Қазақ тарихи киноларға шөліркеп тұр

Елбасы Н.Назарбаев: «Біз, қазақ халқы, тарихымызды, мысалы, менің замандастарым мен кейін келе жатқан інілер нағыз қазақтың тарихын білмей өстік. Қазақстанның тарихы Ресейдің тарихымен бірге немесе Қазан революциясынан басталатын. Оның ішінде қазақтың тарихы деген пән мектепте де, еш жерде де оқытылған жоқ. Бірақ біз қазақ аспаннан салбырап түскеніміз жоқ қой, біздің ата-бабаларымыз бар (…) сол үшін қан төккен, тер төккен (…) Менің ойымша, біздің жас ұрпаққа Қазақстанның тарихы қандай екенін, тереңнен келе жатқанын білдіруіміз керек».

КИНОИНДУСТРИЯСЫ ДАМЫҒАН ЕЛДЕР РУХАНИ ЭКСПАНСИЯ ЖҮРГІЗУДЕ

Иә, бізге ғасырлар қойнауының түбінде жатқан тарихымызды түгендейтін кез келді. Ал сол тарихты жаңғыртудың ең мықты құралы — руханият. Соның ішінде кино өнерінің ықпалы күшті дер едік. Өйткені бүгінгі күні баршаның назары «көк жәшікте». Киноиндустриясы дамыған алып елдердің әлемге үлкен идеологиялық ықпал, рухани экспансия жүргізуде «жетістіктерге» жетіп отыруларының себебі сонда. Бұл жерде біз батыстан келіп жатқан, қазір бізге де жат емес азғындық, зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық сияқты сорақылықтарды айтып отырмыз.

Көршіміз Ресейді алайық, олардың «Адмирал» фильмін барша жұрт тамсанып көрді. Оны мойындау керек. Картинадағы басты кейіпкер — адмирал Александр Колчак орыстар үшін халық қаһарманы шығар, алайда шын бейнесі — қазақ зиялылары мен бейбіт халқын қынадай қырған қолбасшы екені мәлім. Айта кетейік, Ресей басқа-басқа, тарихи киноларынан қаржы аямайды және де олардың осы жанрдағы туындылары негізінен көп сериялы. Бұл да бір саясат деп білеміз. Кезінде Талғат Теменов бір басылымға сұхбат бергенде «…сериалға бөлінетін ақша кейде күлкі шақырады. Бізде бір серияға 35 мыңдай ғана доллар бөлінеді. Ал Ресейде бір серияға қарастырылған қаражат 400 000 доллар», — деген еді. Айтпақшы, «Адмирал» телехикаясы түсіріліміне 20 мл. АҚШ доллары жұмсалды. Оның артын ала «Григорий Р.» (Ресей императоры Николая II-нің отбасының жақын досы болған Г.Распутин жайлы), «Екатерина» және «Великая» фильмдері жарық көрді. Шындыққа негізделіп шығарылған бұл сериалдар әлемнің бірнеше елдерінде көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды. Ресейдің осы сынды дүниелері айта берсе өте көп. Олар өз тарихын осылай дәріптеп жатыр. Былайша айтқанда, өз идеологиясын, өз мүддесін енгізуді көздеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Бұл да қалыпты құбылыс, оған ешкімнің қарсылығы болмауы да хақ. Көрерменнің ой-санасына әсер етіп, оларды өз мақсаттарына бұруды көздеп отырғандар тек олар емес.

Енді өзіміздің түркі тілдес бауырларымыз түріктерді алайық. Ұлы Осман мемлекеті жайлы тарихи телехикаясының тұсаукесері 2011 жылы болған. Фильм бірнеше жылдың ішінде талайлардың жүрегін жаулап алды. Тіпті, сериалдың дискілерін сатып алып, екінші қайтара көргендерді де білеміз. Сапасы жоғары дүниелердің көрерменді өзіне баурап алуы, әлбетте, заңды. Мойындау керек, көпшілікті қызықтырған тарих емес, фильмдегі шым-шытырық, махаббат пен тақ үшін күрестің ақыры. Кино Осман мемлекетінің 10шы, ең ұлы сұлтаны I Сүлеймен жайлы сыр шертеді. Осылай түріктер де өз тарихының бір парағы арқылы ғана әлемнің назарын өзіне бір аудартты. 139 серия 50-ге жуық елде көрсетілді.

«Жаужүрек Ертұғрыл» да жылдың ең үздік бес телесериялының бірі атанды. XI-XII ғасырдағы ірілі-ұсақ мемлекеттердің, биліктегі әулеттердің жүргізген саясаты, Ислам тарихында орасан зор орны бар Осман империясының жер үшін, дін үшін шайқастары суреттелген картинаның басты мақсаты — Ұлы дала төсінен Анадолыға көшіп, қоныс тепкен «Қайы» тайпасынан шыққан, аты мәшһүр Сүлеймен сұлтанның арғы атасы Ертұғрылды әлемге паш ету. Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың өмірі, оның Қытай жерін жаулап алуы, жаңа империяның негізін қалауы баяндалатын туынды да бірнеше миллиардтарға түсірілген ірі жоба. Қытай елі шығарған бұл кино да жарты әлемге таратылып, жоғары бағаға ие болды. Құбылайдың бала күнінен басталып, көшпелілердің жауынгерлік рухын насихаттайтын телехикая тарихтан еш алшақтамайды. Айта берсе, мұндай шетелдік дүниелер жетіп жатыр.

ӘТТЕҢ!..

Ал қоғамда өте үлкен пікірталас тудырған біздің тарихи туындымыздың бірі — «Көшпенділер». Сыншылар таразысына түскен бұл фильмнің мақтауынан даттауы зілділеу болып шықты. Кино өзін асыға күткен көпшіліктің де танымы мен талғамын қанағаттандырған жоқ. Фильмнің аты басқа да, заты басқа. Көрермен 63bdcfc3e31e03b40a5de1b92850dc94жүрегінен өтіп, тарихи кезеңге түсіре алмады. Өзіндік идеясы мен қолтаңбасы да байқалмады, яғни таза қазақы иісінен гөрі голливудтық стиль басымырақ. Фильм — Қазақстанның қомақты қаржысы жұмсалған алғашқы жоба. Алайда 40 миллион доллар шамасында қаржы кетсе де, оның тарихи драма ретінде болашақта сұранысқа ие болу-болмауы екіталай. Өйткені идеялық қуаты, идеологиялық мазмұны тым әлсіз дер едік. Мұстафа Шоқай жайлы фильм де өз аудиториясын тәнті ете алмады. Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткерді кинодан көре алмадық. Бұл жерде мәселе актердің шеберлігінде емес. Фильмнің көлемінде. Мұстафа Шоқайдың бүкіл болмысын ашуға, әлбетте, екі сағат тым аз. Айта кетейік, Мұстафа Шоқайдың әйелін ойнаған Карина Абдулина — талантты әнші. Оған дауымыз жоқ. Алайда Горинаның ролін сомдаған Абдулина образды толық аша алмаған сияқты, қысқасы, ләззат алмадық. Есесіне кейін жарық көрген «Жаужүрек мың бала», «Алмас қылыш» фильмдерін көріп, «көштің жүре түзелетініне» көз жеткіздік. Дей тұрғанмен, жоғарыда айтқанымыздай, бір сериямен шектеліп қалмай, қысқа қайырмай, оқиғаны шиеленістіре түскенде тіптен жақсы болар ма еді?..

ӘДЕБИЕТ ПЕН КИНОНЫ ЖАҚЫНДАСТЫРУ КЕРЕК

1453785314_film-kunanbay
Д.Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі

Тарихи киноларды түсіргенде режиссерлер ұлттық әдебиетке жүгінулері тиіс. Өйткені ұлттық таным ұлттық әдебиет арқылы сіңеді. Өкінішке орай, дәл осы жағы отандық кино саласында ақсап жатады, яғни әдебиет пен киноның арасы алшақ. Сол себепті кімде-кім мәдени мұрамызды толықтыруға үлес қосып, артында із қалдырғысы келсе, әдебиетпен біте қайнасып жатуы тиіс деп ойлаймыз. Жалпы, бізде идеологиялық бағыттағы кинолар саусақпен санарлық. Егер отандық киноиндустрияны дамытамыз десек, мықтап қолға алсақ, сұранып тұрған дүние ұшан-теңіз. Ежелгі сақ тайпасының массагеттер одағының патшайымы болған Тұмар жайлы кино шығарса, сөз жоқ, кім болса да ұтады. (Айтпақшы, режиссер Ақан Сатаев Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп Тұмар (Томирис) туралы фильм түсіруді жоспарлап отырғандығын айтып қалған болатын). Қазақ тарихында экрандауға лайық қара қылды қақ жарып, әділін айтқан билеріміз, текті хандарымыз, сайыпқыран батырларымыз да қаншама?! Ал солар жайлы балалардан сұрап көріңізші, көбісі бейхабар. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, ашаршылық жылдары, қуғын-сүргін зұлматтары да жыр қылсақ, тауысып бітпейміз. Одан кейінгі кезеңдерде де еліне адал қызмет еткен тұлғалар бізде жетіп артылады. Солардың барлығы халқының жарқын болашағы үшін күрескендер. Оларды қалай иіп, қай заманның иіне салып көрсетемін десең де әбден лайық.

ТАРИХИ СЕРИАЛДАР ШЫҒАРУҒА ҮКІМЕТ ТЕ МҮДДЕЛІ БОЛУЫ ТИІС

Бізде бұрын кино өнері талайлардікінен кем емес еді. «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Көксерек», «Өтелмеген парыз» және т.б. көптеген фильмдер әлі күнге дейін ел жадында. Алайда біраз жыл үзілістен кейін бойына қайта қан жүгіре бастады, иә. Әлбетте, оған қуанамыз. Дей тұрғанмен, сапасы жақсартуды талап ететін кинолар өте көп. Тіпті сапалы болғанның өзінде де жұрттың іздейтіні тарихи кинолар ма деп ойлаймыз. Жеңіл ойлы, арзан күлкіге құрылған кинолардан көрермен жалықты. Оны өткір пікірталасқа ұшыраған тарихи драмалар көрсетілімінен кейін байқау қиын емес. Айтайық дегеніміз, қазақ өткенінен белгі беретін дүниелерге шөліркеп жүр. Қазақтың жаны, иісі бар киноларды аңсап отыр о л а р . Оны режиссерлер де сезген сияқты. Тарихи кино түсіруге бет бұрғандар санының көбейіп келе жатқандығы — соның айғағы. Сондықтан да құзырлы министрлік осы жағын ескеріп, әсіресе өткен өмірімізді тірілтуге ниеттенген режиссерлерге жан-жақты қолдау көрсетсе дейміз. Оның өзінде де көрерменге бір емес, жалғасып жататын сериалдар ұсынған дұрыс. Әйтпесе, мәселен, ғұмыры бірнеше жылға созылған тұлға жайлы бір серияда не көрсетуге болады? Үзік-үзік дерекнама іспетті болады да қалады. Ал басты мақсат ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, патриоттық рухын арттырып, ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қадірлеп, қастерлеуге баулу болуы керек. Жуырда «Қазақ хандығы» сериалы көрерменге жол тартты. Естеріңізге сала кетейік, «Қазақ хандығы» тарихи кинодастаны Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығына арнайы түсірілген. Кинодастан қоғамның рухын оятып жатса, қуанамыз, әрине. Дәл қазір қандай да бір пікір айтуға ертерек. Бір білетініміз, 10 бөлімді телесериал дайындап шыққан шығармашылық топ енді «Қазақ хандығының» екінші маусымын бастауды жоспарлап отыр.

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымының докторы, профессор:

— «Отан» деген ұғымды өз деңгейінде ұғына алмау — ұлтқа төнген қауіп. Бүгінгі оқырман мен көрерменнің патриоттық сезімін күшейтіп, ұлтжандылығын арттыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қараған абзал. Бұл тұрғыда қазақ халқының тарихи-саяси кезеңін жандандыратын шынайы көркем туындылардың рөлі айрықша. Өкінішке қарай, кейде біз бұл мәселені ұраншылдыққа ұрындырып, жасандылыққа бой алдырып, қадірін төмендетіп алып жатамыз. Ұлттық намыс, елдің бірлігі жайында айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ іске келгенде бүгежектеп қаламыз. Қысқасы, шетелдік сериалдарды шектеп, өзіміздің ұлттығымызды танытатын кинолар көптеп көрсетілсе деп тілеймін. Рас, бүгінгі күні алғашқы қадам жасалып жатыр. Болашақта үлкен іске айналуы да мүмкін. Ол үшін бізге кәсіби деңгейі жоғары режиссерлер мен сценаристер керек. Ал бүгін олар тапшы. Тарихтан сауаты жоқ адам қалай тарихи кино түсіреді, соған таңым бар. Қазір сондай мамандар қаптап кеткен. Сонысына қарамай, өресі жетпейтін тірлікпен айналыспақ болады. Көп режиссердің тарихи ұстанымы қалыптаспаған. Лев Толстой «Война и мирді» жазғанда кітапханада жылдап отырған. Бір режиссерді айтыңызшы, тарихты тереңінен зерттеген. Біз тарихы бай халықпыз. Егер шығармашылық топ мықты болса, ондай өнімдерімізбен бүкіл әлем мойындар еді бізді. Реті келіп отырғанда айта кетейін, биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығы. Бұл — Қазақстан үшін маңызды тарихи оқиға. Алайда осы тақырыпта бір дұрыс туында жоқ. Бұл — біздің елдігімізге сын. Мұстафа Шоқай жайлы кино «бір қайнамы ішінде қалған» дүние.

Ләззат Билан