ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ МЫҚТЫ БОЛҒАН

“Қазақ қызы анау, қазақ қызы мынау”, “қатын бастаған көш оңбайды”(еркек бастаған көш 30 жылда керемет оңып кеткендей) деген сынды сөзді көп айтатындар бар. Бірақ қазақ қыздары мен аналары талай тарихи миссияны орындап тастаған сияқты. Ұлт алдындағы.

Ұлтты өлтірмеген қазақ қыздары, аналар. Егер 1920-22, 1930-33, 1937-38, 1941-45-тегі қырғыннан шыққан соң, қазақ аналары ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінбегенде, халық саны айтарлықтай өспес еді. Сондықтан қазақ әйеліне бас ием. 1955-70 жылдар нағыз беби-бум болды. Жарты ғасыр қырылған халықты демографиялық дағдарыстан 15-20 жылда алып шықты. Қазақ әйелдері алып шықты түсінген адамға. 90-жылдардың тоқырауында біраз еркек сынып кетті. Бірақ аналар сынбады, ала дорба арқалап, 2000-ға дейін сүйреп, бейнет көріп тағы алып шықты. Бірақ оны көп еркек мойындағымыз келмейді. Қазақ әйелдеріне арналған бір мықты ескерткіш көрмедім (бар болса салыңыздар пікірге).

Мынау екінші дүниежүзілік соғыстағы әйелдерге арналған. Лондонда орналасқан. Мағынасы терең.

Ескерткішті айнала 17 түрлі костюм ілінген. Өрт сөндірушіден бастап егін егушіге дейінгі мамандықтардың арнайы формалары. Сол арқылы ескерткіш авторы соғыс кезінде еркекке тән ауыр жұмысты әйелдер атқарғанын көрсеткісі келген. Ал төменгі жағындағы «Екінші дүниежүзілік соғыстың әйелдері» атты жазуды арнайы тамақ алатын карточкалармен жазған. Қарапайым, бірақ терең мағынаға ие. Былайша айтқанда Ұлыбританияны ағылшын әйелдері аман алып қалды дегенді меңзейді. Бұлармен салыстырсақ қазақ әйелдері он есе қиын сан түрлі ұлт алдындағы миссияны алып шықты ғой.

Азат Қасанғалидің фейсбук парақшасынан