану процесінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақтылық пен өзара келісімнің нығаюын, демографиялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз етуге» бағытталған «Нұрлы көш» ақыры осылай аяқталды. Демек, ел мүддесін емес, өз қалтасын ойлағандардың кесірінен көздеген мақсаты игі жоба күйреп қалды. Егер бөлінген қаржы дұрыс игерілгенде қаншама қазақты көшіріп әкелетін едік?! Сыртта әлі 5 млн-ға жуық бауырлармыз бар. Әттең…

Дерек пен дәйек

1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5 пайызын құрайды. Құзырлы сала таратқан мәліметті алға тартсақ:  

Қазақстанға келген оралмандардың 61,6 пайызы — Өзбекстаннан, 14,2 пайызы — Қытайдан,  9,2 пайызы — Моңғолиядан, 6,8 пайызы — Түрікменстаннан, 4,6 пайызы — Ресейден және 3,6 — өзге елдерден.

Ал орналасу барысы төмендегідей:

21,2 пайызы — Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3 пайызы — Алматы облысына, 13 пайызы — Маңғыстау облысына, 9,4 пайызы — Жамбыл облысына, 40,1 пайызы — еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.

Елге оралған қандастарымыздың 55,6 пайызы — еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері — 39,9 пайыз, ал зейнеткерлер — 4,5 пайызды құрайды.

Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8 пайызының жоғарғы білімі бар болса, 20,6 пайызында орта арнаулы білім бар, 60,8 пайызы — жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8 пайызының білімі жоқ.

 Түйін

Қазір әлемнің барлық елдері бір тілдің, бір тудың астына бірігудің маңыздылығын ұғынды. Мультимәдениеттен бас тартып, жұдырықтай жұмыла бастады. Мұндай біртектілік бізге де қажет. Әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылып жатқан қандастырымызды елге қайтару арқылы Қазақстан тек нығая түсетінін ұмытпайық. Сая­саттанушы Айдос Сарым айтпақшы, «қазақ диаспорасы – біздің байлығымыз». Анау-мынау емес, ең басты байлығымыз, қазынамыз. Ендеше тоқтап, тұралап тұрған көші-қон мәселесін жандандыру мемлекетіміздің де, халқымыздың да басты парызы һәм міндеті болу тиіс. Ал «Олар енді оралмайды» деген жанның жанайқайында да біраз шындық бар. Себебі енді 10-20 жылға кешіксең сырттағы 5 млн-дай бауырларымызды жат елдердің жұтып жіберуі әбден ықтимал. Ағайын, біз асықпасақ ондай қауіптің ауылы  алыс емес-ау…

Ләззат Билан