«Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының назарына!

ӘН ДЕ – ҰЛТ ТАҒДЫРЫ

Кейінгі кезде «Қазақ радиосынан» немесе «Шалқардан» «Біздің ағай тамаша» әнін түрлі әншілердің орындауында жиі берілетінін байқап жүрмін. Бұл ән біздің жас кезімізде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында шыққан болатын. Ол кезде «әйел құқығы» дүрілдеп тұрған кез. Әзіл-әжуасы бар (сөзі Оспанхан ағаныкі), әуені әдемі (Н.Тілендиев) ән жұрт арасына тез тарады. Өзі сол заманның, сол уақыттың талабымен жазылған шығарма болатын. Еркектердің әйелдеріне қолғабыс жасауы, көмектесуі өзекті болған тұс шығар. Оны үлкен де айтты, кіші де айтты:
Жеңгей кетсе қыдырып
Кеш келеді күн жүріп
Ағай үйде отырады
Шылпылдатып кір жуып
Біздің ағай, біздің ағай біздің ағай тамаша!

Осы сияқты әндердің тәрбиесі мен ықпалы болар, бүгінгі гендерлік саясат тұсында бірқатар еркектер шын мәнінде «шылпылдатып кір жуып», «кеспе кесіп, нан илеп», «құрт қайнатып, май шайқап» кетті. Арада отыз-қырық жыл өткен соң радиодан берілетін осы ән қазір құлағыма түрпідей тиетін болып жүр. Әнге ешқандай «претензиям» жоқ. Бірақ бүгінде қазақ қоғамы «шылпылдатып кір жуатын» еркекке емес, бала-шаға асырайтын, қоғамның жүгін көтеретін, ұлттың намысын қорғайтын азаматтарға мұқтаж. «Шылпылдатып кір жуатын» жігіттер өкінішке қарай алимент төлеуге де қауқарсыз.

Әннің өзі де – саясат, сөзі де саясат. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Германияда үкімет басына келген Гитлер радиодан әскери әндерді тұрақты бергізудің арқасында екі жылдың ішінде бүкіл неміс халқы қолдаған фашистік режим құрғаны есте. Әннің сөзі ми астарында (подсознание) қалады. Ал бізде бүкіл қоғам болып еркек тәрбиелейтін, азамат қалыптастыратын тұста «Қазақ радиосы» мен «Шалқардан» қазақ азаматтарының «ориентациясын» «кір жууға» бағыттайтын әндер берудің қажеті жоқ деп есептеймін.

Менің пікірім кейбіреулерге ұнамауы да мүмкін. Бірақ ұлт тағдырына қатысты ұсақ-түйек болмайды деп есептеймін!
Марат Токашбаевтың фейзбук парақшасынан