Қазақ халқының ұлттық болмысы мен философиялық-діни ұстанымдары
Мемлекеттік білім беру ұйымдарына «Дінтану» пәні енгізілуі, бірінші кезекте, оқушылардың діни сауаттылығы мен экстремистік пиғылдарға қарсы тұра алар азаматтық көзқарасты тұрақтандыру мақсатында қарастырылған. Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген құқықты, зайырлы мемлекет деп көрсетілгенімен діни бағыттағы деген сөз жоқ.
Демек, білім беру ұйымы – мемлекеттік құрылым, олай болатын болса, мектеп оқушысы я болмаса кез келген талапкер мемлекеттік құрылымның қабылдаған ішкі ережесіне бағынуы заңды. Ал ішкі ережелер мектепте арнайы киім үлгілерін кию жөнінде өз шешімдерін бекіткен.
Қыз бала – ең алдымен, оқушы, мектепте білім алушы және Қазақстан Республикасының заңына сәйкес заңдылық талаптарын орындаушы.
Мына пікірге назар аударайық: «Құранда қыз-келіншектердің киетін киімінің нақты пішімі айтылмаған. Тек әйел баласы өзінің дене бітімін ерекше айқындамайтын кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез келген киім үлгісін таңдап кисе болғаны. Бұл шарттар орындалғаннан кейін, сәнді, әрі өзіне жарасымды жалпы эстетикаға сай киім киюге ислам дінінде қарсылық жоқ.
Сауд Арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылмандарға парыз емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Сондықтан, Құран өлшемдерінен шықпау шартымен әр мұсылман киім үлгісін өзінің менталитеті мен әдет-ғұрыптарына, заманына қарай, әрі өздері өмір сүріп отырған жерлердегі ауа райы ерекшеліктеріне ыңғайлы етіп таңдай алады. Мысалы, қазақ жерінің әр өңіріне тән әйел кимешегі болған. Тіпті, әйелдердің жас ерекшеліктеріне де байланысты кимешек үлгілері тігілген. Ата-бабаларымыз «ғұрпымызда орамал тағу жоқ» деп, Құран қағидасына қарсы шықпаған. Керісінше, оны ғұрпымен сабақтастырып, ою-өрнегімен көркемдеп, өзінің төл киім үлгісіне айналдыра білген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдерін ескере отырып, заман талабына сай әр түрлі ұлттық киім үлгілерін тігуге неге болмасын?!
Осылай істер болсақ, бәлкім, орамал тағып, ұзын киім кию – ананың, мынаның ұлттық киімі дегендей таяз түсініктерден арылар едік( (Қ.Жолдыбайұлы «Күдікпен күрес», «Көкжиек» баспасы, Алматы, 2008ж. 151-бет).
Бұл пікірлерге қосарымыз қазақ халқы қыздың бетін жастайынан бүркемелеуді түбегейлі мақсат тұтпаған, бірақ халқымыздың тәрбиесіне орай тұрмысқа шыққан қыздардың отбасының анасы ретінде ашық-шашық жүрмеуі, бала тәрбиесі мен жас ананың гигиеналық талаптарын ескеріп, жас келіннің кимешек үлгілерін ұлттық ерекшелігімізге сай түрлендіре білген.
«ҚР Білім және ғылым минстрлігі елдегі мектептер, колледждер мен ЖОО-ларда діни киімдерді киюге және оқу орындарында намаз оқуға түбегейлі тыйым салмақ» деп интернетте және жекелеген баспасөзде дабыл қағып отырған жайларды да көріп, біліп жүрміз. Жалпы зияткерлік пен білімділікті серік еткен кез келген азамат өз жүрегінде бір сенім барын еш жасырған емес. Қазіргі қазақ азаматтары озық техниканы меңгерген, өркениет үдерістері мен қоғамдық құбылыстарды зерделей алатыны да шындық. Қазақ халқының ұсынылды.
Осы жиында «Ұлттық құндылық дегеніміз адамзаттық құндылықтардың құрамдас бөлігі және әр ұлттың қоршаған табиғат ерекшеліктеріне сай өмір салты негізінде ғасырлар бойы жинақталған тұрмыстық және рухани мұра» деген анықтама берілді. Елдің – елден, халықтың – халықтан айырмашылығын танытатын оның ұлттық құндылықтары. «Атадан өсиет», «Анадан өнеге» тек, қазақ халқына тән рухани ұлттық құндылық негізі. «Екі дүние» деген ұғымды тұрмыстық (уақытша – бұ дүние) өмір және рухани (мәңгілік – о дүние) өмір деп түсінетін халқымыз үшін тұрмыстық дүниедегі уақытша өмір мақсаты -рухани мәңгілік дүниеге үлес қосу.
Ендеше осындай өз философиясы қалыптасқан халықтың ұлттық ерекшелігін екшеп, оны ислам мәдениетінің әдемі тұстарымен қабыстырғанын айқын танитын кез келді. Қазіргі дінді тұтас арабы негізде енгізу түркі текті халықтың төл мәдениетінен ажырату екенін жақсы түсінуіміз керек. Онда біздің алтын киімді ата-бабаларымыз мәдениет пен өмірлік философиядан жұрдай болғаны ма? Біздің ұрпағымыз дінді ұстануы белгілі бір білімдік өреде дамымай, схоластикалық, мәңгүрттік негізде жүзеге асатын болса, онда біз ұлттық құндылықтарымыздың жойылып бара жатқанына амалсыз көнетін қауіп туындайды.
Құқықтық мемлекет ретінде діни ұстанымға негіз берумен бірге, оны бақылау да қажет. Егер олай етпеген күнде экстремистік пиғылдағы жандардың ниетіне жол берілетінін де естен шығармау керек.
Мәселен, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл мұражайы ауылында 2006 жылы «Мәңгі өмір» шіркеуі өз ұйымын ашпақ болуы, Қарасай ауданындағы кришналықтардың қазақ жастарын еліктіріп, арбауына түсіруі, болмаса қазақ жастарының ислам діні тармағының қайсысы екенін білместен («Ақлия сунна», «Таблиғи жамағат», «Хизбут тахрир»,т.б.) дінде едім деп тас-түнек орануы мен жөнді-жөнсіз ислам дінін ұстануы олардың психикасына теріс әсер етері сөзсіз.
Қазақ баласының ата тегімен берілген өзіндік ерекшелігі, өжет мінезі, тізе батыруға көнбейтін намысы мен туған жеріне деген перзенттік сезімінің басым болатынын есте ұстау қажет. Қазақы тұлғаның ұлттық болмысы, ұлттық тағылымнан (ұлттық психология мен ұлттық педагогикалық ілімдер) нәр алған жан-дүниесі, ұлттық мәдениетпен өрілген қабілет-қасиеттері мен табиғи мүмкіндіктерін есепке алған жағдайда ғана біз ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етеріміз хақ. Бұл турасында шетел саяхатшылары мен ғалымдарының пікірлерін де зерделей кетсек.
Васильев А.А. Қазақтар туралы «Қазақтардың өте қабілетті екеніне күмән келтіруге болмайды. Бұл халық бүгінге дейін өзінің ерекшеліктерін сақтап келді. Халық шығармашылығының мақал-мәтелдер, ән, жұмбақ, тарихи әңгімелер т.б. түрінде бізге жеткен туындылары бұл халықтың бай тарихының бар екенін айғақтап, сонымен қатар оның болашақ дамуының кепілі болып табылады. Бостандыққа сүйіспеншілігі, кішіпейілдігі, сенімі мен білімге құмарлығы – қазақтарға тән қасиеттер…»
Иванин Михаил Игнатьевич, Орыс географиялық қоғамының мүшесі
Қазақтардың табиғатпен жақындығы туралы бала кезінен бір жерден екінші жерге көшкенде үйреніп, жазда үш-төрт күн, ал қыста лдан да аздау уақыт ат мініп, жолсыз жерлерде жүріп, жерлерді есте сақтаудың ерекше қабілетіне ие болып, күн, ай, жұлдыздарға қарап, төбелердің, алқаптардың, өзендердің, бұлақтардың, сайлардың қалпына қарап, тау жоталарының орналасуы, көлдердің, төмпешіктердің кескіндері бойынша жөн таба біледі. Қорған, жерде жатқан тас, бұталар, су ағысының бағыты, судың дәмі, шөптің қасиеттері, қимылдауы, желдің бағыты т.б. нәрсе қазақтар үшін белгі болып табылады.
… Көшпелі халықтың жақсы жетекшісі – тірі компас десе де болады: ол қараңғы түнде де көшті бастап жүрсе, дұрыс бағыттан ауытқымайды. Қазақтардың дұрыс жолын таба білу қабілетіне шекара казактарын да таң қалдырады, олар қазақтар қасқырларға ұқсап түнде де анық көре алады деп ойлап жүр. Қазақтардың көзі 5-6 шақырым жердегі бұтаны немесе тасты тасалап тұрған адамды анық көре алады немесе оның башқұрт не казак екенін ажырата алады. Ол алыста тасада жанып тұрған оттың түтінін және қайнап тұрған судың буын т.б. анық ажыратады.
Брем Адольф Эдмунд, немістің табиғат зерттеушісі. Қазақ әйелдері туралы.
«Қазақтың әйелдері мен қыздары киім, әшекейге қызығу жағынан біздің әйел-қыздардан кем түспейді. Беттеріне опа-далап және қызартпа жағуды,сондай-ақ түріктердің салты бойынша тырнақтарын қынамен бояуды біледі. Әйелдері Шығыс елдерімен, мысалы түрік әйелдерімен салыстырғанда онша қысылмайды. Мұсылман еместермен қарым-қатынастары да анағұрлым еркін».
Бурнашев Тимофей Степанович, Ресей Ташкенттегі елшісі
Қазақтар туралы.
«Қазақ орталарында оларды бір ойдың айналасына біріктіріп отыратын күш не десек: қауіп төңген кезде ортақ мүдде, құқықтарын қорғау үшін, жағдайларына қарамастан, ауызбірлікте болады. Қазақтар әдет бойынша ат мініп жүреді. Қазақтар батыл…халық.. Ер адамдары мен әйелдері арасында сұлу адамдарды көптеп көруге болады, әйелдері гауһар тастан жасалған әшекей бұйымдарын, басқа жылтырақ зергерлік бұйымдарды жақсы көреді. Ал киімдері жібектен, мақта және жүн маталардан тігілген шапан түрінде болады».
Бурьянов /Бурнашев/ Владимир Степанович, әдебиетші
Қазақтар туралы
«Қазақтар деген ғаламат халық! Өмірді олар ойыншық көреді, қауіп-қатерден, өлімнен қорқу дегенді білмейді; олардың кішкене қар көздерінде ержүректілік оты жанып тұр; денелері күнделікті үйреншікті жаттығудан, өмірдің өзінен күшті; көздері 10 және одан да көп шақырым жердегі шағын нәрсені анық көріп ажырата біледі.
…Күн батқаннан кейін олар бір-біріне жақын, дөңгелене отырып, ертегі айтуға кіріседі, күлісіп, дүбірлесіп қалады немесе үндемей отырып, қобыз, домбыра, сыбызғы тартқызып, өздері жақсы көретін әндерді тыңдайды».
Вамбери Герман /Арминий/, венгер түркологы, лингвист,саяхатшы.
Қазақтар туралы.
«Олар қай жерде, Ембінің бойында не Арал теңізінің жағалауында немесе Балқаш өңірінде на Аталаудың етегінде тұрмасын, сөйлейтін тілдерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Айтатын ертегілері де, салатын әндері де, бізге белгілі ұлттық тағамдары мен ұлттық ойын-сауықтары да әр жерде бірдей, ал ең қызығы – саяхат жасауға әуестік және әскери қауіп-қатер дабылы бір-бірінен қашық тайпаларды біріктіретін».
Гедин Свен, швед саяхатшысы, географ, этнограф.
Қазақтар туралы
«Қазақтар өздерін «қайсақтар», яғни ержүректілер, батылдар деп атағанды ұнатады, олар өздерінің даладағы өмір салтына риза, бәрінен де бостандықты қалайды, біреуге бағыну дегенді мойындамай, қалаларда тұратындар мен егіншілікпен айналысатындарды менсінбейді….
Қазақтар ата-бабалары еркін өмір сүрген кең-байтақ далаларына жан-тәнімен берілген. Қоршаған табиғатқа қарап қырғыздардың жерді жақсы біліп, сезіне алатынын, қырағы көзді екенін айтуға болады».
«…Жолды жұлдыздар арқылы ғана тауып қоймай, әрбір ағашты, жерде жатқан әрбір тасты біледі. Бірте-бірте мен қазақтарға сүйсіне қарайтын болдым. Олардың ортасында 4 ай өмір сүрдім, жалғыз еуропалық болсам да бойымды жалғыздық сезім билеген жоқ, өйткені достық пен қонақжайлық ортасында басқаша болу мүмкін емес еді».
Завалишин ИпполитҚазақтар туралы.
Қазақтың ұлттық сана-сезімі, ана тіліне, төл тарихына деген сүйіспеншілігі бар /Жазбашадан гөрі ауызша түрі/.
Қазақ өте қонақжай, қонақты ерекше құрметтейді, қадір тұтады, шын көңілмен уәде берсе, басынан айырылса да оны орындайды! Бүкіл бір ауыл барымташы үшін қыруар құн төлесе де оны аман-есен жасырып алып қалатыны бар. Қазақтар өте батыр халық. Олар қалмақтармен, жоңғарлармен талай рет соғысып жеңіске жеткен. Олардың барлығы бала кезден бастап ат мініп жүргенге үйреніп кеткен, шабандоз.
Қазақтарға тән жақсы қасиет: сөйлеген кезінде жағымпаздықтың белгісі де жоқ, құлға ұқсап төрт аяқтап жорғаламайды, өкінішке орай, мұндай қылықтар орыс мұжықтарында әлі де кездеседі. Егер сізден бір нәрсені өтінетін болса, айтатын сөзін батыл, тура айтады, жасқанбайды. Орыстардың ортасында болғанда бірден өзін олармен тең дәрежеде ұстайды.
Көріп отырсыздар, қазақ халқының ортасында әркезеңде болған саяхатшылар қазақ болмысы туралы таңғалыспен айта отырып, олардың еркіндігі, өзіндік дүниетанымы мен Шығыс мұсылмандарынан өзгешелігін де тілге тиек етеді. Бар Азия халықтары қыздарының ішінде бетін бүркемеген, ерлермен бірге ел қорғауға қатысқан қазақ аруларынан Әлия мен Мәншүк шығуы заңды да. Өзге Азия халықтарынан шыққан батыр қыздар бар ма екен?!
Қызына айшықты әшекей кигізіп, оны ай-жұлдызға теңеп масаттану, басына үкілі бөрік кигізіп дүнияи философиямен жерге тамырын тіккен, ертең жапырақ жаяр өмір ағашына теңеген халықтың қызын ерке жасында бүркемелеу не үшін қажет? Келін болғанда өнегелі өситепен сәукеле кигізіп, желек жамылған кимешек кигенге дейінгі қыз ғұмырын бағалаған ата-баба мәдениеті безінуге емес, сезінуге, мақтануға емес марапатқа лайық.
Георги Иоганн Готлиб, неміс этнографы.Қазақтар туралы.
«Қазақтардың бет әлпеті Қазан татарларындай, сүйкімді де еркін, көздері кішірек болса да қаһарлы емес, көңілді қарайды. Тумысынан олардың ақылы кең, өздері тақыршақ жерлерді жақсы көреді, көңілшек, мейірімді, өте сезімтал келеді, демек, қанішер емес. Әйелдері үй шаруасына ұқыптылығы, жинақылығы, адал ниеттілігімен ерекшеленеді; тұтқындарға жандары ашып, өздеріне қауіп төндіретіндеріне қарамастан, қашып құтылуға көмектеседі.
…Өздерін тым еркін ұстайды, ешқайсысы біреудің құлы не малайы болуды қаламайды.
…Халыққа туыс деп қарайды; шынымен де олар ерікті адамдар, қарапайым халық байларға табынбайды: киіз үйлердің ішінде олардың қастарына сұрамай отыра береді, бірге тамақ ішеді, ойларына келгенін айтып, өздеріне пайдалы болатын тапсырмаларды ғана орындайды. Ханға аса бағынбайды, бірақ қасиетті тұлға дегендей өте құрметтейді».
Бұл жерде ханға бағынбау бүлікшілдікті емес, демократиялық еркіндікті шындықты бүкпей айтар өткір ойлы Бұқар жырау, Махамбеттер мінезін көрсетеді, ал хан көтерген адамды қасиетті жан ретінде қастерлеуі өз алдына бір өнеге.
Қазақ ұрпағының тәрбие тамырының бірі – өнер. Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен ждер қойнына кірер денең, – деп ұлы Абай жырлаған қазақ баласы әнмен сезімін тербетеді, күймен көңілін рухтандырады. Ол үшін қыздың сын-сипаты – аққудың көгілдірімен теңдес, сырғасы, шашбауы, шолпысы – сезім сыңғыры. Қыздың сұлулығын сипаттаған ән – ақынның тамаша туындысы ретінде қабылданады. Өнер адамының суырыпсалмалық қабілетінің көрінісі.
Затаевич Александр Викторович, этнограф, композитор (қазақ фольклоры туралы)
Қазақ халқын зерттеген көптеген ғалымдардың пікірінше, бұл халық зиялылығы жағынан өте дарында, шығармашылық әртүрлілік мен мазмұнға ие. Расында да олардың халық ауыз әдебиеті, халық аңыз-ертегілері, тарихи аңыздары, жырлары т.б. тілінің ерекше бейнелілігімен, мәнерлілігімен, метафоралары мен салыстырулардың көптігімен, әдеби қиялдың өрісімен назар аударады.
…Бір-бірімен әңгімелескен кезде қазақтардың тумысынан шешен екендіктері аңғарылады; олардың ортасында әлі күнге дейін кез келген тақырыпқа нақты ырғақ пен ұйқасқа толы ұзақ өлеңдермен жауап бере алатын суырып салма ақындар көптеп кездеседі. Ақындар халықтың ерекше ілтипатына ие болады. Домбыра әрбір кәсіпқой әншінің ғана емес, көптеген дарынды әуесқой әншілердің қолынан түспейді. Ал домбырамен оған арнайы шығарылған күйлер орындалғанда, қазақтар оларды ерекше ықыласпен тыңдайды.
Олай болса, жаһандық мәдениетке алтын адамның бүгінгі ұрпақтары өз болмысымен кіруі қажет емес пе? Бұл үшін ұлттық тәрбиені қолға алып, ұлттық тәрбин орталығын ашу керек. Ал мектеп баласының өз еркіндігі мен мектеп ережелеріне сай болуы қоғамдық талаптарға сай болғаны жөн.
Интернеттегі мәліметті қарастыра кетсек: « Білім және ғылым вице-министрі Махметқали САРЫБЕВТЫҢ айтуынша, діни киімдерді кию еш жақсылыққа әкелмейді екен: “Қазақстан — көп дінді ел. Егер хиджабқа рұқсат берсек, ертеңгі күні бір сыныптағы отыз оқушының отыз түрлі киініп отыруы жақсылыққа әкелмейді“ деп сыға іліктірген автор: «Бірақ өз сөзін ешқандай дәлелдермен қуаттамаған вице-министрдің не айтпақ болғаны белгісіз. Қазақстанда көп ұлттар тұрғанымен, олардың басым бөлігі мұсылмандар (қазақ, ұйғыр, дүнген, өзбек, әзірбайжан, татар, шешен, түрік, т.б.). Соңғы статистика көрсеткендей, халықтың 72 пайызы өздерін мұсылмандардың қатарына жатқызады. Демек, Сарыбаевтың айтып отырған үрейі “Қорыққанға қос көрінеді» – ден басқа ештеңе емес. Ал мұсылман студенттер болса, хиджап кию мен намаз оқуға тыйым салудың жақсылыққа әкелмейтінін айтады. Себебі, адамның діни сеніміне қысым көрсету – демократия заңдылықтарына қарсы әрекет». Ал ересек адамның діни уағызды қандай мақсатта айтатыны белгісіз болған жағдайда жымысқы пиғылды дінмен бүркемелеуі – баланың өз пікірі мен өз таңдауын жасау мүмкіндігіне нұқсан келтіруі, басқа сөзбен айтқанда баланың қажеттілікпен саналы түрде баруына жол бермеуі, тұлға тәрбиесі мен адами еркіндігін шектеуі.
Балаларды бір-бірінен бөлмеу, талапқа сай оқыту, дәстүрлілік сақталуы – заңдылық. Діни сенімге бостандық беру – көбіне есін біліп, ақыл тоқтатқан, ертеңгі атқаратын ісі мен оң-теріс әдетіне жауап беретін азаматқа берілген құқық. Оны бесіктен белі шығып, бұғанасы қатаймаған балаға қатысты қарау – педагогикалық ұстанымдарға қарама-қайшы пікір.Жалпы, мемлекетіміз діндерге қатысты саясатты ашық ұстап, қолдау көрсетуі – діннің де адам өміріндегі қажеттілік ретінде тануында. Осы мүмкіндікті қолға жалау етіп ұстап, дәстүрлі педагогика – тұлғаға тәрбие мен білім беру ісінде кедергі ретінде пайдалану түбі жақсылыққа апармайды. Дінге құрметпен қараған мемлекет саясатын қадірлеу, жас ұрпаққа да өз кезеңінде жалпы талап-тілектерге сай білім беру саясатына деген құрметті қажет етеді.
Осы бағытта ұлтық тәрбие тағылымдарын ұлықтап, еркін де білімді, дүниетанымы терең тұлға қалыптастыру – еліміздің кемел болашағына берік сенімділік кепілі.
Айсұлу Қасымбек
Baq.kz сайтынан