Қазақ тарихындағы әйелдер
Гаухар ана. Қазақ тарихындағы әйелдер.
Тарихи деректер бойынша, Гаухар ана – Қожа Ахмет Иассауидің қызы. Гаухар – ана бейіті тарихи архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі, қазіргі Түркістан ауданы М. Әбенова ұжымы жерінде орналасқан, ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабыр орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қабыр жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды.
Кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400 — 500 метр қашықтықта орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 174 метр. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи — мәдени қорық мұражайы қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған. «2011 жылдың мамыр айында «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының Археология бөлімінің қызметкерлері қазба жұмыстарын жүргізіп, бірқатар мәліметтер жинақталды. Гауһар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ. Дегенмен Ахмет Иассауидің 1101 — 1103 жылдары туылғанын, жиырма жасында үйленгенін есептей отырып, Гаухар ана шамамен 1122 — 1124 жылдары туылған деген болжам жасалған. 1167 жылы Гауһар ана 43 жаста болса, бұған тағы 20 — 30 жылды қоссақ, шамамен 1187 — 97 жылдары дүниеден озған деп жорамалдауға болады. «Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар бас сақтаушы, кейіннен мұражай директоры болған О. Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша Гауһар аа қайтыс боларында «Мені інім Ибархим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» — деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибрахимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Гауһар ананың сағанасы жөнінде О. Дастанов ақсақал біраз ауызша берген дерегінде: «Біздің үйіміз Гауһар анаға жақын маңда болатын. Менің 5 — 6 жасар кезімде шешем жетектеп ертіп барып Гауһар анаға құран оқып, зиарат ететіні жақсы есімде қалыпты. Гауһар ананың басында күйген кірпіштен қаланған кесені бар болатын, келбеті қазіргі Рабия Сұлтан Бегім кесенесіне ұқсас, бірақ кішігірім ғана еді. Күмбезі де көгілдір қышпен қапталған, бірақ жартысы құлап қалған, кесененің өзі төрт бұрышты болып келген өте ескі еді». Қазіргі таңда Гауһар ана сағанасы мен зиарат үй көлемі 15х12 см топырақ тұғырдың үстіне орналасқан. Төртқұлақ сағананың сыртын айналдыра ені 0, 7 м бетон жол құйылған. Құлпытастың ұзындығы 3, 5 м, ені 1, 5 м, биіктігі 1, 6 м, күйген кірпіштен қаланып, сырты сыбалып, әктелген. Шырақшының бөлмесі көлемі 3, 7х3, 2 м, зиаратшылар бөлмесі 5, 4х3, 1м. «Әзірет Сұлтан» қорық — мұражайының құрамына діни — рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған. 2014 — 2015 жж. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының бастамасымен Гауһар анамыздың басына кесене тұрғызылады. Кесене өлшемдері биіктігі – 9 метр, төрт жағының өлшемдері – 6 метр, порталды, бір жаппалы құрылыс. Жалпы қорғау аймағы 8 га аумақта орналасқан.
bilimdiler.kz