Қазақ неге балық жемейді?
Еліміздегі балық шаруашылығы кәсіпорындары 2019 жылы 20 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бірақ бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 2,7%-ға аз. Ішкі нарықта өзіміздің өнімге қарағанда шетелден келетін балық түрлері мен өнімдері көп. Ол нені білдіреді? Елімізде балық саны азайды ма, әлде аулау көрсеткіші төмендеп кетті ме?
Қазақстан балық өсіруге қолайлы су көздері мен жасанды су айдындары көлемі жағынан алғанда ТМД-да Ресейден кейінгі орында. Қазақ даласында «балығы тайдай тулаған» Каспий теңізі, Алакөл мен Балқаш көлдері, Жайық пен Ертіс, Сырдария секілді балыққа бай табиғи су көздері жетерлік. Ресми статистикаға сүйенсек, өңірлер бойынша негізгі балық аулайтын аймақтарға – Атырау (13,1 мың тонна), ШҚО (8,2 мың тонна), Қызылорда (7,4 мың тонна), Алматы (6,6 мың тонна), Маңғыстау (2,3 мың тонна), Түркістан (2 мың тонна) облыстары жатады.
Әлем бойынша балықтың 20 мыңнан астам түрі бар делінеді, соның 300-ге жуығы кәсіби ауланатын балықтар. Жоғарыда балыққа керек су көзі жөнінен ТМД-да Ресейден кейін тұрмыз. Алайда балықтың саны жағынан көп кейін қалғанбыз. Мәселен, көрші елде балықтың 250-ге тарта түрі кәсіби ауланатын болса, біздегі бар балық түрінің өзі – 155-тей ғана. Оның 18 түрінің саны күрт азайып, Қызыл кітапқа енгізілген. Қазақстан аумағындағы 155 балық түрінің тек 52 түрі кәсіби ауланады, өзгесі сирек жәндік қатарында.
ЭКСПОРТ ПЕН ИМПОРТ ТЕҢ БЕ?
Азық-түлік тұтыну нормасы бойынша әр адам жылына 14 келі балық жеуі тиіс. Бұл есепке салсақ, ел тұрғындарын түгелдей теңіз жәндігімен қамту үшін 240 мың тоннадан артық балық өндіру қажет. Статистика комитетінің есебінде 2019 жылы қаңтар-желтоқсан аралығында отандық кәсіпорындар ішкі қажеттілік көлемінің жартысынан көбін толық жаппағаны (45,3%) жазылған. Импортқа тәуелдіміз. Атап айтқанда, елімізге көбінесе Ресей, Норвегия, Латвия, Вьетнам, Эстония, Қытай сияқты елдерден балық және балық өнімдері әкелінеді. Яғни, Қазақстан былтыр 30 мың тонна балық өнімдерін экспортқа жөнелтіп, 43 мың тоннаны сырттан сатып алды. Балық өнімдерінің түрлері (консервіленген, өңделген) мен уылдырық және оны алмастырушы өнімдер көлемі бойынша негізгі өндірушілер – Батыс Қазақстан (274 тонна), Түркістан (193 тонна) және Шығыс Қазақстан (51 тонна) облыстары. Бұл өңірлер жыл басында елдегі жалпы өндіріс көлемінің 77,3%-ын (518 тонна) берген.
Біздегі су көздерінде балық санының өспей отырғанына заңсыз аулаудан бөлек, экологиялық жағдай қатты әсер етуде. Әсіресе, балығы көп Балқаш көлінде, Жайық өзенінде және Каспий теңізінде жағдай ушығып тұр. Өндірістік қалдықтардың бейберекет төгілуі су жәндіктерінің қырылып қалуына әкелуде. Оны ауланған балықтың көрсеткішінен де байқауға болатындай. Мәселен, 2008 жылға дейін Балқаштан ауланған балық 7-11 мың тонна аралығында болса, одан бергі жылдары 5-7 мың тоннадан аспай келеді. Сондай-ақ 1970 жылдары Каспий теңізінен 100 мың тоннадан артық балық ауланады екен. Қазіргі көрсеткіш 40 мың тоннаның төңірегінде, оның көп бөлігін табан балығы (12 мың тоннадан астам) құрайды. Экологтердің айтуынша, соңғы 30 жыл ішінде Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтар 30 есе азайып кеткен.
Оған қоса, балықтың азаюына салада кәсіби мамандардың жетіспеуі, заңсыз балық аулау ісіне бақылаудың әлсіздігі және қаржыландырудың жеткіліксіздігі себеп. Ихтиология мамандығын таңдайтын студент аз. Өйткені жалақы төмен.
ҚАЗАҚ НЕГЕ БАЛЫҚ ЖЕМЕЙДІ?
Әдетте, етті көп жегенімізбен, балыққа келгенде «сараңдық» танытып қалатынымыз бар. Рас, базардағы балық етінің бағасы да бас айналдырады. Елордада ақсеркенің (семга) келісі 4 250 теңгеден басталса, бахтақ (форель) – 3 500-3 800 теңге, табан (лещ) – 1 200 теңге, тунец балығының еті – 6 000-8 000 теңге аралығында саудаланады. Уылдырықтың құны айтпаса да түсінікті. Сөредегі жасанды уылдырықтың 260 грамы 5 000 теңгенің айналасында.
Айта кетейік, бүгінгі күні балықты ең көп жейтін жапондар мен қытайлардың күнделікті ішіп-жемінің 14-16 пайызын балық өнімдері құраса, америкалықтарда 11-12 пайыз, ресейліктердің көрсеткіші 9 пайыздың көлемінде. Ал біздің халқымыздың жан басына шаққанда бұл 0,9 пайыздың төңірегінде ғана. Әрине, үйдегі тәбетті базардағы нарық шектейтін уақытта балық еті жайлы сөз қозғау орынсыз дерсіз. Дегенмен үбірлі-шүбірлі отыратын қазақы отбасы үйге қонақ келсе қайдан тапса да қазан көтеріп, ет асуды парыз санайды да, «балыққа бата жүрмей» қалатыны жасырын емес. Сірә, бұл тұрмыстық ахуалдан емес, балық етінің пайдасы жөніндегі ақпараттың аздығынан да болса керек. Өкінішке қарай, бізде балық шаруашылығын дәріптеу, осы салаға халықты үйрету жағы да кемшін. Көршіміз Ресейде екі бірдей телеарна балық шаруашылығының қыр-сырын насихаттап отырады. Қалай десек те, өзге жұртқа қарағанда балықты аз жейміз. Мамандар балық еті көз аурулары мен созылмалы ісік ауруының алдын алуға һәм сүйекті қатайтуда таптырмас ем екенін айтады. Айтқандай, базардағы балық бағасы жөнінен де өңірлерде айырмашылық әрқалай. Мәселен, өткен ақпан айында ең арзан скумбрия мен шпрот – Қызылордада, ең қымбаты – Талдықорғанда сатылған. Ал арзан сельдь Павлодар қаласында тіркелсе, елордалықтар үшін бағасы қымбатқа түсіп отыр.
БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР
Қазақстан балық шаруашылығын дамыту арқылы үлкен жетістікке қол жеткізе алады. Себебі балық өнімдері бізде ғана емес, әлемдік саудада да тапшы азық. Бір ғана мысал, іргедегі көршіміз Ресей жылына 1,2 млн тонна мөлшерінде балық импорттайды. Бұл тұрғыда, үлкен өзендердің басында отырған Қытай мемлекеті бүгінгі жағдайды шебер пайдаланып, Ресей импортының 40%-ын жеткізіп беруде. Саланы дамыта алсақ, көршінің сұранысын жақын жерден жеткізу бізге де тиімді болар еді. Ел Үкіметі болашақта отандық балық өндірісін 120 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік барын ескертіп отыр. Импортты төмендетіп, Қытай, Ресей және Еуропа елдеріне өнім сатуға жол ашылады. Одан бөлек, қазірдің өзінде республикамыздағы 1 600-ден аса балық шаруашылығы нысандарында 11 мың адам жұмыс істеп жатыр. Соңғы 7 жылда шабақ балықтарды жетілдіріп, өсіру ісі 9 есе (800 тоннадан 7 мың тоннаға дейін) артқан. Демек, саланың әлеуетін толық ашатын кез алда. Сондықтан еліміздің балық өндірісін қайта қолға алып, су көздерін түбегейлі мемлекеттік «сүзгіден» өткізудің кезегі келді.
– Біздің шаруашылық 2014 жылы құрылды. Үкімет инфрақұрылымды жасауға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы бюджеттен қайтарымсыз қаржы бөлді. Шабақтарды өсіріп, жетілдіріп, суға жібереміз. 2016 жылдың аяғына қарай нарыққа шыға бастадық. Қазір кәсіпорында 18 адам қызмет етеді. Шабақ өсіретін бассейн жабдығы Еуропадан, Ресейден әкелінген. Бірден айтайын, балық өсіру оңай шаруа емес. Себебі оның жемазығы негізінен шетелден әкелінеді. Рас, қазір Ақтөбеде және басқа жерлерде де бар. Олардан да сатып аламыз. Бірақ шетелдің өнімімен салыстырғанда технологиясы сәйкес келе бермейді, сапасы төмен. Яғни, шабақ балықтың жетіліп, жылдам өсуіне әсері аз. Сондықтан араластырып береміз. Үкімет тарапынан да көмек беріліп жатыр. Мәселен, балық жеміне кеткен қаржының 30% қайтарып беріледі. Былтыр 2 млн теңгедей қаражат алдық. Осылайша, соңғы жылдары түрлі жеңілдік алып отырмыз.
AIQYN.kz