ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ӘУЕЗДІ ӘБДРАХМАНЫ
Бүгін осы тақырыпта Шоқан Уалиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Әбдрахман Асылбековтың 85 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кеш барысында жергілікті белгілі ақын-жазушылар, зиялы қаум, көзін көрген ел ағалары жүректі жылытар естеліктер айтып, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері ақынның сөзіне жазылған әндерін орындады. Жалпы, Әбдрахман Асылбеков 500-ге тарта әнге сөз жазған ақын. Ол әндердің дені – ғашықтар ұраны, отаншыл азаматтардың жүрегінде жатталған, балаларды әлемді тануға үгіттеген, ізетті өнегені кең насихаттаған әуезді әндерге айналып, еліміздің танымал әншілері орындап жүр.
Шарада ақынның 10 томдық және жақында ғана баспадан жарық көрген Крылов шығармаларының аудармасының тұсаукесері өтті. Бұл кітаптың тұсауын кескен белгілі жазушылар — Елен Әлімжан мен Қайырбек Асанов ақынның көзін көрген жандар. Шындығын айтқанда ақынның бұл кітаптарының жарық көруіне демеуші болған отбасы, балалары. Ал, кештің құрметті қонағы ақынның жары Фатима Ахымбекқызы 54 жыл бірге ғұмыр кешкен Әбдрахман Жүнісбекұлының азаматтық болмасы жайлы сөз қозғады.
P/S. Осы күні таңертең ақынның жары Фатима Ахымбекқызы облыстық «Jambyl» теларнасының таңғы «Рауан» бағдарламасында сұхбат берді. Ал, ертең 19 қазанда «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында» «Әбдрахман Асылбеков 85 жаста. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі» тақырыбында ақын шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандарымен кездесу өтеді.