Қазақ елі көш басында!

Қазақстанның электрондық үкіметті даму деңгейі бойынша Азияның он үздік елінің қатарына кірді. Бұл мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе! Зор қуаныш!

    Тарқата әңгімелесек, БҰҰ-ның электрондық үкімет даму индексі ғаламдық үрдіске шолу жасап, Электрондық үкіметтердің даму деңгейі туралы есептеп шығарыпты. Олардың дерегі бойынша Қазақстан Азия мемлекеттерінің арасында 7 орынды иеленген. Бізден жоғары сапта тек Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Израиль, Бахрейн және Біріккен Араб Эмираттары орналасыпты.

Сонымен бірге БҰҰ-ның жаһандық рейтингісі бойынша Қазақстан 33 орынды иемденіп барлық ТМД елдерінің алдына шыққанын атап өткен жөн.

Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша биылғы ең үздік көрсеткіш Ұлыбританияда, одан кейінгі кезек Австралияда болса, үшінші орынды өткен жылдың көшбасшысы Оңтүстік Корея иемденіп отыр. Жаһандық рейтинг бойынша АҚШ — 12 орын, Ресей — 35 орын, Қытай — 63, Өзбекстан мен Қырғызстан — 80 мен 97 орындарда.

Қысқаша мәлімет бере кетелік. БҰҰ-ның электрондық үкімет даму индексі (The UN Global E-Government Development Index немесе EGDI) дегеніміз – мемлекеттердің азаматтарға ақпараттық және коммуникациялық технологиялары арқылы мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етудің әлеуеті мен әзірлігін бағалайтын кешенді көрсеткіш. Осылайша, 2016 жылы Қазақстанның композиттік индексі 0,7250 ұпай құраса, жаһандық орташа EGDI0,4922 ұпай деңгейіне бекітілген. Бұл индекс адам капиталының дамуы, телекоммуникациялық инфрақұрылым мен онлайн қызметтер іспетті 3 көрсеткіштен құрылады. Рейтинг пен оған қатысты көрсеткіштер әр екі жыл сайын БҰҰ сарапшыларымен есептеліп дайындалады.

«ЕлАна»