Қазақ ғалымдары үшін Өзбекстан архивіне жол ашылуы тиіс — Берік Әбдіғалиұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат — 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында қазақ ғалымдарына Өзбекстан архивінде жұмыс істеуге жол ашылуы тиіс. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тарихқа келсек, қазақ пен өзбектің бір халық екенін білеміз. Кезінде хандықтары бөлінген шығар, бірақ халқы бір. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған жылдары екі ел арасында болмайтын бәсекелестік туындап кетті. Тарихқа байланысты және басқа да көптеген ортақ мәселелер қордаланып қалды. Мәселен, гуманитарлық салада ортақ тарихымыз бар, ортақ әдебиетіміз бар. Осы жағынан зерттеу жұмыстары көлеңкеде қалды. Өзбекстан архивтері біз үшін әлі жабық. 1916-1917, 1920 жылдары болған оқиғалар әлі де зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, Қазақстандағы Өзбекстан жылында гуманитарлық, әдебиет, мәдениет саласындағы ынтымақтастықтан үлкен үміт күтеміз. Ғалымдарға архивпен жұмыс істеуге жол ашылуы тиіс», — деді қоғам қайраткері ҚазАқпарат тілшісіне берген пікірінде. Б. Әбдіғалиұлының айтуынша, жаһандану заманында қазаққа жақын ноғай, қарақалпақ, өзбек, қырғыз халықтары бір-біріне қолдау көрсетуі тиіс. «Өзбекстан үшін Қазақстан — үлкен нарық. Бұған дейін шекарадан өнімдерді өткізуде қиындықтар болды. Енді шекараны ашып, экономикалық ынтымақтастықтар орнар болса, бірқатар бағалар төмендеуі мүмкін. Әрине, бұл оңтүстіктегі шаруалар үшін ауыр тиюі мүмкін. Дегенмен, бәсекелестік болса, сапа да болады, ерте көктемде көкөністер анағұрлым арзандар еді. Біз шығаратын тауарлар үшін де Өзбекстанның 30 миллион халқы жаңа нарық болар еді. Осылайша, тарих, мәдениет, әдебиет, экономикалық тұрғыда екі елдің ынтымақтастығы артар еді», — деп өз сөзін түйіндеді Б. Әбдіғалиұлы. Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы өтеді. Бүгін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Астанаға жұмыс сапарымен келді.
Айжан Серікжанқызы