Қазақ қыздарының ұлттық тәрбиедегі рөлі
Қазақ халқы ежелден қыз баланы ерекше құрметтеген. Қыз – ұлттың ұяты, отбасының берекесі, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қыздары тек инабатты ана ғана емес, ел қорғаны, дана билеуші, шешен сөздің иесі де болған. Олар ұлттық құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарды.
Бүгінгі заманда да қазақ қыздарының ұлттық тәрбиедегі рөлі аса маңызды. Қыз бала тек ана ғана емес, ол – ұстаз, дәрігер, ғалым, кәсіпкер болып, елдің дамуына үлес қосады. Дегенмен, заман өзгерсе де, қазақ қызына тән ибалық, ар-намыс, ізгілік сияқты қасиеттер әрдайым өз құндылығын жоғалтпайды.
Қазақ қыздарының тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Сол себепті ұлттық дәстүрлер мен тәрбиені жаңғырту, оларды қазіргі қоғамға сай үйлестіру – әрбіріміздің міндетіміз. Қыз баланы тәрбиелеу – болашақ ананы, келешек ұрпақты тәрбиелеу екенін ұмытпауымыз керек.
Елін қорғау жолында жанын қиып, ерлігімен тарихта аты қалған қазақ қыздары.
1. Домалақ ана (Нұрила) – қазақтың ұлы аналарының бірі. Көрегендігі мен ақылдылығының арқасында елдің тыныштығын сақтауға үлкен үлес қосқан. Оның тәрбиесін көрген ұрпақтан Төле бидей даналар шықты.
2. Айша бибі – махаббат пен адалдықтың символына айналған ару. Оның есімі ғасырлар бойы қазақ мәдениетінде сақталып келеді.
3. Гаухар ана – Қаракерей Қабанбай батырдың жары, өзі де ерлігімен танылған батыр қыз. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қолына қару алып, ерлермен бірге соғысқан.
4. Бопай ханым – Әбілқайыр ханның жары, саясаткер, қайраткер. Ел басқару ісіне араласып, қазақ халқының болашағы үшін күрескен.
5. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова – Ұлы Отан соғысының батыр қыздары.
6. Тұмар (Томирис) ханым – сақ патшайымы, аса ақылды, батыл қолбасшы. Ол өз елін парсы патшасы Кирдің шапқыншылығынан қорғап, тарихта жеңілмейтін әйел билеуші ретінде қалды.
7. Айғаным ханым – Шоқан Уәлихановтың әжесі, көреген саясаткер. Ресей билігімен дипломатиялық байланыс орнатып, халықтың жағдайын жақсарту үшін көп еңбек сіңірген.
8. Айбике ару – Орта жүздің батыр қызы. Ер мінезділігімен танылған ол ерлермен қатар шайқасып, елін қорғаған.
9. Хиуаз Доспанова – Кеңес Одағының тұңғыш қазақ ұшқыш-штурманы. Ұлы Отан соғысында «Қара мыстан» атанған түнгі бомбалаушы ұшқыштар қатарында болып, жауға қарсы ерлікпен шайқасқан.
Ғылым мен мәдениетте, білім мен медицинада еңбегі сіңген қазақ қыздары
10. Нәзипа Құлжанова – қазақ қыздарының білім алуына үлес қосқан ағартушы, педагог, қоғам қайраткері.
11. Шара Жиенқұлова – қазақтың тұңғыш кәсіби балеринасы, ұлттық би өнерін дамытқан.
12. Дина Нұрпейісова – күйші, Құрманғазының шәкірті, қазақ музыка өнерінің дамуына үлес қосқан.
13. Күләш Байсейітова – қазақ опера өнерінің негізін қалаушы, КСРО халық әртісі.
Қазақ қыздары ұлттың ар-намысын сақтаушы, отбасының берекесін ұстаушы ғана емес, қажет болғанда елін қорғаған батыр да, шешен де бола білді. Бүгінгі таңда да қыз баланың тәрбиесі аса маңызды. Қыз – болашақ ана, отбасының ұйытқысы ғана емес, тұтас ұлттың болашағы.
Қазақ халқының «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөзі қыз тәрбиесіне ерекше мән берілгенін көрсетеді. Қыз баланы кішкентайынан инабаттылыққа, әдептілікке, мейірімділікке баулу – ұлттық тәрбиенің негізі. Бүгінгі қазақ қыздары да ата-баба жолын жалғап, білімді, қайратты, тәрбиелі болып өссе, ұлттың болашағы жарқын болмақ.
Қазақтың ару қыздары – елдің көркі, ұлттың айнасы!
Г.Бекжан
Теолог маман