Қазақ халқының ұлттық болмысы несімен ерекшеленеді?

Жалпы «болмыс» деген ұғымның мәні қандай және нені білдіреді? Мемлекеттің әлеуметтік қуаты, мәдениеті, экономикасының деңгейі, рухани әлеуеті  ұлттық болмысты сипаттайды екен. Сол үшін  елдік сана мен ұлттық мүддені жоғары қою қажет. Осыған орай  Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі еске түседі. Иә, біздің бүгінгі болмысымыз, ертеңгі мақсатымыз – әлеуеті жоғары, руханияты кемел, жастары білімді, ғылымы ілгері, технологиясы дамыған ұлттық мемлекетті жасау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды жəне қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың əлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын», — деп айтқан қанатты сөзі бар.

Әр халықтың өзіндік дара қасиеттері бар. Ол – ұлттық болмыс. Ұлттық болмыс  ұлттық қадір-қасиет дегенді білдіреді. Тіліміз, дініміз, ұлтымыз, Отанымыз- біз үшін сатылмайтын байлық. Олар бәрінен де жоғары тұруы қажет.  Қазақ халқында  елдің түсінігіне айналған ерекше ұғым- өнеге. Ертеден ата -бабаларымыз оны ұлттың өмірін жалғайтын дүние деп түсініп, қастерлеген. Ұлы қасиеттер, қазақ зиялыларының тарихы, қазақтың тәрбиесі, балаға үйреткен өсиеті келе- келе ұлттың дүниесіне кіре береді.

Атам қазақ бала тәрбиесіне ерекше мән беріп қараған. Бесік жыры, әңгіме, ертегі, қиял ғажайып ертегілерді балаға әңгімелеп беру арқылы  баланың санасына құйып,  тәрбиелеп отырған. Ертегі әңгімелерді балаға қазақтың үлкен адамдары әңгімелейді. Осылай ата-ана мейіріміне бөленіп, құлағына құйып өскен бала отанына, дәстүріне жақын өспек. «Балаға алғашқы тәрбие, ем ананың үнімен беріледі» деп  тұңғыш медицина ғылымының негізін салған Ибн Сина айтып кеткен.   Жастайынан өнегені тыңдап өскен бала өмірге құштар келеді.  Ол  өмірдегі әрбір қиыншылық, кедергілер  ақылмен, сабырмен, төзіммен  шешілетін нәрселер  деп түсінеді. Өйткені  тарихи дүниелер, ертегілер, аңыз әңгімелерінің балаға берер тәлімі мен тағлымы мол. Кішкентайынан  елдің болмысын, дәстүрін баланың санасына жеткізу ата- ананың тектілігі, яғни осы  дәстүр ұрпақты тектілікке баулымақ.  Қазақы тәрбиенің негізгі күші — тектілік.

Қазіргі кезең бала тәрбиесіне аса мән беруді талап етеді. Өйткені ұрпақ тәрбиесі – ұлттың  болашағы.  Біздің мақсатымыз – ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеп, қазіргі қоғам талаптарына сәйкес жан-жақты дұрыс тұлға етіп қалыптастыру. Сөйткен бала  жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Яғни адам баласына ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі қажет.  Әл-Фараби ғұламамыз «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы», — деп бекер айтпаған.  Сондықтан да ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле деген нақыл сөздің айтылуы да тегін емес шығар…

Шаргүл Қасымханқызы