ҚАЗАҚ НЕГЕ ҚАМШЫ ІЛГЕН?

Бұрын қазақтың әр үйінде бір-бір қамшы ілініп тұратын еді ғой, солай ма?

Иә, қолданып жүрген қамшыдан бөлек әр үйдің төрінде қабырғада не тұс киіздің тұсында мен мұндалап бір қамшы тұратын. Оның не үшін, неге ілініп тұратынын аса біле бермейтін едік. Сөйтсек, тал бесігін тәрбиемен өріп, шаңырағына шариғат сіңдірген бабаларымыз хадиске, қазақы тәрбиеге жүгінген екен ғой…

Олай дейтініміз, сахабалардың бірі Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Қамшыны отбасы мүшелерің көре алатындай жерге іліп қойыңдар, себебі оларды тәртіпке үйретуге мейлінше әсерлісі осы»
(Табарани 10/344-345)
Бұл хадисті түсіндірген Имам Ибн әл-‘Анбари: «Бұл жерде қамшыны ұру үшін қолдану тұспалданып тұрған жоқ, себебі Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешкімге бұны істеуді бұйырмаған. Бұл жердегі хадистің негізгі мәні – әрдайым отбасы мүшелерін тәртіпке үйретіп отыруда», — дейді. («Фәйдул-Қадир» 4/325)

Иә, шынында да, қамшы сол үйге келген қонаққа да, сол үйдің баласына да, ошақ басындағы әйелге де бұл үйдің бос үй емес, иесі, қожайыны бар шаңырақ екенін ескертіп тұрады. Қамшы әкенің мысын, ер адамның сесін көрсетеді.
Ендеше, сүннеттен аттамаған дана бабаларымыздың ұстанымына берік болайық дегіміз келеді.

Ерсұлтан Әбді фб.