Қазақ сарбаздары да қару ұстап шетелде тұр

Ливанның оңтүстігіндегі қауіпті аймақты бақылауда ұстап тұрған БҰҰ-ның бітімгершілік күштерінің құрамында қазақ әскерлері де қару ұстап қатарда жүр. Таратылған деректерде Қазақстаннан кейінгі барған жауынгерлер Үндістан батальонының құрамында міндет атқарып жатыр екен. Қазақстан жаһандық бітімгершілік бастамалардың белсенді қатысушы болғандықтан, қақтығыс аймағына жауынгерлер мен қажетті қызметкерлерін тоқтаусыз жіберіп келеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері (ағылшын тіліндегі қысқартылған атауы – UNIFIL) 1970 жылдардан бері қарай Ливан мен Израиль арасындағы «Көгілдір сызық» бойында қауіпсіздік қызметін қамтамасыз етіп келеді. Бұл аса жауапты жұмысқа БҰҰ-ның Бітімгершілік күштеріне қатысатын 50-ден астам мемлекет әскер жіберіп отырады. 2024 жылы күзде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі өз мандатын тағы бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұған себеп Хезболла мен Израиль қорғаныс күштері арасындағы қақтығыс тоқтамай тұрғандығы еді.

UNIFIL 1978 жылы наурызда Израильдің Ливанға басып кіруінен кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен құрылды, бастапқыда Израиль әскерлерінің Ливаннан шығарылғанын растау, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіру және Ливан үкіметіне аймақтағы өзінің тиімді билігін қалпына келтіруге көмектесуді мақсат етті.

2000 жылы Израиль Ливаннан әскерлерін шығарды. Екі жақ ресми шекараны белгілей алмағандықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымы Ливандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Уақытша күштері бақылауда ұстайтын, «Көгілдір сызық» деп аталатын 120 шақырымдық аралықты белгіледі.

Қазіргі уақытта UNIFIL-де 11 000-ға жуық қызметкер бар, оның ішінде 10 000-ға жуық әскери қызметкер, 550-ге жуық жергілікті азаматтық және 250 халықаралық азаматтық персонал. Ұйымға мүше 50-ге жуық ел бітімгершілік миссиясына жеке құраммен қолдау көрсетеді. Бұлардың арасында Индонезия 1200-ден астам әскері бар ең көп үлес қосқан ел болып табылады.

2024 жылдың 6 қазанында UNIFIL Ливандағы Израиль қорғаныс күштерінің әрекеттеріне, әсіресе Ливанның батыс секторындағы UNIFIL бақылайтын өңірге тым жақын жерде жиі атыс болып жатқанына алаңдаушылық білдірген еді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик Израиль армиясының әуе шабуылдары мен жердегі шабуылдары «Көкілдір сызық» бойындағы бірнеше аумақты нысанаға алғанын, ал «Хезболла» бір уақытта құрлықтағы шабуылдарға қарсы тұру және Израильдің солтүстігіне соққы беру әрекеті үшін ондаған шабуылдар жасағанын атап өтті.

UNIFIL бітімгершілік күштері миссияның байланыс механизмі арқылы Ливан-Израиль жағдайындағы байқаусызда шиеленісу мен түсінбеушіліктерді болдырмауға көмектесуде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіздіктің қазіргі қиын жағдайына және барған сайын күрделене түскен патрульдік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету міндеттеріне қарамастан, бітімгершілік күштері өз орындарында қалып, өздеріне жүктелген міндеттерді орындауды жалғастыруда. Сонымен қатар, UNIFIL гуманитарлық ұйымдарға жергілікті тұрғындарға көмектеседі және Ливан үкіметі бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмаған жағдайда қорғауды қамтамасыз етеді. Бітімгерлер сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым сияқты жобалар арқылы жергілікті қауымдастықтың дамуына қолдау көрсетеді.

2024 жылы қыркүйектегі жағдай бойынша UNIFIL құрамында 50 әскер жіберетін елден 10 058 бітімгершілік күштері бар. Сондай-ақ 800-ге жуық азаматтық қызметкер бар.

PS: Ливандағы тұрақсыздық пен Израильдің әскери операциялары халықаралық күрделі жағдайды қалыптастырып отыр. Кейбір сарапшылар БҰҰ-ның беделі барынша әлсіреп, әскери қуатты мемлекеттер жан-жағына көз аларта бастаған қазіргі жағдайда Израиль әскерлерінің «қаңғырған оғы» бітімгершілік міндетті орындап тұрған әскерлерге де тиіп кетуі ғажап емес деген үрейлі болжамдар айтып отыр. Алайда, 50-ден астам елдің арнайы жіберіп отырған әскерлері тұрған аймаққа шабуыл жасауға ешкімнің батылы бара қоймас деген ойдамыз. Айтпақшы, соңғы жаңалықтарға қарағанда, жергілікті уақыт бойынша 17 наурызда Ливан қорғаныс министрі Сирия қорғаныс департаментінің басшысымен сөйлесіп, Ливан-Сирия шекарасындағы жағдайдың соңғы оқиғаларын талқылады. Екі жақ атысты тоқтату туралы келісімге келді және Ливан мен Сирияның барлау мекемелері екі ел шекарасындағы жағдайдың нашарлауына және жазықсыз бейбіт тұрғындардың өліміне жол бермеуге келісіпті.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ