Қазақ халқы:”Қыз тілегі мақпал”-деп бекер айтпайды.
Хан Кененнің қолға түсіп, Алатаудың баурайында болған шайқаста ойсыра жеңіліп, елге олжасыз келген кезіміз-деп бастады дейді сөзін табын қарт Бұқарбай батыр.
Елге келген соң да еңсеміз бір көтерілмей қойды. Жұрттың сыбырлап айтқан сумаңдаған суық сөзі қаңтардың аязындай жанымызды қарпып бара жатыр.
Батыр байғұстың ризыға соғыстан түскен олжа болады. Ол болмаса, барымта. Олжамен барымтаның орайы келмесе,берсе қолынан, бермесе жолынан-деп келе жатқан керуенге көз тігесің.
Ер азығымен бөрі азығы жолда деген. Жеті жігітім желкілдеп, батыр қашан аттанамыз -деп үйге күнде келеді. Өзімнің де жүрегім қысылып, үйге сыймай жүрген кезім.
Тәуекел түбі нар қайық-деп басымен алысып тұрған күрең қасқаға жүген салдым. Жануардың тепсінгенінен шылбыры байланған теректің басы тербеліп тұр екен. Терлігінің үстіне тоқымын салдым. Ұзақбай ұстаға, құнан өгіз беріп шаптыртқан құранды ерімді тоқымның үстіне тастадым. Арасына саусақ симайтындай қылып қос қайыс тартпасын, тас қылып тарттым.
Торғай көз сауытымды киіп, бес қаруымды асындым. Жігіттерімде сақадай сай тұр екен. Аттың басын жіберіп едім. Көкжалдың артынан ерген бөрідей, жігіттерім артымнан шұбырып қоя берді.
Қаз қайтып болған, қарашаның соңы. Қоға мен қамыстың басына тиген аттың сауыры, үлпілдегін қарша боратып, дарияның бойында келе жатырмыз. Бар ойымыз қызылдың құмына қарай өтіп алу.
Үйден шыққанымызға аптадан асты. Алты малта ас болмас деген, бар азығымыз таусылуға шақ қалды. Қанжығамыз майланып, әлі олжалы бола қойған жоқпыз. Ойымыздағы олжаға жолықсақ, аттың басын жіберіп, тойлағалы тұрмыз. Батыр барлаушысыз жүрмейді-деген.
Бір уақытта бір жәйлі хабар келді. Түркіменнің тұсынан, ордалы жыландай шұбыртып, он түйесін жетектеген жалғыз атты бір керуен келе жатыр деген. Елінен шыққанына төрт күн болыпты. Күні бойы сол алақаным қышып еді, құдай осы олжаны меңзеп тұр-ау деп. Сол алақанымды сүйіп, маңдайыма қойдым.
Шыққанына төрт күн болса, құдай қаласа түс қайта жолығармыз. Асырдан асқан уақыт, дәрияның жиегіндегі дөңнің үстімен келе жатқанбыз, алыстан шаң көрінді. Ал жігіттер құдайларың берді деп. Ауызымды жиғанымша болмады, алдында келе жатқан екі жігітім аттың басын келе жатқан керуенге қарай жібермесі бар ма?
Көзінің ұшында бұрқыраған шаңды көрген керуен басы, алдыңғы түйенің бұйдасын, соңғы түйенің құйрығына іліп, керуенді шеңбер қылды.Үкілі найзасын қолға алып, қос жігітке қарсы шапты.
Жүректі батыр екен әуелі келгенін түйреп, соңғы келгенін шауып өлтірді. Иесі жоқ аттары далақтап далаға шауып кетті. Екі қыршын да жетеді-деп жігіттерді әрең тоқтаттым. Қоңыраулы найзамды қолға алдым.
Бара найзаластық, білекті найзагер екен. Жан берейін деп тұрған ол жоқ. Айламен алмасам, былай ала алмайтынымды сездім. Наурызбайдан үйренген әдісім бар еді. Соңында соны қолдандым.
Мойнына тастаған бұғалығым, қолтығына қатар ілінді. Оң қолымен мойнындағы арқанды алам-деп жан ұшырып жатқанда, ашық қалған оң қолтықтың тұсынан найза ұрдым. Қор етіп аттан құлады.
Аттан секіріп түсіп, жанына жетіп бардым. Өткір найза қолтығының астындағы күре тамырын қиып кетіпті, қан саулап жатыр. Басындағы дулығаны шешкенім сол еді. Қолаң шашы сусылдап, жерге төгіліп түсті. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Қарлығаш қасы қыйылып, ботадай көзі мөлдіреп жатқан қыз бала.
Талықсып бара жатыр екен, сасқанымнан бетіне торсықтағы суды бүркідім. Есін жиып өзіне келді. Жөн сұрадым.
Аға! Қалың Түркіменнің ішінде отырған жалғыз қазақтың қызы едім. Әкесі өте ауқатты адам болса керек. Әкем дүниеден өткен соң түркіменнің кәрі құртаң байлары түртпектеп, тоқалдыққа алам-деп қоймады. Қорғансыздың күні құрсын, арқа сүйер асқар тауым болмағасын, басымды тауға да тасқа ұрдым. Кәрі иіскеген денемді құрт жесін-деп өлгімде келді. Бірақ шыбын жан шіркін тәтті екен. Өзіме қол салуға құдайдан қорықтым.
Бір беткей мінезімнің барын білетін шешем, іс нашарға шаппай тұрғанда-деп, бір түнде жасауымды он түйеге артып, көзден жасырын іңіртте аттандырып жіберді. Атымның шылбырын ұстап тұрып айналайын қызым. Енді көрісеміз бе? Көріспейміз бе? Бір Аллаға аян.
Атыңның басын қызылдың құмына бұр. Шөл даладан аман есен өтіп алсаң, дәрияның жиегіне жетерсің. Өзегің талса, өзен бойын жағала деген. Жарды жағалай жүре берсең, елдің етегіне де ілінерсің.
Елде табын Бұқарбай деген батыр ағаң бар тауып ал. Қазақтың қайсар ұлы ғой, қарындасын ешкімге қорлатпас. Құтты жеріңе қондырар. Барған соң керуеннің тізгінін ағаңа ұстат. Жетім қыздың тойындай қылмай, дүниеңді артыңнан апарар. Жасауым аз демей, осы он түйедегі дүниеңе қанағат қыл қызым. Әуелі Аллаға, сосын батыр ағаң Бұқарбайға аманатсың деп аттандырып еді. Батыр ағам Бұқарбайды іздеп келе жатырмын деп қолымда жан тапсырды.
Қарындасымды өз қолыммен өлтіргеніме өкініштен өзегім өртенді. Бала болып ешқашан көзімнен жас шықпап еді. Даланы басыма көтеріп өкіріп жыладым. Қайғыдан жүрегім қарсы айрылды. Қарындасымды өз қолыммен, сол жерге жерлеп, пәтихасын оқып, дүниесінің соқыр тиынына тиіспей басына мұнара көтердім.
Бүгінде ел сол мұнараны Қыздың Белгісі деп атайды-деп қарт Бұқарбай батыр күрсініпті.
Осы әңгімені Алмас ағам Алматов айтып бергенде бірнеше күнге дейін оқиғаның сюжеті көз алдымнан кетпей қойды.
Қазақ халқы:”Қыз тілегі мақпал”-деп бекер айтпайды. Қабырғаңнан оқ тисе қарпып алар қарындас демей ме? Ағаса үшін қабырғасы қайысатын қарындастарымыз аман болсын.
Артында айбатты ағаларының барын әр қазақтың қызы сезінсін. Қазақтың жасы кіші қай қызы болсада қаны бір қарындасымыз емес пе? Қарындастарымызға қорған болайық. Қызды қорғайтын орман болайық………………..
МАҚСАТ СҚАҚОВ.