Қазақ өнерінің Түркияға көмегі: Суретші Ерболат Төлепбай зілзаладан зардап шеккендерге 10 миллион теңге аударды
Түркия мен Сириядағы табиғат апаты бүкіл әлемді дүр сілкіндіргені белгілі. Қазіргі таңда аталған екі елде болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 40 мың адамнан асып кетті. Қайғылы жағдайға байланысты шартараптың түкпір-түкпірінен қол ұшын созып жатқандар жетерлік. Солардың бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші Ерболат Төлепбай.
Таяуда қылқалам шебері өнерсүйер қауымға сауын айтып, «Қазақ өнерінің Түркияға көмегі» акциясына қатысуға үндеу жариялаған болатын. Бұған үн қосқандар табылды. Сөйтіп, суретшінің «Ұмай ана» картинасы 10 миллион теңгеге сатылып, бүкіл қаражат Түркия елшілігі ашқан арнайы қорға аударылды. Осы мәселенің анық-қанығын білмек үшін Ерболат Төлепбай мырзаның өзіне хабарласқан едік. «Жарияланған үндеуден кейін аукцион мәселесімен айналыстым. Әрине, жедел арада үлкен көлемде мұндай іс-шара ұйымдастыру көп уақытты қажет етеді. Себебі бұл оңай жұмыс емес.
Өйткені онымен айналысатын арнайы компаниялар бар, олардың кестесіне сай келу, ұстанған саясатымен үндес шығу, адам жинау, жарнама жасау секілді мәселелер туындады.
Сондықтан жақын туыстарыма, жора-жолдастарыма сауын айтып, үндеу тастадым. Туысқандық, ағайындық, жолдастық көңілімізді білдірдік. Үлкен аукционды күткенше біршама уақыт өтіп кетеді. Ал қазіргідей қиын кезеңде Түркия тарапы қыруар қаражатқа мұқтаж. Жағдай қиын. Сол себепті жедел аукцион ұйымдастырдым. Оған негізінен Қанат Төлеметов бастаған бес жігіт атсалысты. Рүстем Қараев, Ержан Омаров, Виталий Ким, Азамат Сырғабаев секілді атымтай жомарттар бұл ұсынысты қостады», дейді Е.Төлепбай.
Суретшінің бұл қадамы түсінікті. Өйткені Түркиядағы апаттан халықты құтқару – уақыт күтпейтін мәселе. Құтқарушылар қазір күн санап емес, сағат санап адам өмірі үшін күресіп жатыр. Осындай күрделі кезеңде Анадолыдағы ағайынға берілген әрбір тиын маңызды. Осылайша, жедел өткізілген аукционға қылқалам шеберінің «Ұмай ана» картинасы қойылыпты.
«Бұл өте сапалы салынған біртуар шығармамның бірі еді. Атымтай жомарт бес жігіт қосылып, аукцион кезінде картинаны 10 миллион теңгеге бағалады. Оның қорытындысы шыққаннан кейін қаражатты кімге тапсыру керек деген мәселе туындады. Сөйтіп, Түркияның Алматыдағы бас консулдығына хабарластық. Түрік бауырларымыз бізді арнайы қабылдады. Негізі сатылған картина біреу ғана. Оны бес жігіт бөліп алуы керек. Олар ақылдаса келе шығарманы да Түркия тарапына сыйлық ретінде тапсыруға шешім қабылдады. Сөйтіп, кездесу барысында 10 миллион теңгені Түркиядағы апаттан зардап шеккен бауырларымызға көмек ретінде аудардық. «Ұмай ана» картинасын да табыстадық.
Бас консулмен кездесу кезінде Анадолыдағы ағайынға көңілімізді білдірдік. Өнер адамдары, суретшілер мұндай қиын кезеңде шетте қала алмайды. Әрдайым бауырлас екенімізді білдіреміз. Қолымыздан келген көмегімізді көрсететінімізді жеткіздік. Консулдықтағы жігіттер бұл қадамымызды жылы қабылдады. Көңілі босап, алғысын айтты», дейді Е.Төлепбай.
«Ұмай ана» картинасында көнеден келе жатқан аналарымыз бейнеленген. Қолында жас сәбиді көтеріп тұр. Қылқалам шеберінің айтуынша, бұл шығарманы сыйлаудың рәміздік мәні бар. Қазақтар да, түріктер де ерте заманда бір анадан пайда болған. Сондықтан бала ұстап тұрған Ұмай ананың картинасын жаңарған Түркияның рәмізіне айналсын деген тілекпен тапсырған көрінеді.
Егемен Қазақстан