ҚАЗАҚ ҚҰСТАРДАН НЕ ҮЙРЕНУ КЕРЕК?……

Мәшһүр бабамыз заманында әр құсқа мінездеме берген екен. Сол жазбасын әліміз келгенше әрі қарай тарқатып көрейік. Соның ішінде қазақ қанағатшылдықты жапалақтан үйренсе керек.
…Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады.Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу екеуден жарып, бала қылып ұшырады.
“Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын,, деп, өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір ақ мезгіл ұшады.
Алса, бір тышқан алады, алмаса, ала алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады, себебі қанағат қылғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек.
Кедей кедей емес, қанағатсыз кедей-деген сөз бар қазақта. Қарнымыз тойса да, көзіміз тоймайтын мінезбен күреспесек түбі қиын болары сөзсіз.
Заманында Пайғамбарымыздан с.ғ.с. ең бақытты адам кім дегенде:” Елеусіз, өзімен өзі, көзге көрінбей өмір сүрген адам деген екен. Бұл қасиетті қазақ байғыздан үйренсе керек.
Байғыз деген құс бар. Кәріптікті, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады. Қайда бұзылған ойрана жай болса, сонда жатады, су ішпейді, бидай, тары жемейді.
Аузына көлденең тістеген қылдан да жіңішке жалғыз шөп болады. Оны да жемейді, құр тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар. ,,Тұрымтай екеш тұрымтай да тайлы биенің етін жейді,, деген.
“Бір тауыққа һәм дән керек, һәм су керек,, деген. ,,Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның әуресімен болып, бейнетке қалсам керек,, деп, сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді.
Тақ Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер құл болғанда , ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша:– Не үшін маған келмейсің? – дегенде.
– Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін? деген.
Осы сөзімен құлдықтан халас болған. Адам мұны ойлап, пікір қылуы керек.
Ұшқан құсты торға түсіретін, жүйрік аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді.
Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. Ол жау не десеңіз, жұтқан тамақ. Жалғанда мазаққа, ақиретте азапқа түсіретін тамақ. Артық тамақтан тартынған бәрінен халас болады…
Бүгінгі адамдардың көпшілігі тәуелсіз өмір сүргісі келеді. Бірақ байғыз құстай еркін емес. Неге? Себебі олардың бірі атақтан, бірі мансаптан, бірі лауазымнан дәмелі. Өңешіңнен өтіп кеткесін сен өз ойлағаныңдай еркін өмір сүре алмайсың. Себебі сұрап алған дүниеңнің тәуелді пендесісің.
Шақырғанда неге келмейсің?-деп сұраған Сүлейменнің сұрағына:” Мына жалған дүниеден керек қылған нәрсем жоқ. Алдыңа не деп келейін-деп құлдықтан құтылған екен дейді байғыз құс. Байғыз бақытты. Себебі ол керек қылмай, тәрк етті. Ал біз болсақ, тәрк ете алмадық, керісінше керек қылдық.
“Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда”- деген сөздің астары осы болар мүмкін.
Сол айтпақшы біз қанағатшылдықты жапалақтан, еркін өмір сүруді байғыздан, өз үнін сақтауды бұлбұлдан, адалдықты аққудан, өрлікті сұңқардан, қырағылықты қыраннан, батырлықты бүркіттен үйренуіміз керек секілді бауырлар.
МАҚСАТ СҚАҚОВ.