Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар

 Біздің  «ЕлАна» сайтымыз өздеріңізге берген үәдеміз бойынша, оқырманның назарына  осы кітапқа енген әрбір мақаланы кезек-кезегімен жүйелі түрде ұсынуды жөн санадық. Қазақ елінің тарихында өзінің есімдерін алтын әріппен жазып кеткен батыр әйелдер болды. c4sejDNy

ӘБІЛҚАЙЫРДЫҢ БОПАЙ СҰЛУЫ

 Солардың  бірегейі өз ерліктерімен, ақылдылығымен тарихта атын қалдырған Бопай сұлу (Бәтима, өмір сүрген уақыты шамамен 1690-1780 жылдар). Ханның бәйбішесі, ел анасы, байырғы дала өркениетінің дәстүрімен, көргенділікпен елдің қамын ойлайтын ұрпақтарын тәрбиелеген Бопай сұлудың қазақ қоғамында өзіндік орны ерекше.

         Бопай сұлу Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның жары мен құты болды.Бопай Әбілқайыр ханның екінші әйелі бола тұра, өзінің табиғатынан ерекше салиқалы, басалқы, тағаты қасиеттерінің арқасында аса жоғары «сұлтанша» лауазымына ие болды.

         Бопай сұлудың шығу тегі туралы екі түрлі дерек бар. Бір деректерде Бопай сұлу Кіші жүздегі белгілі батыр адай Мырзатайдың бір туған бауыры делінсе, екінші бір деректерде Кіші жүздің беделді қазақ сұлтандарының бірінің қызы, атақты Дербісәлі сұлтанның қарындасы болған деп айтылады.

         Әбілхайырдың Бопай сұлуға үйленуі және екеуінің арасындағы шынайы махаббат пен ынтықтық туралы ел ішінде көптеген аңыз әңгімелер таралған.Көп нұсқасы бар, сол аңыздардың біріндегі Әбілхайыр мен Бопай сұлудың ғашықтық сезімдері қазақтың лиро-эпос жырларындағы кейіпкерлердің сезімдерінен кем емес.Сол ғашықтар хикаясы туралы әдемі аңыз халық арасына кеңінен таралған.

         «Бір күні Кіші жүздегі әйгілі батыр Жәнібек пен Әбілхайыр жолда келе жатып кеш түсе бір ауылға кез  болады. Бұл бір батырдың ауылы екен.Ауыл иесі аса бай, жасы үлкен кісі екен.Оның бой жетіп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Әбілқайыр ақыл-есі кете ғашық болды.Жәнібек батыр жас төренің бұл мінезіне таң қалады.

57GF6quBieMOJSpZaVCv9lBddMFcu8Келесі күні жолға аттанған Әбілқайыр күтпеген өнер шығарып сол ауылда қалатынын айтады.Жәнібек батырға өз жөнімен кетуге тура келеді. «Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын» — деген Әбілқайыр оған ермей қалып қояды.

Қыз ауылына қайтып келген Әбілқайыр өзінің төре тұқымынан екенін жасырып Бопайдың әкесінің малын бағуға жалданады. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жігіттің сұңқары Әбілқайыр батыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақыт ішінде ауыл адамдары арасында сенімге ие бола бастайды.Көп ұзамай сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан тәнімен ұнатып сүйіп қалады.Осылай екі жастың арасындағы сезім ұлғая түсіп, Әбілқайыр Бопай сұлудың әкесінен рұқсат сұрауға бел буады.Мұндай жағдайды күтпеген қыздың әкесі қызының бағасын білгендіктен, өзіне кедей жігітті тең көрмейді.Ендігі кезекте ол қызын Әбілқайырға берместің амалын іздестіріп, «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат және 60 боз ат әкелесің, әйтпесе қызымды бермеймін»- деп шарт қояды.Аталған шарт жас батырға ауыр тиеді.Дегенмен көзсіз ғашық болған Әбілқайыр қыз әкесінің шартын орындауға жолға аттанады.Бопай сұлудың әкесі «Жалғыз атты кедей жігіт бұл шартымды орындай алмас»- деп үміттенеді. «Тірі жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын»- деп серт берген Әбілхайыр әлгі айтқан жылқыны ағайындарынан, ел-жұрттан сұрайды, алайда ешқандай нәтиже шықпайды.Шарқ ұрған батырдың осындай аянышты күйін естіген Жәнібек батыр жетіп келеді.Қу кедейлік қолын кесіп отырған жас төрені аяған,әрі келешегіне сенген Жәнібек батыр Әбілхайырға керекті 150айғырды өз жылқысынан шығарып, санап береді.Оған қоса ол өзі барып Бопай сұлудың әкесіне қазақтың әдет-ғұрпы бойынша құда түседі.Сөйтіп әйгілі қазақ батыры Жәнібек екі ғашықтың басын қосып, үлкен азаматтық іс жасайды».

         Әрине, ежелден келе жатқан қазақтың дәсүрі бойынша Бопай сұлудың атастырылып қойылғаны белгілі.Оның үстіне байдың қызы болғандықтан, сәйкесінше мықты адамға айттырылған. Әбілқайыр мен Бопай сұлудың арасындағы ғашықтық сезім дәстүрді бұзуға мәжбүрледі.Қалай болған да Әбілқайыр сынды жас батырдың Бопай секілді әйгілі сұлуға үйленуі оның шын мәнінде өмірдегі бақыты еді.1711 жылы олардың тұңғыш баласы Нұралы дүниеге келді.

Бопай төре ұрпағының шаңырағында құтты келін болды.Ол келін болып түскелі Қажы сұлтан шаңырағының құт-берекесі арта түсті. Әбілқайырдың тасы өрге домалады.Көп ұзамай Әбілқайырды Кіші жүздің игі жақсылары ақ киізге көтеріп хан сайлайды.Бопай сұлудың өз басы да қазақ әйеліне тән кішіпейілділік, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық және басқа сол секілді қасиеттерімен Әбілқайыр шаңырағында жақсы келін, әрі жақсы бәйбіше атанды.Әйел болса да ердің ақылы мен батырлығын өз бойына сыйдырған абзал жан еді.Бопай сұлудың аса беделді болғаны соншалық Әбілқайырдың көптеген саяси істерін ақылмен шешуге көмектескен.Батыр атанған Әбілқайырдың қилы мінездеріне тоқтау айтып, сабырлыққа шақырып, сабасына түсіріп, қиын мәселелерді бабымен шешуге көмектескен.Бопай Әбілқайырдың ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған.Елдің ішкі және сыртқы саясаты мәселелері шешілетін құрылтайларда Бопай өзі құқық білгілері билер мен шешендік өнер иелерімен қатар сөз сөйлеп ел басқару ісіне қатысқан. «Бопай сұлу өзінің ақылымен құрметке ие болған,сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен әсер еткен.Әдетте әйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай сұлудың өзінің жеке мөрі болған»- деп Қазақстан тарихы бойынша ірі маман А.И.Левшин жазып өткен.Сондықтан ел ішінде қадірі артқан Бопай анаға халқы мәртебелі, парасатты «Бара бәйбіше» атағын сыйлаған. «Бара бәйбіше» ұғымының Батыс Қазқстанда бірнеше мазмұнды мағынасы бар.Негізінен- өз ақылымен, даналығымен елге қадірлі болған ел ішіндегі аса беделді аналарымызға айтылған.Сонымен қатар, Бопай сұлу есімі «Ардақты бәйбіше», «Ардақты ана» болып ел есінде мәңгі қалды.

Әбілқайыр әйелі Бопайдың кеңесін тыңдап, оның пікірін бағалаған.Әсіресе Еділ қалмақтары мен башқұрттармен қарым-қатынастың өршіген шағында Әбілқайырдың сол кездегі Ресейге жақындасуын қолдаған Бопай болатын.1731 жылы А.И.Тевкелев бастаған Анна Иоаннованың елшілігі келген кезде, бірінші болып өз мөрін басқан еді.Сонымен қатар өз үлгісі негізінде өзгелерді де осы шартқа көндіре алған.

Әбілқайыр өлгеннен кейін ұлы Нұралының хан болып сайлануы, Бопайдың Ресей империясымен дипломатиялық қарым-қатынасының негізінде іске асқан.

Бопай ақыл-кемеңгерлігімен қатар, таңқаларлық ерекше әдемі болған.Бұл туралы көптеген аңыз-әңгімелер ғана куәлік етпейді.1736 жылы Кіші жүз даласына ағылшын саяхатшысы және суретшісі Джон Кэстль келген.Кэстльдің суреттеріндегі оның бейнесіне қарай отырып, Бопайдың бес баласы бар, қырықтан асқан әйел екеніне сену қиын.Сонымен қатар, дала сұлуының соншалықты нәзік келбетінің арғы жағында асқан ақыл мен қатал мінездің болғанына сене алмайсыз.

ХVIII ғасырдың ортасында, яғни 1748 жылы Әбілқайыр өлгеннен соңғы дәуірдегі тарихи құжаттарда Бопайдың аты көп кездеседі.Оның Орынбор басшыларына және Петербургке жазған хаттары сақталған.

Бопай сұлу 1780 жылы 31 мамырда қайтыс болған.Алайда ел ақындары мен дана қарттары аузынан Бопай есімі түскен жоқ.Белгілі Адай ақыны Абыл жыраудың (1777-1864) Баймағамбет сұлтанға айтқандарының ішінде мынандай толғаулар бар:

Апамнан (Бопайдан) туған әкең Айшуақ хан,

Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан.

Дәлірген тажал сынды дәрежеңді,

Деп жүрсің Құдай қорып,Қыдыр баққан…

Әбілқайыр ханның Бопайдан басқа да әйелдері болған.Бопайдан кейін әр түрлі жағдайда екі әйел алған екен.Алайда, барлық құжаттарда Бопай сұлудың ғана аты аталады.Оның осынша құрметке ие болуы тек     Әбілқайыр ханның әйелі ғана емес, өзінің жеке басының ақылдылығы мен беделіне байланысты болды.

Әбілқайыр хан мен Бопай сұлудың алты перзенті дүниеге келді.Солардың бесеуі ұл,біреуі қыз бала болған.Ұл балалары Нұралы(1710/11-1790), Ералы (1720-1794), Қожахмет (1722-1749), Айшуақ (1723/24-1810), Әділ (1730-1750).Қыз баласы Зылиқа 1745 жылы дүниеге келген. Әбілқайыр балаларының ішінде Қожахмет пен Әділ жастай қайтыс болғыан. «Алып – анадан туады» демекші, Бопай сұлудың тәрбиесімен өніп-өскен үш ұлы да хан болып, еліне елеулі қызмет атқарған.Нұралы (1748-1786), Ералы (1791-1794), Айшуақ (1797-7-1805).Кіші жүз хандары болды.

Аңызға айналған Бопайдың тұлғасының даңқы қазақ еліне таралған. Бопайдың аты мақтаныш пен өнегенің рәмізіне айналған.Бопайдың мавзолейіне тәу ету мақсатында қадірлеп, қастерлеп халық рухына сыйынған. Ел ішінде қыздарға Бопай деп ат берушілер көбейген.Соның ішінде өз дәуірінің мақтанышына айналған Кенесарының қарындасы Бопай Қасымқызын да атап өтуге әбден болады.Бопай сынды ақылына көркі сай кемеңгер әйел-ана тұлғалары қазақ тарихында көнеден бері баршылық.Мұндай тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметтері мен тарихтағы орнын анықтап, тиісінше баға беріп, ұрпақтарға сабақтастық желісінде салиқалы дәстүрлерін жеткізу-бүгінгі күннің еншісінде.

                                                      Болат Көмеков,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Тарих факультетінің профессоры,

ҚР ҰҒА академигі

                                                                  Самат Өтениязов,

                                                                 Қазақ-Америка университетінің профессоры,

                                                       Тарих ғылымдарының кандидаты